Алматы облысында сотығына 1 мың долларынан төлеп, сан соғып қалғандар жер телімдерін кімнен дауларын білмей жүр. Айтуларынша, қалталы кәсіпкердің жерін сатуға көмектескен адам қазір 5 жылға сотталып кетіпті. Ал, ашулы жер иесі кімге ақша бердіңдер, содан талап етіңдер деген көрінеді. Айта кетейік, кезінде бұл жерлердің барлығы «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» серіктестігінің иелігінде болыпты. Яғни, мемлекеттен 49 жылға жалға берілген жердің қалайша жеке меншіктің қолына өтіп кеткені де, көпшіліктің көңіліндегі күдікті көбейтіп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
-Ақшасын төлесек те, сүйем жер бұйырмады деп шығамданғандар, келіскен жердің әр сотығына мың АҚШ долларынан бергенбіз дейді. Араларында 5-6 жер телімінен алғандар да бар екен. Алайда, жеке қосалқы шаруашылық мақсатындағы мемлекеттік акті бұдан бір жыл бұрын дайын болғанымен, әзірге қолдарына ешқандай құжат тимепті.
Жер телімін аламын деп, сан соғып қалғандардың бірі Еркін Теміртеков әуелі Төребек Баймұратов есімді азаматқа қолхат арқылы қажет қаржыны санап беріпті. Бірақ, қазығы қағылған жердің қызығын көрмек түгілі, маңына жолай алмай жүрмін дейді ол.
Еркін Теміртеков, Алматы облысының тұрғыны:
-Әнеки, темір қазығы тұр. Қасына ағаш қазық қаққанмын. Осы жерден қызыма және өзіме жер алғанмын. Дос сих пор жүрміз… Неше жыл болды? Осы майда төрт жыл болады.
Жер сатуға қатысты басы дауға іліккен Баймұратов, қазір 5 жылға сотталыпты. Наразы топтың айтуынша, ол қалталы кәсіпкердің меншігіндегі жерді сатуға делдалдық жасаған. Ал, сотталушының әйелі болса, сатып алушыларға қолхат берген күйеуім, аңғалдығының кесірінен аяғын аңдамай басты дейді.
Әтіркүл Баймұратова, Төребек Баймұратовтың жұбайы:
-Бұл жерде күйеуімнің кінәсі, елдерден алған ақшаны базарға алып барып береді. Джипінде отырып береді. 150 мың доллар ақша береді. Бірақ, алдым деген қолхат алмайды. Ақкөңілдігінің кінәсінен болды. Жолды да өзі төсеп, көлігімен…
Сотқа жеткен істе жәбірленуші ретінде 38 адам көрсетілген. Бір қызығы, кәсіпкердің жеке меншігіндегі жер кезінде «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» серіктестігіне тиесілі болыпты. Сотталған Баймұратов сол компанияға басшылық еткен. Ал, дауға айналған телімдер орталыққа қысыл-таяң шақта көмек қолын созған кәсіпкерге қарыздың есебі үшін беріледі. Жеке меншікке кеткен егін шаруашылығындағы 152 гектардың 39-ның нысаналы мақсаты өзгеріп, 6 сотықтын бөлінген 392 мемлекеттік акті шығады. Сондықтан, ақ адал ақшасын төлегендер соттың соңына дейін кәсіпкерден үміттерін үзбепті.
Еркін Теміртеков, Алматы облысының тұрғыны:
-Бұл кісі сотқа бір рет қана барды. Барған кезде айтты, егер мемлекеттік актімді аресттен шығарып берсе, халықтың жерін қайтарып беремін деген. Адвокаты да солай деген. Кешегі сот күні, адвокаты Тілеубаев Бақытқожа дегенді танымаймын дейді.
Ал, серіктестіктің қазіргі басшылығы, телімдерді сот шешімімен қайтарғанымен, кәсіпкер алдындағы қарызымызды өтей алмаймыз дейді.
Жанболат Әлішеров, «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» ЖШС директоры
-Банкротта болғаннан кейін біз жерді біріншіден қайтара алмаймыз. Екіншіден, ол жерлерге документі жоқ болса да үйлер салынып кеткен. Біздң тарапымыздан айттық, халыққа беріңдер жерді деп. Соттың шешімі де сол болды.
Камера алдында жауап беруден бас тартқан кәсіпкер Бақытқожа Төлеубаев, жер телімдеріне салынған тыйым алынбайынша түсінік бермеймін деді. Ал, амалы таусылған жұрт аудандық прокуратураға шағым түсіруге оқталып отыр. Демек, төрт жылға созылған сергелдең жақын күндері аяқтала қоймасы анық.