Жер көп, жайылым жоқ

27 сәуiр 2021, 15:11

Ауыл қазақтың жаны дейміз. Бірақ ауылда не қалды? Баяғыдай қоралы қой, ақтылы мал бар ма? Әй, қайдам. Қазіргі ауылдардың көбінде үй салатын тоқымдай телім түгілі, мал бағатын жайылым жоқ. Сондай бір ауылдың жері тұтастай жекешеленіп кеткен. Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында әкімдікке қарайтын жер телімдері кәсіпкерлерге бөлініп кетіпті. Тұрғындардың сөзіне сенсек, ауыл ішін сатқан әкім-қаралар енді мал жайылатын жайылымға ауыз салыпты, жайылымды гектар-гектарлап сатып жатқан көрінеді.

Түркістан облысы

Бір кездері үлгілі ауыл болған елді мекеннің жерін бас-аяғы 20 жылда бизнеске үлестіріп ту-талақайын шығарған. Осылай деген шарбұлақтықтар жекеге өтіп кеткен жерлерді прокурорлар мен жемқорлыққа қарсы құзырлы орындар түгел тексерсін деп талап қойды. Шарбұлақ кезінде Қазығұрт ауданындағы үлгілі ауыл болған. Талай спорт шебері мен еңбек ерлері шыққан. Тек соңғы 15-20 жылда ауыл тозып кетіпті. Себебі ауылдағы клуб пен спорт үйірмелері жекеменшікке өтіп, ақыры жабылып тынған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жасы да, кәрісі де көше кезіп, ішімдікке құмартып барады.

Өз ауылының бұрынғы келбетін сағынған Шәкір Нұржігіт:

«Бұл жерден күндіз-түні жастар шықпайтын, спортпен шұғылданатын. Қазір бұлардың барлығы жекешеленіп кетті. Жастардың спортпен шұғылданатын еш мүмкіндігі жоқ. Әзір қай жер болса, сонда қаңғып жүр. Бұзақылық, арақ ішу, карта ойнау. Баратын жер жоқ. Айналысатын кәсіп жоқ», – деп ашынады.

Ауылда жер болмаса, мал болмайды. Ауыл сәні – төрт түлік мал. Ал Шарбұлақта мал жаятын жер жоқ. Халық саны көбейіп жатыр деген желеумен атқамінерлер жайылымды сатып жіберген. Бірақ ауылда 25 жылдан бері жер кезегінде тұрған бірде-бір тұрғынға тегін телім бұйырмапты. Сонда атқамінерлер жерді кімге беріп жүр? Бұл да басы ашылмаған сұрақ.

Жерге қолы жетпей жүргендердің бірі – Қалжан Елшібаев. Ол:

«Ана жақта көріп тұрсыздар, гектарлап алынған жер. Әкімдікте туыстары бар, жер бөліміне қатысы бар адамдар бәрі. Жер бөлімінде істейтіндер гектарлап жер алып жатыр. Бізге жер жоқ. Қарапайым адамға жер жоқ. Ауылда неше адам кезекте тұр. Олар барса, «жер жоқ» дейді. Ақшасы бар адамға жер табылады», – деді.

Үй салуға ұлтарақтай жер сұрап жүрген Шарбұлақ ауылының тұрғындары енді жайылым жерінен де айырылып жатыр. Себебі қой мен жылқысын жайып жүрген жер аяқ асты мақсаты өзгеріп, үй салуға арналған учаске болып шыға келіпті. Мұны жұрт енді біліп отыр. Ал бұл жерде кәсіпкерлікке арналған қора-қопсы тұр. Бірақ оның қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін ауданның шенеуніктері де айта алмайды.

«Шарбұлақтықтар шулап жатыр» дегенді естіп, жиналған топқа аудан басшылары келеді. Ол «Ондаған гектар жайылым жердің мақсатын өзгертіп, жер учаскелеріне бөліп жатқанымыз рас», – дейді. Тіпті сол телімнің ауыл тұрғындарының бірде-біреуіне бүгінге дейін тегін берілмегенін өздері мойындап отыр.

Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетов:

«Рас, бес-алты бала-шағасы бары арыздарын жазсын. Комиссияда қараймыз. Егер инфрақұрылымы сәйкес келсе, жер береміз. Кезекшілік жоқ», – дейді. Оған ауыл азаматтары қайтара сұрақ қояды. Әкім мен тұрғындар арасындағы диалог былай өрбіді:
– Инфрақұрылым дейсіз, ал ол сәйкес пе?
– Ауыл ішінде болса, электрі мен суы жақын болса, беруге болады.
– Ондай жер бар ма?
– Комиссияда қараймыз.
– Бар ма?
– Ішінара табылады.
– Қанша учаске табылады?
– Мен оны қазір айта алмаймын.
Шенеуніктер жайылым жердің мақсатын өзгеріп тұрғын үй салуға деп бөлгенімен, инфрақұрылымның нақты қашан жүретінін айта алмайды. Ал тұрғындар түгел жекешеленіп кеткен Шарбұлақ ауылындағы сатылымды тексерсе, талай былықтың ашылатынына сенімді. Енді олар прокуратура мен облыс әкіміне дейін арызданбақшы.

Бек Әбиев,
КТК тілшісі

Қызылорда облысы

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылында да дәл осындай жағдай қалыптасты. Astanatv.kz хабарлағандай, ауыл жұрты мал жаятын жайылым таппай отыр. Тұрғындардың айтуынша, елді мекен айналасындағы шұрайлы жерді жеке кәсіпкерлер иемденіп алған. Ал жергілікті жұрт қожайынның рұқсатынсыз, ол жерді пайдалана алмайды. Іргедегі суы мол, шөбі шүйгін жайылымға иелік ете алмаған соң, төрт түлікті қорада бағуға мәжбүр.

Түгіскен ауылының тұрғыны Әділхан Әдепов:

«Жайылымдық жердің бәрін сырттан келген адамдар алып алған. Ішкі жайылымдық дейді. Ол бір шақырымға жетпейді. Егістен қашықтығы 500-600 метр ғана, төңіректің бәрі сондай. Қалған жердің барлығын түгел сырттан келген адамдар сатып алған», – деп күйінеді.

Ауыл азаматтары «Жер тапшылығын әкім-қаралар қолдан жасап отыр, тіпті тау беткейіндегі шөбі шүйгін жерді де таратып бітті» дейді. Ол аздай, шекті мөлшерде берілетін суға да ортақтасып отырған көрінеді.

Әбсаттар Жұманов:

«Сырттан малы көп адамдар таудың беткейінен, басқа жақтан мың гектарлап жер алған, қоршап алған. Қоршамаса да, қарауыл қойған. Ол жаққа мал кіргізбек түгілі, демалуға рұқсат жоқ. Ал біздің жерге келеді де, қасыңа келіп отырып алады. Қораны қиратады, біреуге 5-10 мал беріп жаяды. Ақырында мынадай дауға ұласып отыр», – дейді.
Халық жерді өзгелерден қайтаруды талап етеді. Ауылға аудан әкімін шақырып, өздерін арыз-шағымын жеткізген.

Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов: «Ауылдық жердің шекаралық аумақтарын қайта қарау жөнінде облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Облыстық мәслихатта жуық арада ол бекиді. Содан кейін сол құжатқа сәйкес ауылдың шекаралық аумақтары қайта қаралады» – деген уәж айтты. Мәселе мұнымен бітсе, жақсы. Тұрғындарда үміттен гөрі күдік басым.

Айдос Құсайынұлы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген