Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылының тұрғыны, көп балалы ана жетінші сәбиін моншада босанды деп хабарлайды NUR.KZ. Әбдиевтер жанұясының 12 жыл бойы құлаған тамды паналап жатқанын осыған дейін жазған болатынбыз.
Гүлбану Ысқақова жетінші сәбиін 13 қараша күні өмірге әкелген. Ақ халаттылар қанша ескерту жасаса да, шақалақ қираған моншаның қуысында өсіп жатыр.
«Дәрігерлер үйді көріп шошып кетті. Мына жерде жас баланың тұруына болмайды, бөлменің іші сызданып кеткен, күн түспейтіндіктен шақалақ сарғайып жатыр дейді.
Басқа үйге көшейік деп жалдамалы пәтер іздедік, барлығы жеті баламыздың барын естігенде баспаналарын бермей, теріс айналды. Екі-үш балаң болса ғана кіргізеді екен», — деп күрсінді батыр ана.
Көп балалы отбасының жайын алғаш рет тілшілерден естіген Жамбыл ауылының әкімдігі болса 30 қап көмір мен аз-маз отын түсіріп беріпті.
«Сіздерден соң үйге әкімдіктегілер келіп кетті. Баспананың да, жердің де кезегінде тұрмыз. Осы уақытқа дейін жер беруге мораторий деген еді. Енді үй салатын шағын учаске бөлеміз дегендей болды. Қашан және қайдан беретінін де айтпады», — дейді бір көзінен айырылған үшінші топтағы мүгедек Жаңалық Әбдиев.
Балалар болса жұрттың әкелген киім-кешегін киіп, ойыншықтарына мәз болып жүргендерімен көрші үйді көргенде құлазып қалады. Себебі күн суытқалы барлығы ескі моншаның көлемі 12 шаршы метр болатын жуыну бөлмесінде қысылып түнеп жүр.
Бүлдіршіндер далаға шыққан сайын қарсы бетте орналасқан жасыл үйді қоршауынан сығалап қарап, өз баспаналарын армандайды.
Жеті жасар Диананың міндеті — жаңа туған шақалақты қарауылдау. Себебі кішкене үш бауыры тар бөлмеде ойнап бұрышта жатқан сәбиді басып кетуі мүмкін.
«Ұлымның атын «Дінмұхаммед» қойдым. Бұл есімді маған үйге азық-түлік әкелген азаматтардың бірі айтты. Дінмұхаммед Қонаев атамыз секілді елдің қамын ойлайтын қамшы ұстар болсын деп ырымдадым. Көзім дұрыс көрмейтіндіктен тұрақты жұмысқа алмайды.
Жалданып сырлау, әктеу сынды бір күндік ақы төлейтін жерлерге барып қайтам. Бүгін ешкім шақырмаған соң үйдемін», — дейді отағасы.
Жарты ай бұрын «отбасының жағдайын ойластырамыз» деп уәде берген Жамбыл ауыл әкімдігіне бас сұққанымызбен басшылардың барлығы орнында болмай шықты. Бірі — аудандық жиынға кетсе, тұмсығының астындағы жанұяның жайын тілшіден естіп таңырқаған әкімнің жас орынбасары тіпті қызметі өрлеп басқа ауылға жөнелтіліпті.
«Біз Әбдиевтер отбасына көмектесіп жатырмыз. Өткен аптада екі тонна ағаш-көмірін түсіріп бердік. Тіпті Гүлбану Ысқақованың толғағы келген кезде перзентханаға хабарласып дәрігерлерге айттық. Әкім үй салатын жер қарастырып жатыр. Қайдан және қашан беретінін әзірге білмейміз», — деді Жамбыл ауылының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақжол Серғазыұлы.
Әбдиевтер отбасына көмек қолын созушылардың басым көпшілігі қарапайым халық. Бірі — балаларының сыймай қалған киімін, кейбіреулері қысқа сойған соғымынан екі-үш асым ет те әкелуде.
Тіпті, аудандық перзентхана да қалыс қалмай шақалақ Дінмұхаммедке шаң басып, тозығы жеткен ескі қоларба сыйлаған.
Көпбалалы жанұяға көмек қолын созам деушілер үшін: +77759923025, +7781405724 телефондарына хабарласуға болады.
Kaspi cold : 5169 4931 8763 7767, ЖСН: 811022402430