Жер астындағы құпия жолмен 2 мың қадам

28 қазан 2022, 11:33

 Сол жылдар мен сол күндер аясында ұмытылмастай есте қалған оқиғалардан өрбіген сыр

Біз – екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталар тұсында Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына америкалықтардың әскери ұшақтар арқылы әуеден тастаған Little boy («Балақай») және Fat Man («Семіз») атты атом бомбалары туралы мейлінше хабардар болып өскен буын өкілдеріміз. Оның біріншісінің 13-18 килотонна, екіншісінің 19-21 килотонна тротилдік эквиваленттік күші болғанын, жарылыстан соңғы атом бомбасы дауылының төңірегіндегі тіршілік атаулының түгін қалдырмай, жайпап кеткенін де жақсы білеміз. Одан кейінгі таусылмас радиациялық «жауынның» залалы ше?

Шыбын құрлы болмай қырылып қалған адамның ұзын-саны 246 мың! Жан-тәнімен жапон еліне аяушылық тудырып жататын бауырмал қазақ халқы дәл сол тұста өзінің басына одан он-сан есе көп түскен атом қасіретінің жайына ден қоймады, мән бермеді. Неге? Өйткені кеңестік-мемлекеттік насихат машинасы барша халықты күні-түні «Партия. Жоспар. Ұлы орыс халқы» девизіне тәрбиеледі. Көзін аштырмады, санасын улады. Бұлжымайтын бір бағытта ғана өмір сүрдік. Ашық, жабық түрде жарылып жатқан ядролық жарылыстың зардабы туралы ойланбадық та. Елдің қорғаны – жеңімпаз әскеріміз «ортақ игіліктер мен ортақ мүдделер» жолында ойлануға мұрсат бермеді. Кеңес Одағының бас насихат құралы «Правда» газетінің бетінде көңіл айту секілді 3-4 жол сөйлеммен Семей ядролық полигонында қуаты 20, 30… 50, 100 килотондық жарылыс жасалды деген елдің қуат-күшін байқататын мақтаныш хабарға мәз болып жүре берген секілдіміз?! Қазақ жерінде 14 жылға жетер жетпес уақытта (1949-1963 жж.) жасалған ядролық жарылыстардың қосындысы Жапонияда жарылған жоғарыдағы екі бомбаны 2500 (!) есе орап алатынын да білмедік!.. Ал енді «көзіміз ашылған» кезде өткен 40 жылдың ішінде, яғни 1949 бен 1989 жыл арағында Семей полигонында 473 ядролық жарылыстың 90-ы аспанда, 26-ы жерде, 354 рет жер астында болғаны туралы мәліметтер шынында да төбе шашыңды тік тұрғызады! Мұның сыртындағы 175 химиялық, өзге де қарудың сынақ түрлері туралы айтпай-ақ қояйық. Қазақстандағы ядролық жарылыстың жалпы жиынтығы 50 мегатоннадан (1 мегатонна [Мт] = 1 000 000 000 килограмм [кг]) асқан. Ядролық залал аумағының көлемі 304 мың шаршы километр жерге жеткен де, тікелей зардап шеккен халықтың саны 1,7 миллионның үстіне шыққан.

Қазақстан алғаш рет әлемге Тәуелсіздік Декларациясын жариялаған 1990 жылға дейін бұл деректер өте-мөте құпия болып келді, халықтан жасырылды. Ұлттық геноцидке теңгерілген «мемлекеттік құпияның» кілті Мәскеуде сақталды. Жапон қасіретін ел білді, өзіміздің бастан кешіп жатқан қасіретіміз өзімізден құпия сақталды! Әскери құпия… Бір сәт ойланыңызшы, қандай елде өмір сүргенбіз?!

Дәуітәлі Стамбеков ағам «Егемен Қазақстан» газетінің, мен «Халық кеңесі» газетінің тілшісімін. Екі тілші, Алматының «Казақфильм» ықшам ауданында тұратын екі көрші, бір күні ойламаған жерден Ұлы Абай елінің қақ төрінен бір-ақ шықтық. Ақындығы өз алдына, абыз Абаймен аталас-рулас болып келетін Дәуітәлі ағамның көңілі жадырап «Елге келдік…» дейтін жөні бар-ақ. Бірақ… екеуміздің де дымымыз ішімізде. Өйткені біздер Қазақ жерінің – Абай елінің 40 жыл қасіретіне айналған Семей ядролық полигонының орталығы – «жабық қала» Курчатовта едік…
Азғантай ғана орыс-қазақ тілді алматылық БАҚ журналистерінің шоғырын бұл қалада тосын жинаудың мақсаты – полигонға жапонның физик-ядрошы ғалымдары келмек. Семей ядролық сынақ алаңдарының құрсауланған құпиялық темір пердесі түріліп жариялылық беріле бастаған кез. Бір сөзбен айтқанда, полигон жұмысын тоқтатып, Ресейдің соңғы әскері (1994 ж.) бұл аумақтан шығарылған. Мораторий жарияланғанға дейін ұңғымаға салынған ақырғы ядролық заряд құрылымы 1995 жылға дейін жарылмай жатты да, ақыры сол жылы ол жойқын атом бөлшегі ядролық реакциясыз залалсыздандырылды деген мәлімет тарады. Ол қалай залалсыздандырылды, қалай күшін жойды, ол жағы әскерилер мен ғалым мамандар ғана мәлім күйінде қалды. Полигондағы сақтаулы атом зарядтарын залалсыздандыру жұмыстарына бөлінген 150 миллион доллар қаражатты игеру Нанна-Лугар бейбітшілік бағдарламасына (АҚШ) сәйкес қызу жүріп жатқан. Біздің полигонның бас қаласында төтеннен бас қосумыз, міне, дәл осы тұс.
«Жапон ғалымдарымен полигон басында тең басып бір жүруіміз», сірә, еркіндік пен жариялықтың, демократияның көрініс-нышаны болмақ. Бірақ мұнда қарсы алған жолбасшымыз әскери капитан шеніндегі орыс жігітінің диктофон, фотоаппарат, қалам-қағаздарымызды кезекші бөлімге қалдырумызды қайта-қайта «қиылып» өтінгені түсініксіздеу болып тұрды. Сонда ғой Дәукең ағамның: «Әй, бұлардың жариялылығы қайда, ендігі жерде полигонда құпия болмайдысы қайда?» деп зілсіз реніш білдіргені.

Жол соғып шаршағандықтан болар, оң қырыммен жатқанмын, оң қырыммен тұрдым. Көзімді ашсам, Дәукең менен ерте тұрып, әуелім, киініп алыпты. «Жайсыз ұйықтадым, қантым көтеріліп кеткен секілді!» деген ақын ағамның аузынан осы күні төңіректен өте жиі еститін қант диабеті туралы сол жолы алғаш естіген ем. «Дәріханаға барып келе қояйын, аға» деп ем, «Жоқ, алаңдама, ішетін дәрімді өзім алып жүремін ғой» деп қағазға мұқият оралған аппақ дәрі ұнтағын көрсетті. Бір-екеуін солдат стақанына су құйып, араластырып ішіп те алған сыңайлы.

«Енді қалайсыз?» – «Қазір тәуірмін, бірақ сендермен сапарға шыға алмайтын сияқтымын, ұйқым бұзылғанға ма, кәдімгідей шаршаңқырап тұрмын».

Таңғы асқа да құлықсыз ағам «Ал енді диктофон, қалам-қағаз алма деп тұр ғой анау жандарал мырза, көзіңмен көргеніңді, көңіліңе түйгеніңді келген соң түк қалдырмай маған айтып бересің…» деп көзі кіртиіп тұрған бойы, мені жолға шығарып салды.

Жапон ғалымдары жеңіл көлікке отырды. Біз кәдімгі «Паз» автобусына. Оның салонының тең жартысына лабораториялық құрылғылар орналастырылған екен. Бұрын-соңды мұндай жолаушы автобусын көрмеген басымыз, таңданып-таңырқаған бес-алты тілші бос орынға кең, молынан жайғасып алдық. Ойымыз сан-сақта, көзіміз жан-жақта, көңіліміз алаң. Төңіректе көзге ілінетін ештеңе көрінбеді. Ядролық жарылыс полигоны аталатын мидай даламен жүйткіп келеміз. Кенет автобус жапондар мінген көліктің соңынан оңға бұрылып, ойпаң жерге іркіле төмендей беріп, кілт тоқтады. Капитан жағынан «Түсеміз!» деген бұйрық жетті. Көліктен түскен бойдағы бірінші байқағаным, кәдімгі ауылда бала кезде егістік басында тыңайтқыш химикаттар сақтайтын қойманың алдына келген сияқты болдық. Ол қоймада бір есік болушы еді, мұндағы екі есік ішке қарай ашылыпты. Көпшілікке жол берген екі солдатты көзім шалды. Мидай жазықтан ойпаңды аяқ астына тап келтірген табиғат сыйына таңданбай көр осыдан кейін!

Жапондар бастап, біз қоштап, әлгі есіктен ішке ендік. Кідірмедік. Жүріп келеміз. Түп-түгел бетоннан құйылған жер астындағы туннель тәрізді самаладай жарық бұл құпия жол бізді қайда апарады? Топ үнсіз. Алдыңғы лектегі аудармашымен сөйлескен жапон ғалымдарының сөздері құлаққа еміс-еміс естіледі. Әркім өз ойымен. Оң қабырғадағы изоляцияланған үш тал электр желісі бізбен осы туннельге кіргелі бері жарысып келеді. Әрбір он бес-жиырма метр жерден әлгі электр желісінің үстінен бастырылып жарқыратып шам қойылыпты. Шамға бір желі жетеді, қалған қара этиленмен қапталған жуандау екі желі не үшін?

Артыма қарасам, жүз метрдей аралықты аяңдап қойыппыз. Манағы жер асты жолының бас қақпасында кездестірген солдаттың бірі есікті жауып жатыр екен.

…Қаламы мен қағазын қолына алып, алда-жалда керек боп қалса «түртіп қояйын» деген себеппен, мен бастаған әңгімені мұқият тыңдап, зейін қойып отырған Дәуітәлі ағам, «көрген-білгеніңді айна-қатесіз түп-түгел баяндап бересің» деген өзі ғой, кенет дәл осы жерден менің әңгімемді бөлді.
– Ой, Құдай-ай, а… сонда жер астындағы, кәдімгі жер асындағы құпия жолмен жүріп келе жатырсыңдар ғой?!
– Иә…
Дәуітәлі ағам мұқият әрі өте сақ. Көңілдегі күдігін сейілткісі келді ме, бір сауал қойды.
– Жүз метрдей жүргеніңді қалай есептей қойдың, енді осы жағы маған қызық боп тұр?
– Оның еш қызығы жоқ, Дәуітәлі аға, бала кезден біз білетін футбол алаңының ұзындығы 100 метр емес пе? Көзге де, көкірекке де өшпестей жатталып қалған… Мен сол алаңның бергі басында, туннельдің қақпасын жауып жатқан солдат сол ауыл стадионның арғы басында тұрғандай көрінді, – деп күліп жауап қайтардым.

Басын бір шайқап күлімсіреген ақын ағама, әңгімем ұнап бара жатқан секілді, «содан, ары қарай…» деді.

Шынында да, әркім өз ойымызбен әлекпіз дедім емес пе, «стадион біткен жерден» «бір-екі…» деп бастап, әр қадамымды іштен санап келемін. Ерінбей, шатаспай, санап келемін. Туннель де мұндай түп-түзу болар ма, әр қадамыңда санап басқаныңа да қолайлы… Осылай тағы да 900 қадамдай жүрдік. Жер асты жолы дәл осы жерден солға бұрылды. Бұрылысқа дейін шамамен мың қадам артта қалды. Тоқтаусыз жүріп келеміз… Сол көрініс. Бетон қабырғадағы кезекті шам… үш электр желісі. «Кенет, мына қабырғадағы шам өшіп қалса, жайымыз не болмақ?..»

Бірінші мың қадамдық межені алған мен, тобымызбен туннельдің ығына жығылып, дәл солға бұрылған жерден бастап іштен санауымды жаңалап, «бір-екіден» қайта бастадым. Туннельдің түбіне тезірек жетсек екен деумен әлек шығар, жұрт та үнсіз. Міне, «екінші мың қадам» межесінен де өттік-ау деген сәтте, тұйыққа келіп тірелдік. Сұрғылт бояумен сырланған жалғыз темір есіктің алдында тұрмыз. Кәдімгі электр стансалары мен қорғаныс қалқандарына сары бояумен сырлап, қызыл найзағайлы белгі соғылған «Стой! Убьет!» деген жазу көзге оттай басылды. «Дені сау адам жер астындағы екі мың қадам құпия жолмен токқа түсу үшін осында келе қояды деді ме екен? Бұл әскерилерді түсініп болмайды, қызық…»

Капитан темір есіктің оң жағындағы қол жетер жердегі қара ноқатты басты…
Темір есік бізді көп телміртпей айқара ашылды. Кәдуілгі ғимараттың кең бөлмесіне тап болдық! Жер астында кәдімгі ғимарат… кең бөлме. Өң мен түстің арасы дерсің! Лифт алдында тұрмыз. Көп кісі емеспіз, десе де лифтіге екіге бөлініп міндік. Байқағаным, лифтіміз аттың басын төмен қарай тартқан секілді.
Сөзімнің еш қоспасыз екеніне бас изеп, ұйып тыңдап отырған Дәукең ағам, осы арада бір тамсанып алды.
– Ойпырм-ай, ойпырм-ай… Кәдімгі ғимараттың ішінен аумайды дейсің бе? Бұл адамдар кәдімгі көртышқан секілді жер астын қазып-кеміріп, түк қоймаған екен де… Қанша қабат төмен түстіңдер сонда?
– Білмеймін, лифтіміз сақырлап ұзақ жүргендей болғанмен шамамен екі қабатқа төмендедік-ау деймін. Жаңағы туннельден бірден кіргендегі ғимараттың кең залы, лифтіден шыққандағы көргенімізбен салыстырғанда ойыншық болып қалды.

Үнсіз отырған Дәуітәлі ағам «Мынау тағы не айтпақ…» дегендей, жылтырақ әдемі көзілдірігін бір түзеп алып, маған қарай ентелеп, құлағын түре түсті. Лифтіден шыққанда біз екі қабат үйдің биіктігіндей кең, биік, зәулім залдың ішінде кәдімгі атом реакторына ұқсаған құрылымның астыңғы тұсына тап болдық. Дәукең ағама оның неге реактордың астынан қарайтын зал екенін түсіндірудің жеңіл жолын таптым. Себебі Чернобыль АЭС-дегі апатқа байланысты химиялық қорғаныс әскерінің құрамында төтенше жағдайды басымнан өткізген жайым бар. 1987 жылы Чернобыль атом электр стансасының №3 энергоблогы корпусын дезактивациялау жағдайында осыған ұқсас алып реактордың астынан жоғары көз шалған көрініс-сурет жадымда мәңгілік сақталып қалғанын айтып бердім.

Сұрақ қоюшы да, жауап алушы да жапондар. Біз жәй «қаламсыз-қарусыз» көрерменбіз. Атом реакторына ұқсаған құрылғының нобайын тамашалап көріп қана сапарымызды аяқтап, қайтадан сол екі мың қадамдық жер асты жолына келіп түстік. Ойпаңдағы бас қақпадан жоғары шыққандағы менің алдымен байқап, таң-тамаша қалғаным… тіп-тіке мың қадам, одан сол жаққа мың қадам, о, тоба жерастында біз көзімізбен көрген атом ректорының үстінде құрылыс базасы секілді қараң-күрең… көрінді. Келген бетімізде асығыстықтан аңғармаған екенбіз. Әлгі құрылыс базасында көзге бірден түскен тіректі крандар мен көпірлі крандардың сұлбасы, тау-тау боп үйілген құрылыс материалдарының нобайы ап-анық көрініп тұр. Сонадай жерде бортына толтырып тақтай тиеген шаруашылықтың кәдімгі «көк қасқасы» –«Зил-130» автокөлігі қара жолдың шаңын шығарып, гүрілге басып кетіп бара жатты. Кеңес өміріндегі әскери құпияның біз сол күні куә болған бір шындығы!..

Қалаға оралған соң әскер асханасынан түстендірген жол басшымыз бізді полигон музейіне алып келді. Жапондардан қай жол айрығында көз жазып қалғанымыз есімде жоқ. Колба ішіндегі спиртке малынып қойылған мутанттар сұлбасын көргенде жаным түршікті… Қазақтар!.. Қазақтарды атом тәжірибе-сынақтары үшін жануарлар құрлы көрмеген. Осы топырақта ол тәжірибе 40 жыл аяусыз жалғасып жүргізілген, 40 жыл тоқтатпаған! «Реактор» сапарынан соң жолда тобымызбен сынақшылардың «Плутоний тауы» деп мысқылдап ат қойған атақты Дегелең тауының етегіне барып кідіргенбіз. Неге Плутоний тауы? Өйткені таудың бүйірінен көлденең тесілген ұңғымалар (штольня) қаншама жыл ең қауіпті атомдық плутоний элементімен толтырылған. Ол жарылыстан кейін де мыңдаған жылдарға у мен заһарын, залалын сақтайды! Бұл мәліметтерден ол кезде мүлдем бейхабар кезіміз. Тау етегіне жеткенде біздің көзімізге түскені – туннельге ентелей енген теміржол. Туннельдің аузы вагон сыятындай көлемде үңірейіп ашық тұрды. Үңгір аузынан қайттық. Жолбасшымыз ішке кіруге рұқсат жоқ екенін ескертті, оның бер жағында ішке ену өте қауіпті – радиация!

Дегелеңдегі сол сынақ үңгірлерінің «қызметі» туралы осы музейден толықтай мағлұмат алдым… Макетте әлгі етектегі біз көрген үңгір тау ортасына дейін созылып жатты. Туннельдің түбіне ядролық заряд қойылады екен. Белгілі қашықтан кейін туннельде қалыңдатып бірінші бетон қабырға құйылады, оған өлшеуіш қондырғы жапсырылады. Екінші, үшінші, төртінші осындай бетон қабырғалардың күйреуі арқылы атом зарядының жойқын күшін анықтайтын болған әскерилер. От алған атом жолындағы әлгі қабырғаларды күйрете өтіп, соңғыларына шамасы жетпегенде, сыртқа шығар тесік таппағанда күллі Дегелең тауын іштен теуіп дірілдеткен ғой…
Реактор туралы басы артық сұрақ қоймаған ағам:
– Е-е, бауырым, сенің де көрмегенің жоқ екен ғой! – деді ойлы жүзбен. Өзі де атом мәселесінде қара жаяу емес, бастапқы менің бұл әңгімемді тыңдап отырғанда бізді сол ядролық заряд қоятын штольняның бірімен кетіп бара жатыр екен деп ойлапты.
Айдаладағы жасырын жер астындағы атом реакторының қандай қызмет атқаратыны қанша жерден құпия болғанмен, екі журналистің көсіліп ой қозғауына тосқауыл қоя алмады.
– Кеңес өкіметінің жүздеген-жүздеген ядролық ракеталары бар, солардың басына тығындалатын зарядтар осы полигонда сыналып жатыр да…
– Ол зарядтарды ракетаның тұмсығына Мәскеуге апарып салып жатқан жоқ шығар, әрине, осындағы сынақ алаңында салады…

Кейде бір қабағы түйілгендей болып, кейде бір ой құшағына беріліп кеткендей отырған Дәукең ақ қағаздың бетіне қолындағы қаламұшын оқтын-оқтын жүгіртіп қоюды да ұмытпады. Жабырқаулы көңілге тосыннан құйылып келген жыр жолдары болды ма екен мазалаған?! Аса сезімтал екен. Ақын ағам, «Е-ее… полигонда сыр көп. Мәңгілікке ашылмайтыны да бар шығар, біз оны қайдан білеміз» деп терең күрсініп те алды.


Сол сапарда жер астындағы екі мың қадамдық құпия-қисық жолдан өзге менің тағы бір тапқан «олжам» бар-ды. Дәукем ағамның «қалай Қажымұқан атанған оқиғасын» өз аузынан сол жолы естіп ем… 1977 жылы КСРО үкіметі Екібастұз жылу энергетикалық кешенінің құрылысын салуды қолға алған соң аумаққа Бүкілодақтық комсомол құрылысы деген ұранын жариялайды емес пе?!

– Ол кезде мен «Лениншіл жас» газетінің тілшісі едім. Жалындап тұрған шағым. Құдай-ау, не дейсің, бір күні алып кешеннің қарқынды құрылысын көрсету үшін Одақтың барлық бұрышынан жастар газетінің журналистерін сонда жинады. Біздің газеттен менің жолым түсті, – деп жайдарылана күлгенмен бет әлпетін өте-мөте салмақты ұстайтын ағам Екібастұздағы той-думанның естелігін «үтір-нүктесіне» дейін түгін қалдырмай айтып көсілді.

– Шіркін, жастық! Ортақ тіліміз – орысша! Әр қиырдан келген әріптестерім арасында ақындары бар. Дастарханымыз поэзия кешіне айналды да кетті. Мұндай жиындардың кешкі дәмінде азын-аулақ арақ-шарап қойылатын дәстүр бар-ды. Кезек менде – Пушкиннен сілтеп, Абайды мәрге шығарып жұлқынып отырған кезім еді. Ұзын бойлы, қара костюм, қара галстукті бір орыс жігіті тосыннан келіп, сөзімді екі рет бөлді. «Уақыт бітті, осы жерден тоқтаңыздар! Демалыңыздар…» дейді. Жұрттың бәрі менің аузыма қарайды. Қара костюм үшінші рет келіп маған еңкейіңкіреп әлгіндей ескертуін айтқанда, шыдамадым: «Оу, айналайын, сіз өзі кімсіз?» деп қалдым. «Мен Поддубныймын» дегендей болды. Лапылдап отырған жайым бар: «Егер сен Поддубный болсаң, мен Қажымұқанмын. Кел, күресесің бе?!» дедім. Айнала қоршаған әріптестерім ду етіп, жарыла күлді. Қара костюм кілт бұрылып кетіп қалды. Тойымыз тағы бір шама уақыт жалғасты. Сөйт-сеем…
Дүйсенбіде, Алматыда, Дәукең әдеттегідей таңертең жұмысқа келсе, редактор таң атпай іздеп жатыр дегенді естиді. «Екібастұздың жайын асықпай сұраса да болар еді, жайшылық болды ма екен!?».
– Сейдекең, редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов қаталдығы да, жүрегінің жомарттығы да бар ғажайып жан еді ғой. Тосын шақыруға орай сәл-пәл толқып кірдім. Есіктен сұлбамды көрген бойда «Иә, Қажымұқан кір, кір…» десін. «Ой-пәлі…» Сөйтсем, әлгі мен қағыс естіген Поддубный емес, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің дөкейі Подгорбунский деген екен. Қазақстандағы барлық жастар басылымының редакторларын тағайындайтын мықтыны белдесуге шақырған мен де мықтымын ғой. Редакторымызға «Бүкілодақтық өкілдер алдында менің масқарамды шығарды, жұмыста бір күн ұстамай, босат» деп шүйлігіпті бастығымызға, «құйрығына қоңырау байла» дегенді де ұмытпапты. Секең де батыр ғой, ешқандай да «қоңырау байламай» өз арызыммен қызметтен босатты…

90-шы жылдардың екінші жартысында Дәуітәлі ағаммен «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет істедік те. Ауылымыз бір, «Қазақфильм» ықшам ауданына бірге қайтамыз, әр қазақтың жүрегін сыздататын Семей полигоның әңгімесін еш үзбей жалғастырып жүрдік. Кейде бір Дәукеңе «Ал, Қажымұқан аға сау болыңыз, ертеңге дейін» деп әзілдеп қоятынмын. Көңілі айнадай тап-таза ақын ағам сондайда өткені еске түсіп, бір жарқылдап қалатын! Неге екенін қайдам, Семей қасіреті туралы екеуара көп әңгімелескендіктен бе екен, сол әңгіме басталса, оның жанарынан барша қазақтың мұның байқайтынмын! Айтпай сездіретін абзал аға!

Кезінде ядролық сынақ алаңына Қарағанды, Павлодар және Семей облысынан 18500 шаршы километр жер бөлінгенді де кейін естіп-білдік. Қазір… бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында ресми түрде 8 шаруа қожалығы 3938,2 гектар жерге дәнді дақыл отырғызады деген жария мәлімет бар. Осы алқаптан жыл сайын 2796 тонна бидай, 130 тонна картоп, 230 тоннадай күнбағыс майы жиналып, 25 мың тонна шөп дайындалады екен. Тіпті 70 тоннадан астам көкөніс жиналатынын қайтерсіз? Мұның сыртында жайылымда қаншама мал басы жайылып жүр деңіз? Мақтаныш па?! Ғалымдардың болжамынша, осылайша жерді «өңдеу» топыраққа сіңген атом уын жояды-мыс. Кешегі 40 жыл ядролық жарылыстан көз ашпаған далалық алқапты ғалымдармыз осылайша «гүлдендіріп», кіршіксіз табиғатты байырғы қалпына келтірмек! Ол өзі мүмкін бе деген сауал мазалайды мені?!

Төтенше жарылыстан атомы жартылай ыдыраған Чернобыль аймағы неге мың жылдық радиациялық-экологиялық биосфералық қорыққа (226 964,7 гектар) айналды деп ойлайсыз? Семейдегідей мал өсіріп, егін егуді белорус пен украин ғалымдары білмеді ме? Білді. Сондықтан да апат болған аумақты адам аяғы мың жыл баспайтын қорыққа айналдырып отыр. Саркофаг астында шала ыдыраған атом әлі күнге дейін бықсып жанып жатыр. Ол арнаулы өте күрделі қондырғы-тоңазытқышпен суытылады. Ерекше сүзгіден өткізілген соң, белгілі мөлшерде залалсыздандырылған соң ғана аспанға шығарып, желге шашып жібереді. Залалсыз! Әлем тарапынан бақылау зор. Бірақ олар… атом уы шашылған жер телімдерін қазақтарша өңдеу жағын «қарастырмаған». Өйткені беймәлім атом қалдығы мыңдаған жыл өлмейтінін көрсетті. Ғалымдар шарасыздығын мойындады…

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?