Жолдау жүктеген міндеттер қалай жүзеге асып жатыр?

19 тамыз, 17:35

2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.  Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты былтырғы Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берген еді. 

«Көлік-логистика саласын дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуі тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдаудан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 5 министрлік жаңадан құрылды. Олар Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Сөйтіп, министрліктер саны 21-ге жетті.

Жолдау барысында Президент елдегі автокөлік жолдарының сапасын сынға алған еді.

«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жол инфрақұрылымы  рекордтық көрсеткіште жаңғыртылады. Дәлірек айтсақ, 12 мың шақырым жол жөнделеді. Оның 7 мың шақырымындағы жұмыстар биыл аяқталады деп күтілуде.

«Осы тарапта «Қарағанды — Алматы», «Талдықорған — Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау — Астрахань» сияқты маңызды күре жолдар қайта жаңартылуда. Сонымен қатар, биыл Шақпақ баба асуындағы туннель, Шамалған станциясындағы өткел және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ірі көпірдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Қызылорда — Жезқазған» күре жолындағы жұмыстар және «Қарағанды-Жезқазған» тас жолын жаңғырту сынды басқа да жобалар басталды»,-делінген хабарламада.

Автомобиль жолдары комитетінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдан 2030 жылға дейінгі аралықта жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын жаңа жобаларды іске асыру межеленген.

«Қазақстанның даму банкі арқылы қаржыландырылатын құрылымды күшейте отырып, жолдарды орташа жөндеудің жаңа бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар да басталды. Биыл  алғаш рет қарыз қаражаты есебінен 2,5 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Осы тарапта қазір қолданылып жатқан ресайклинг технологиясын қолдану – жобалардың құнын толық қайта құрумен салыстырғанда жеті есе төмендетуге және жөндеу процесін екі есе жылдамдатуға мүмкіндік береді.   Негізгі жобалардың қатарына «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар», «Семей – Барнаул» жолдары жатады. Аталған бастамалар өңірлердің экономикалық өсуі мен дамуына ықпал ететін заманауи және қауіпсіз көлік желісін құруға бағытталмақ»,-делінген хабарламада.

Жолдауда Президент Үкіметке су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселесін шешуді, 20 жаңа бөген салуды жүктеген еді. Өйткені жеріміз кең болғанымен, тіршілік нәрі тым аз. 2040 жылдарға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін деген болжам бар.

«Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдаудан кейін елде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар әзірледі.  Осылайша, 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр.

«Президенттің тапсырмасы аясында 2030 жылға дейін су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша кешенді жоспар әзірленді.  Жоспарда 44 су қоймасын салу, 76 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені қайта жаңарту, сондай-ақ 3230 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген. Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Министрлігінің мәлімдеуінше, су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайты. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.

«Жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологияларын енгізу дәрежесіне қарай субсидия және су беру қызметтері үшін төмендетілген тарифтер түріндегі мемлекеттік қолдау іс-шаралары көзделген. Сондай-ақ, суармалы су тарифін өсірілетін дақылдардың түріне және олар тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, елімізде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі де 80%-ға дейін ұлғайтылды»,-делінген хабарламада.

География ғылымдарының кандидаты Дәулет Жүсіпбековтің айтуынша,  Қазақстанда жер бетіндегі ағынды судың көлемі шамамен 101,5 текше шақырым, жер асты сулары қоры 90-95 текше шақырым.  Ғалым Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жанданатынын құптап отыр.

«Гидрогеология–жер астындағы сулардың тегін, ағысын, физика-химиялық қасиеттерін және олардың жер бетіне шығуын зерттейтін геология ғылымының бір саласы. Құрлық гидрологиясы құрлықтың жер үсті суларын, яғни өзендерді, көлдерді, бөгендерді, батпақты және мұздықтарды зерттейтін ғылым. Кеңес Үкіметі кезінде гидрогеология саласы құрлық бетіндегі суды зерттеумен айналысып, жеке жұмыс жасады.  Ол өте көп қомақты қаржыны талап етеді. Алмаздан жасалған бұрғылау аппараттары керек. Кеңес кезінде жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде салынған жер асты суларының картасы бар,  соған сүйенсек, оңтүстік, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс жерлерде көптеп кездеседі. Сол суларды да қолдануға болады. Бірақ оны кішігірім мекемелерге, елді мекендерді суаруға, шағын елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге ғана жетеді. Ал, ауыл шаруашылығындағы егістік алқаптарды суаруға келе бермейді. Себебі оның су шығымы, жер астындағы су қоры қайта толып отыру керек. Оған уақыт керек»,- деді Дәулет Жүсіпбеков.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, елде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр.

«Қазсушар» мекемесі биыл 790 мың гектардан астам ауылшаруашылық алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Суару маусымына дайындық аясында 83 гидробекет жөнделіп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар 775 гидробекет аттестациядан өтті. 6 облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 390 шақырымнан астам суару арнасы тазартылды. Сондай-ақ, Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді»-делінген министрлік хабарламасында.

Былтырғы Жолдауда Президент еліміз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналатынын тілге тиек еткен еді. Айтуынша, бұдан былай экономикаға көбірек пайда әкелетін дақыл егіліп, суды көп қажет ететін егіс алқабы азаяды, бір ғана астық түрін өсіру шектеледі.

«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуіміз керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Үкімет АӨК-ті дамытудың бірқатар жаңа бағдарламасын іске асыра бастады, олар аталған бағытта жақсы серпіліс жасауға септігін тигізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі басымдық іс-шаралар жоспарында бекітілген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шаралар қабылдауда. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексін 111,6% —ға дейін, тамақ өнімдерін өндіру – 105% -ға дейін, сусындарды өндіру – 109% -ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Ағымдағы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,7% -ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,7% -ға жетті және мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 1,7 трлн теңгені, өсімдік шаруашылығының нақты көлем индексі 104% немесе өнім өндіру көлемі 402,9 млрд теңгені құрады»,-делінген хабарламада.

Министрлік алға қойылған мақсаттарға жету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу үшін қарастырылған 580 млрд теңгенің 342,6 млрд теңгесі игерілген.

«Қазіргі уақытта қосымша 20,4 млрд теңгеге өтінімдермен жұмыс жүргізілуде, егін жинау жұмыстарына өтінімдер жинау жалғасуда. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстары ӘКК арқылы жеңілдікті кредиттеу бойынша белсенді жұмыс істеуде, осы мақсаттарға осы өңірлерде 75 млрд теңге көзделген. ҚазАгроҚаржы арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бойынша 62,7 млрд теңге сомасына 2 298 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына шарттар жасалды»,-делінген министрлік хабарламасында.

Мәліметке сәйкес, жоспарланған индикаторларға қол жеткізу үшін ағымдағы жылы 50,9 млрд теңге сомасына 79 инвестициялық жоба іске асырылған. Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленді, оны іске асыру республикалық бюджеттен 372 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 11,6% деңгейінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Былтырғы Жолдауда Президент ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екеніне тоқталған еді.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бағдарламаны іске асыру тетігін жетілдіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл аманаты» шеңберінде кредит берудің негізгі шарттары мен тәртібін регламенттейтін қағидалар жобасын әзірледі. Жалпы негізгі шарттар қолданыстағы жағдайларға ұқсас болып қалды, алайда бірқатар өзгерістер бар. Біріншіден, бағдарламаға қатысушылардың нақты тізімі анықталды. Екіншіден,  әрбір ауылдық округті несиелендірудің басым бағыттарын анықтау бойынша талаптар қарастырылған. Бұл ретте мал шаруашылығы бағыты бойынша бағдарламаға бөлінген қаражаттың 50% -ынан аспайтын лимит белгіленген.  Үшіншіден, жобаларды іріктеудің негізгі өлшемдері анықталды. Бұл шара шағын несиелендіруге арналған жобаларды сапалы іріктеуге мүмкіндік береді және қаражаттың қайтарымдылығын арттырады.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 319 кооператив 6,7 млрд теңге көлемінде қаржы алған.

«Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушыларға 90,7 млрд теңге көлемінде 14,4 мың шағын несие берілген. Қаражаттың 80%-ы мал шаруашылығына, 4%-ы өсімдік шаруашылығына, 5%-ы техника мен жабдықтар сатып алуға және 11%-ы қызметтің басқа салаларына бағытталған. Бағдарлама шеңберінде салық түсімдерінің сомасы 1,3 млрд теңгені құрады. 16 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарламаны іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған, 10,8 мың шағын несие берілді, 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде»,-делінген ауыл шаруашылығы министрлігі хабарламасында.

Былтырғы Жолдауда Президент ел енді жаңа  даму үлгісіне көшетінін айтқан еді.  Президент Үкіметті экономикалық өсімді 6 пайызға арттыруға міндеттеді.

«Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары  әзірленіп, жыл басынан бері ұзақ талқылаудан өткен құжат жуырда бекітілді. Бұны еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қабылданған маңызды Стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы деуге болады. Құжат 17 нақты бағытты қамтып, елдің жаңа экономикалық үлгіге көшуін жүзеге асырады. Саясаттанушы Мақсат Жақаудың айтуынша, ұлттық жоспар – іс-әрекеттердің алгоритмі.

«2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты бағыттары мен басымдықтары көрсетілгенінен байқау қиын емес. Яғни,  бұнда жалпы ішкі өнім жыл сайын 6,7% өсуі керек. Мысалы, былтырғы ел экономикасы 5% жетер-жетпес өсім көрсеткен.  Бірақ амбициялық сұранысқа салсақ, сол дәрежеге қол жеткізіп қалу да бек мүмкін. Жоспарда негізгі капиталға салынған инвестиция 14,7%-дан 23%-ға, сыртқы инвестиция 20,7%-дан 30%-ға дейін жетеді делінген.Күшті»,-деді Мақсат Жақау.

Саясаттанушының сөзінше, бұл нақты стратегиялық құжат. Тағы бір жағымды өзгеріс, бизнеске берілген несие 2029 жылы 2022  жылмен салыстырғанда, 185 пайыз өсуі тиіс делінген.

«Ұлттық даму жоспарда, жалпы экономикалық қайта құруға бағытталған бес қағидат берілген: жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ынталандыру; кәсіпкерлікті қорғау мен дамыту, инвесторлар үшін түсінікті, болжамды әрі тартымды экономикалық саясат құру; сапалы білім беруді қамтамасыз ету мен кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдап, қазақстандықтардың әлеуетін ашу; инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландырумен, экономиканың өнімділігін арттыру. Соңғысы – өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу мен өңірлердің өз әлеуеті мен үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау.  Әсіресе, осы тұсы аймақтанушы ретінде мені қызықтырады. Кезінде Президент Қ.Тоқаев «өңірлер мықты болмай, мемлекет мықты болмайды» дегені бар. Өңірлік даму – ең маңызды бағыт» ,-деді Мақсат Жақау.

Елдің Ұлттық даму жоспарында білім, ғылым, денсаулық сақтау салалары бойынша межелі міндеттер қойылған. Мәселен, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2029 жылға қарай 100%-ды құрауы тиіс. Алдағы бес жылда денсаулық сақтау жүйесі де кешенді жаңғырып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 77 жасқа жетуі мүмкін. Саланы 2029 жылға дейін дамыту қолдаудың атаулы болуын күшейтуге, азаматтардың зейнетақы жинақтарының өсуіне және инклюзивті қоғам құруға бағытталатын болады. Нәтижесінде кедейлік деңгейі қысқарады.

Әлима Әбіш

Сурет: «Егемен Қазақстан» 

Бүгін, 14:06
Түркістан: Кентауда «Борышкер» және «Anti-fraud» профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр
19 тамыз, 14:37
Түркістан: Құқық бұзушылыққа қарсы шаралар жалғасуда
19 тамыз, 14:28
Бексұлтан Тәшімов: Басты міндет – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу
19 тамыз, 14:24
Түркістан: Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» сақтау – қоғам парызы
18 тамыз, 11:56
Түркістан: Балалардың қауіпсіздігі басты назарда
16 тамыз, 15:25
Түркістан: Тәртіп сақшылары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
15 тамыз, 15:26
Түркістан: Қараусыз мал жол апатына себепші
15 тамыз, 14:32
Түркістан: тұрмыстық қорлық-зомбылық пен сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді
13 тамыз, 14:30
Түркістан: Құқық бұзудың кез келген түріне тосқауыл қойылады