Жеңіске жеткізбеген «Жеңіс»

14 шiлде 2023, 17:31

Каспий кеніште мұнай табылмады. Нақтырақ айтсақ, теңіздің елімізге тиесілі бөлігінде орналасқан «Жеңіс» құрылымында ұңғыма қара майға «малшынбай», құрғақ боп шықты. Бұл «қара алтын» іздеуге жұмсалған 50 млн доллар көлеміндегі қаржы зая кетті деген сөз. Аз ақша емес, әрине. Терістік көршімен өзара тиімді, берекелі тірлікті қаламайтын, өзімізден гөрі өзгенің мүддесін көбірек күйттейтін мысықтілеулес ағайын алақайлап, қуанып жатыр. Дегенмен әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай тәуекелі мол күрделі істе қолға алғанның бәрі нәтиже бермейтін ескерген жөн. Оның үстіне, біздің тарапымыздан қаржылай шығын жоқ. Оған мақала барысында тоқталамыз.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі таратқан деректе жобаның операторы «Жеңіс Оперейтинг» ЖШС және «Лукойл Қазақстан Апстрим» ЖШС екендігі айтылған. Осы геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасына аталған компаниялардың жобаға қатысу үлесі бірдей (50/50).
Жағалаудан 80, ал Ақтаудан 180 шақырым қашықта жатқан, аумағы 6848 шаршы метрді құрайтын «Жеңіс» кенішінде мұнай барлау, сондай-ақ бұрғылау жұмысын қаржыландыруды көздейтін келісімге 2018 жылғы 30 қарашада қол қойылған. Әу баста теңіздегі бізге тиесілі аумақтың оңтүстігінде 100 млн тонна шартты отын бар деген болжам жасалды. Еліміздің энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және Ресейдің «Лукойл» компаниясы арасында жасалған келісімшарт мерзімі — 34 жыл. Оның 9 жылы мұнай барлауға, қалғаны өндіріске арналуы тиіс-тұғын. Құжатқа сәйкес, геологиялық барлауға қатысты жұмыс керри-қаржыландыру (carry-financing) тәсілімен жүзеге асырылды. Бұл әдіс бойынша серіктес («Лукойл») жобаның өнім іздеу кезеңін (100 пайыз) қаржыландырады. Компания салған инвестициясын болашақ өндіріс есебінен қайтарады. Ал геологиялық барлау нәтиже бермеген жағдайда әлгі шығын өтелмейді. «Қаржылай шығынымыз жоқ» деуіміздің мәнісі осы.
Айта кету керек, геологиялық барлауда нақты нәтижені дөп басып айту қиын. Бұрғылау қорытындысы бойынша көмірсутегі қоры болжанған көрсеткіштен аз, кейде тіпті ұңғыма бос болып шығуы да ықтимал. Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» мамандары әлемдік статистикаға сәйкес, болжам деңгейі 20-30 пайызды құраса, табысқа жету әбден мүмкін деп есептейді. Бұл тәуекелге барып, инвестиция тартуға негіз бола алады.
Еліміздегі бірқатар жобаға, соның ішінде мұнай өнімдерін шығаруға инвестиция салған «Лукойлдың» жеңіске жеткізбеген «Жеңіске» үлкен үміт артқаны белгілі. Өйткені ол компанияның «ҚазМұнайГазбен» бірге құрған «Центральный» және «Хвалынское» сияқты теңіздегі өндіріс ошақтарына жақын жерде. Бұған қоса, 2018 жылы Қазақстан үкіметінің Каспий шельфінде геологиялық барлау жүргізетін инвесторларға елеулі салық жеңілдігін енгізу жөніндегі шешімі тартымды ұсыныс болатын. Ресейлік мұнай алпауыты «Жеңістен» кеткенімен еліміздегі жұмысын тоқтатқан жоқ. Компания «Әл Фараби», «Қаламқас-теңіз», «Хазар-Әуезов» сияқты кеніштерді игеріп жатыр.
Біздегі кеніштердің біразы байырғы. Қоры сарқылып барады. Сондықтан қандай да бір сәтсіздікке қарамастан, қазба байлықты іздеу жалғаса беруі тиіс. Өйткені тәуекелсіз жеміс жоқ.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды