Жіпке байланған өмір

19 сәуiр 2019, 12:09

Анар Лепесова – екінші топтағы мүгедек. Дәрігерлер 5 жасында «склеродермия» деген диагноз қойған. Буындары ауыратындықтан ұзақ уақыт жүре алмайды. Маңдайына жазылған осындай қиындыққа қарамастан, ешқашан мойыған емес. Қолына үйреншікті бізін алып, жүзінен мейірім төгілген жұмсақ жіптен ойыншық тоқуды дағдыға айналдырған. Мұның өзі суреттеп айтқанымыз. Ал шын мәнінде басқаша. Бір кездері уақыт өткізетін ермегін қазір кәсіпке айналдырды. Қуыршақтарға да жан бітірді деуге болар. Ол өз қолымен тоқыған әдемі де әсем ойыншықтарды саудалап, дәрі-дәрмекке қаражатты өзі тауып отыр.

Он саусағынан өнер тамған қыздың үйіне барғанда, ол боялған жіптен қызыл айдаһар тоқып отырды. Әлі бітпеген. Жартылай болса да жандүниеңе ерекше әсер ететін дүние. Шебердің саусақтары қимылдағанда қасарысқан қиындықтың өзі қашып кететіндей. Бір-біріне жұғыспайтын саусақтарға қарап отырып, Анардың бұл ғажайып өнерді қалай меңгеріп алғанына таңғаласыз. Екінің бірі дәл осындай шеберліктің шыңына көтеріле алмасы анық.

Әңгімені өзі бастаған Анар: «Тоқымамен қай жылдан бері айналысатынымды, ойыншық тоқу ойыма қалай келгенін айтайын. Негізі тоқыма өнерін қолға алғаныма алты жылдан асты. Шынымды айтсам, өнерге кішкентай кезімнен қатты қызықтым. Әу баста сурет салғанды ұнаттым. Ақ қағазға түрлі-түсті қаламмен, фломастермен, әйтеуір ойымдағыны сала беретінмін. Әсіресе нешетүрлі гүлдерді бояуды жаным сүйетін», – дейді.
Ол бір күні интернеттен тоқылған ойыншықтың суретін көреді. Қатты ұнатыпты. Мектеп кезінен қолөнерді жақсы көретін қасиеті оны көкке алып ұшқандай болды. Жай мойын орамал тоқуды ғана білетін қыз үшін көргені мен көңілге түйгені қанат бітірді. Алғашқы дүниесінің өзі дүрмекке іліккендей болды. Көрген кісілер «мынауың керемет шығыпты» деп, қайта-қайта сүйсінген. «Тоқымаңды жалғастыр» деп кеңес бергендер де болды. Бұл да қарап отырмады: жұмсақ жіптерін қолына алып, дем де керіктің келбетін келістіріп, сұлбасын сүйсінетіндей етіп жасады. Өзгені қайдам, өзіме керемет ұнады. Қолынан шыққан ең алғашқы ойыншық, төлтума өнер де сол болды. Оны бірде ең жақын досына сыйлыққа ұсынып, оны да бір қуантып қойды. Әңгіме арасында: «Кейін үйдегілердің бәріне ойыншық тоқып бердім. Сөйтіп жүргенде достарым «ойыншықтарыңды сатып көр» деген ұсыныс жасады. Неге солай істемеске деп ойладым», – дейді Анар.


«Ойыншықтарға тапсырыс қайдан түседі? Әлеуметтік желілерде қалай жарнамалайсыз?», – деген және басқа да сауалға қатысты шебер қыз біраз сырымен бөлісті.
Рас, елімізде тоқыма ойыншық жасау өнері дамымаған. Көбінесе Ресей, Украина, Жапонияда жұмсақ жіптен тоқылған ойыншықтарды жиі көзіміз шалады. Кейде шағын жәрмеңкелерде осындай дүниелер сұранысқа ие екендігін байқаймыз. Жұрт жаппай сатып алып жатады. Соны көрген Анар ойыншықтарын сатуға бел буады. Сол кезде достары ойыншықтарды танымал адамдарға саудалауды ұсынады. Біраз өнер жұлдыздарына хабарлама қалдырады. Солардың арасында ең бірінші болып «Ринго» тобындағы Данияр Өтегенов пен Айқын Төлепберген арнайы тапсырыс береді. Кейін әлеуметтік желі – «Инстаграм» шыға бастады. Сол желіде жеке парақша ашып, ойыншықтарын жарнамалайды. Даниярға алғаш рет 3 керік тоқып беріпті. Қазір тапсырыс берушілердің қалауына қарай түрлі ойыншықтарды тоқи береді. Көбінесе мультфильм кейіпкерлеріне сұраныс көп. Сол үшін мультфильмдерді жиі көреді. Кейде суретіне қарап та жасайды. Ол: «Бірде Африканың бір елінен тапсырыс түсті. Ойыншықтарымды көрсетілген мекен-жай бойынша сол елге салып жібердім. Алғашында сенбей, ойыншығымды алғаннан соң фотоайғақ жіберуін өтіндім. Сөйтсем, менің ойыншығымды құшақтаған қара домалақ екі бала суретін жіберді. Ал қазір тоқып отырған қызыл айдаһарларға еліміздегі белгілі бір компания тапсырыс берді. Тіпті Астанадан депутат ағаларым да сұрап жатыр», – дейді қуанышын жасыра алмай.
Осы жерде ойыншықтарға баға қалай қойылады деген ой келеді. Шебердің тоқылған дүниелері 3 мыңнан 15 мың теңге тұрады. Ұзындығы 20 сантиметр ойыншық 3 мың теңге. Көлемі мен жұмысына қарай баға да өсе түседі. Бағаларды аспаннан алып қоя салмайтыны белгілі. Ойыншық жұмсалған материалдың бағасына қарап есептеледі. Әйтеуір, еңбегі ақталып жатыр. Дәрі-дәрмекке керекті қаражатын да тауып отыр. Медициналық порталды күтпей-ақ ақылы көмекке жүгінуге де мүмкіндік тауыпты. Ойыншықтарды ашық түстен тоқығанды ұнатады екен. Өйткені ашық түс көңіл-күйге де әсер етеді. Көзге де аса ауыртпалық түсірмейді. Ойға жетелейтін ойыншықтарының күлімсіреп, жарқырап тұрғанын қалайды.
Әңгіме арасында: «Біздегі медицина туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі маған қойылған диагноздың әлем бойынша емі жоқ көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Үндістанда емделу үшін қаражат жинадым. Ойым қалай да дерттен арылу еді. Алайда біздің дәрігерлер «склеродермияның» емі жоқ, қайда барсаң да, емделе алмайсың» деп, әңгіменің ашығын айтты. Ақыры емнен бас тартып, қаржыны қайырымдылық қорына аудардым. Маған «склеродермия» диагнозы қойылған адамдар жиі хабарласады. «Өзіңді қалай жақсы сезінесің, қалайша сап-сау секілді жүресің?» деп сұрайды. Мен олармен ұзағырақ сырласамын. Сырт келбетім дертті адамға ұқсағанымен, мен іштей сау адам секілдімін. Өз дертімнің ауырлығын ешқашан сезінген емеспін», – дейді.
Анар қазір 34 жаста. Айтуынша, мемлекет тарапынан да үнемі қолдау көрсетіледі екен. Шипажайға тегін жолдама беріп тұрады. Ал болашақ жоспарлары, тіпті көп. Өз білгенін қолынан іс келетін жандарға үйреткісі келеді. Басты арманы – Алматының ортасынан жеке шеберхана ашу. Қазір қаланың сыртында болғандықтан, көп адам хабарласа алмайтын көрінеді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар тәжірибе алмасуға құштар. Олар да тоқыма өнерін үйренгісі келеді. Өкінішке қарай, жолдың алыстығын айтып келе алмайды. Ұсыныстарын қала басшылығына да жеткізген екен. Әзірге олардан жауап алмаған.
Иә, дөңгеленген дүние зымырап барады. Уақыт бір орнында тоқтамайды. Өмір өтіп барады. Анар болса әр күнін тиімді пайдаланғысы, тың туынды жасағысы келеді. Қолынан шыққан құнды заттарды сақтаудың өзі бір өнер. Ал саудаланғандарының орнын толықтырып тұру да қажет. Өйткені тұтынушы табыла қалса, лезде сатып жіберуді жөн көреді. Бәрінен де Алматыға жақындау айтып жеткізгісіз арман болып тұр. Шаһарда өзі секілді өмірге құштар жандар жеткілікті. Солармен сырласқысы, ой бөліскісі келеді. Меңгерген кәсібін өзгелерге үйретуді жақсы көреді. Жандүниесі жақсылыққа толы мұндай жандарды қолдау керек-ақ.

Мақпал Ноғайбаева
Фото: Ғалия Қалиева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген