jasqazaq.kz

Жоғарғы аудиторлық палата республикалық бюджет есебін қорытындылады

19 мамыр, 16:01

Мәжілісте қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата қорытындысының негізгі бағыттарын таныстырды. Жеті бағытта бюджеттің кіріс және шығыс бөлігі егжей-тегжейлі сараланған:

1️⃣ 2024 жылғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша бекітілген 16,1 трлн теңге көлеміндегі жоспар 2 трлн теңгеге (12%) қысқартылып, 14,1 трлн теңгені құрады. Алайда жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш те толық орындалмаған. Орындалмаған сома – 609 млрд теңге.
2️⃣ Салық түсімдері негізгі кіріс көзі болып қалып отыр. Олар республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 63%-ын немесе 12,3 трлн теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтардың үлесі 5%-ға немесе абсолютті мәнде 604 млрд теңгеге азайған.
3️⃣ Республикалық бюджет шығыстарының жартысына жуығы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен алынатын қарыз қаражаты есебінен өтеледі. Қаржыландырудың басқа көздеріне тәуелділіктің өсуі қаржылық тұрақтылықты төмендетіп, бюджеттің атқарылуына байланысты проблемаларға әкелді. 2024 жылы республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жетіспеуіне байланысты 422 млрд теңге игерілмеді.
4️⃣ 2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бюджет параметрлерінің болжамына үш рет өзгеріс енгізілгенімен, есепті жылы тіпті алғашында жоспарланған кіріс болжамының пессимистік сценарийдің де орындалуы қамтамасыз етілмеді.
5️⃣ Республикалық бюджеттің
шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілген. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Нәтижесінде бюджеттің шығыс бөлігінің 26%-ы (6,2 трлн теңге) қайта қаралды. Мұндай жиі енгізілетін өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың болжамдылығына нұқсан келтіре отырып, қысқа мерзімді шешімдерге баса назар аударуға бағытталғандығын көрсетеді.
6️⃣ Оның айтуынша, 2024 жылдың негізгі үрдісі инвестицияларды қаржыландыру құрылымындағы өзгеріс болып отыр. Меншікті инвестициялар 257 млрд теңгеге немесе 7%-ға төмендеген.
7️⃣ 2024 жылы өңірлерге бюджеттен жалпы 7 трлн теңге аударылды. 912 жобаны аяқтау жоспарланған, алайда әкімдіктердің мәліметі бойынша есепті жылы тек 449 жоба немесе небәрі 49%-ы аяқталған.
Өткен жылы Жоғары аудиторлық палата 27 аудиторлық іс-шара өткізді. Нәтижесінде 862 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Бюджетке 135 млрд теңге өтелді (орындау мерзімдері келгендері бойынша).
Аудит материалдары бойынша 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 198 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

«Сонымен қатар Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы шеңберінде жүргізілген бағалау бойынша бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз басқарылу сомасы 147 млрд теңгені құрады», — деп қорытындылады Нұрлан Нұржанов.

JQ-Aqparat

 Фотоколлаж Liter.kz

Бүгін, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс