Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың

25 маусым 2021, 12:27
Алмасбек Садырбаев, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы

Алмасбек Садырбаев, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы

Қуаңшылық Қазақстанның оңтүстік аймақтары мен Маңғыстау өңірінде жылда болатын жағдай. Тек биылғы жағдай жылдағыдан ауыр. Табиғат апатынан қашып құтыла алмайтынымыз анық. Бірақ одан шығар жол бар. Мұның бәрінің тірелер тұсы – Қазақстанның агросаясаты. Агросаясатқа келгенде, осы саланың белсендісі болсын, министрліктегі шенділер болсын, жергілікті әкімдіктегі ауыл шаруашылығына жауапты мамандар болсын – бәрі ауызбен орақ орады. Өтірік санды тізгенде, екі езуі көпіріп кетеді. Ауыл шаруашылығы тақырыбындағы жиналыстарға қатысып жүрмін. Цифрға «жатып» алған шенеуніктер: «Жылына 500 млрд, 3 жылға 1,5 трлн теңге қаржыны ауыл шаруашылығына бөліп жатырмыз», – деп соғады. Жарайды, айта бер, көпіре бер. Егер солардың берген есебі анық болса, біздің ауыл шаруашылығы техникамыздың 90 пайызының тозығы жетер ме еді?

«Қыстың қамын жаз ойла» деген. Бірақ қазақ шаруаларының 95 пайызында дәл қазір жем-шөп жоқ. 5 пайызы ғана қысқа дайын. Ветеринария жағынан да дайындығымыз кемшін. Мұның бәрін қаражат шешеді. Ақша бөлінбесе, шаруа малдың қамын ауадан жасамайды. «Мал шаруашылығына бөлініп жатыр» деген қаржы – қазақша айтқанда, жұғынды ғана. 500 млрд теңге емес, жылына 5 трлн теңге бөлінуі керек. Сөйтіп ауыл шаруашылығының бетін бері қаратпасақ, ауыл жері бос қалады. Бос жатқан жер жау шақырады. Оның үстіне, халықтың ауылдан қалаға көшу үрдісі артпаса, кеміп отырған жоқ.

Егер қаражат бөлінсе, орта жолдан ұрлап-жымқырмаса, қазақтың шаруасы жер астынан қара су шығара алмай ма? Жер жаралғалы мал бағып келе жатқан қазақтың миы су көзін табуға жетпей ме? Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржыға қитұрқы саясат жүрмейді. Ақша беруге келгенде қарапайым шаруа өте алмайды да, билік жағалаған, әкім-қарамен тамыр-таныстығы бар, депутат-министрлердің құда-жекжаты оп-оңай өтіп кетеді. Бұл не деген сөз? Бұл дұрыс агросаясаттың жоқтығы. Қазақ шаруаларының дәл қазіргі жағдайы «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кері. Субсидия, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз ақша – бәрін солар алады. Ал ауылда мал бағып отырған нағыз шопанға шұлық та жоқ.

Көрші Өзбекстанның жері біздің Қазақстаннан да ыстық, қағыр. Бірақ солардың қуаңшылықтан қырылып қалдық дегенін ешкім естіген жоқ. Неге? Өйткені олар жер игеру, жер суару, суармалы жерді көбейту жағынан бізден көш ілгері кетіп қалған. Өзбекстан үкіметі мал бағамын деген шаруаға 4 пайызбен несие беріп отыр. Қысқасы, мал бағудың бүгінгі күнге сай жаңа технологиясына келгенде, өзбектер бізден епті. Ал қора-қора қой, үйір жылқы, табын сиыр айдаған, ата-бабамыз мал баққан біз қуаңшылықтан қысылып, малымыз шіліңгір шілдеде көтерем болып, қырылып жатыр. Жуырда ғана бір жиналыс болды. Көрші елдерден фермерлер келіпті. Бір өзбек жігітпен қатар отырып қалдым. Содан өзімнің шаруашылығым туралы әңгіме қозғап, американдықтар айтып жүрген «1 гектар жерге 30 қой бағуға бола ма?» деген дүниелерді айттым. Сөйтсем, ана жігіт еш таңданбайды. «1 гектарға 30 қой бағу деген бізде «норма» ғой. Суын шығарамыз, шөп егеміз», – дейді жай ғана. Оларда тамшылатып суғару әлдеқашан жалпыласыпты. Қысқасы, қауын еккен өзбек мал бағудан қазақтан озып тұр.

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қарайтын арықтардан жылына бір Кіші Аралдың суы құрып кетеді екен. Өйткені арықтың тозығы жеткен, шұрық-тесік. Су барар жеріне жетпей құмға сіңеді. Құдай қазақтың маңдайына ұлан-ғайыр жерді қалай берсе, суды да солай мол берген. Қазақстанның жер үсті, жер асты су қоры өте көп. Оны ғалымдар айтып-жазып жүр. Бар суды неге кәдеге жарата алмаймыз? Су – тіршілік нәрі. Су болса, шөптің алуан түрін егуге болады. Маңғыстауда да, Қызылорда облысында да арқырап аққан асау өзен болмағанымен, жер астында жөңкілген дария ағады. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» деген әңгімесінде құдықшы жер асты суынан көз жұмып, шелегі Каспийден табылмай ма. Сол Каспий мен Арал сияқты теңіздің маңында жер асты суының мол қоры болуы – табиғаттың заңдылығы. Оны біз ғана емес, ғалымдар айтады. Маңғыстау даласында тереңдігі 6 шақырым шыңырауда әлемдегі ең таза, минералды, шипалы өзен бар. Каспийдің астында арнасы бөлек, ыстық су ағады. Қалталы жігіттер сол суды шығарып, шипажай салғалы жатыр. Сондықтан бізде су жоқ деген бос әңгіме. Мәселе, агросаясаттың дұрыс жүргізілмеуінде. Шаруаға суы мол құдық қазу үшін қомақты қаражат қажет. Оны алу үшін үкіметке телміреміз.

Мен көпжылдық шөп ектім. Мысалы, «реграс» деген шөптің бір тұқымы ерте көктемде, екіншісі жаздың ортасында, үшіншісі қаракүзде көктейді екен. Маусымдық шөп қой. Одан бөлек, тимофеевка, овсяница, клевер деген шөп тұқымдарын салдым. Суды 25-30 метр тереңнен ұңғып, өз қаражатыма шығардым. Негізінде мемлекеттен су шығару үшін де субсидия қарастырылған. Бірақ оны алудың әңгімесі көп. Қып-қызыл құмға асқабақ салдым. Қошқарға өте құнарлы тағам. Шөп болсын, асқабақ болсын, бәрін жер асты суымен тамшылатып суғарып отырмын.
Қазір малды да білімді адам бағады. Бұрынғы заманның шопандары сияқты қойдың артынан салпақтап жүретін дәуір өтті. Мысалы, мен шөп еккенде, жайылымды қоршағанда жұрт не айтпады? Әлеуметтік желіде мені еріккен біреуге теңеді, ақшасы көп адамның тірлігі деді. Егер бүгінгі фермер білімді болмаса, жер астындағы қара су түгілі, жер үстіндегі қара жусанға жарымайды. Бүгінгі фермер ауыл шаруашылығына арналған жаңа технологияларды танып-білуі керек. Жем-шөп дайындауға, мал тұқымын асылдандыруға, қандай мал өсіруге, малын қалай жақсы бағаға сатуға дейін білім қажет. Бұл – бүгінгі күннің уақыт талабы.

Жазып алған Жарас Кемелжан

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген