Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асыру, түсіндіру бойынша ақсақалдармен кездесу өтті. Іс-шараны «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.
Саясаттанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков Жолдаудағы басым бағыттарды, мемлекеттік басқару саласы, жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістерді атап берді.
Сәкен Аралбайұлы ендігі ретте қайта өңдеу өндірісі, адами капиталды дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеуге назар аудару қажеттігін айтып, өз ойларымен бөлісті.
– Қазір нарық заманы. Әр адам өзін дамытып, бәсекеге қабілетті болса ғана, жетістікке жетеді. Бүгінде кәсіппен айналысуға, саналы ұрпақ тәрбиелеуде барлық мүмкіндік бар. Президент Жолдауының өн бойы экономикалық мәселелерге арналған. Халықтың әл-ауқатын көтеру, барынша халыққа жағдай жасау көзделіп отыр. Ұлт қуатты болса, ұлт сапасын жақсарта алсақ, қоғам орнықты дамиды, – деді С.Мәжінбеков.
Ел бірлігі – ең басты құндылық. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт болып ұйысудың өзектілігі арта түсті. Сайрам тұрғын алабының төбе билері, тұрғындары Жолдауды жүзеге асыруда бірлесе ұйымшылдық танытуға шақырды.
Айта кетсек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универститетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы маңызды мәселелерді іске асыру бойынша «Білімді ұлт-орнықты дамудың кепілі» тақырыбында өткен кездесуде Сәкен Мәжінбеков сөз сөйлеп жастарды ізденімпаз болуға шақырған болатын.
–«Білімдінің күні жарық» деген қанатты сөзді бүгінгі жастардың санасына құйып тәрбиелеу өзекті мәселе. Білімді жастың болашағы жарқын. Жастармен бас қосуымыздың басты себебі де – осы. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқаратыны тайға таңба басқандай етіп айтылды. Яғни білім беру дегеніміз балабақшадан бастап жалпы, орта, жоғары білім беру ісін жан жақты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Президент осы саланы реттеу, жүйелеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар да берді. Білімді ұрпақ еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізеді,- деді ол.
Тоқтар Жақаш