Жеңісбек Әлиасқаров: Әр мәселе тұрғындармен кеңесіп шешіледі

12 қыркүйек, 15:34

Соңғы кезде елімізде болып жатқан саяси жаңғырудың бір көрінісі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама билік пен қоғам арасындағы ашық байланыстың болуын, маңызды шешімдерді қабылдауда қарапайым халықтың ұсынысын ескеруді көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», — деген еді.

Президент тұжырымдамасы бүгінде жемісті түрде жүзеге асып, мемлекет пен халықтың арасында байланыс орнады. Қазір құзырлы органдар тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, тығыз жұмыс істейді. Осы орайда Jasqazaq.kz тілшісі Алматы облысы Кеген ауданы Тұйық ауылының әкімі Жеңісбек Әлиасқаровпен сұхбаттасып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады.

— Жеңісбек Мөңкебайұлы, Тұйық ауылында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қаншалықты жүзеге асуда? Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер шешімін тауып жатыр ма?

— Тұйық ауылының әкімі болғаныма төрт жылдай уақыт болды. Әрине, бүгінге дейін барлық түйткілді мәселелердің күрмеуін шештім деп айта алмаймын. Дегенмен ауыл тұрғындарын толғандыратын түйткілдерді шешуге барынша тырысып жатырмын. Мемлект басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін ауыл тұрғындарымен кездесу жиі ұйымдастырылады. Одан бөлек, бөлім басшыларымен бірлесіп, тұрғындарды жеке мәселемен қабылдау да айына екі -үш рет ұйымдастырылады. Бұл бастама өз жемісін беріп те жатқан сияқты. Ауылда 1578 тұрғын бар. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар мен есепте тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Әкім болып келгенде ауыл халқының жаз айларында ауыз су тапшылығынан зардап шегетінін көрдім. Сондықтан ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауылдағы жарамсыз болып қалған төрт ауыз су құдығы тазартылып, жөнделіп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, рейдке шығып, үй-үйді аралау барысында кейбір тұрғындардың ауыз суды мал суаруға, құрылысқа пайдаланатынына көз жеткіздік. Соған орай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр үйдің сумен қамтылуын шештік.
Жақында ауылдық әкімшілік ғимаратындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында ауыл тұрғындарымен Ашық есік күні өтті. Ашық есік күніне келген тұрғындарға ең алдымен мемлекеттік қызметті онлайн алу жолдары түсіндірілді. Ауылымыздағы 50 адам ашық есік күніне қатысып, өздеріне қажетті ақпаратпен қамтылды. Сонымен қатар ауылға жылжымалы диагностикалық медициналық кешен келіп, тәжірибелі дәрігерлер 80 адамға профилактикалық тексерулер жүргізді, кеңестер берді. Осындай іс-шаралар арқылы тұрғындармен тығыз байланыстамыз. Олардың мұң-мұқтажын кез келген уақытта тыңдауға дайынбыз.

— Ауыл әкіміне тұрғындар көбінесе қандай мәселелермен жүгінеді? Мәселен, қандай мәселе нақты шешімін тапты? Алдағы уақытта қандай қордаланған шаруаларға басымдық беріледі?

— Тұйық ауылы — Кеген ауданындағы шағын ауылдардың бірі. Кеңес үкіметі кезінде бұл ауылдың аумағында көмір, қорғасын өндіру шахталары жұмыс істеген. Қазір ауылда қарапайым ғана тірлік, тұрғындардың басым бөлігі мал өсірумен айналысады. Ауылда мектеп, амбулатория, шағын мәдениет үйі мен мектеп ғимаратында балабақша жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселенің бірі — жайылымдық жер. Сонымен қатар мал азығын даярлайтын шабындық жерлерді бөлу мәселесі бар. Ауыл көшелерін жарықтандыру, көшелерге асфальт төсеу сынды жұмыстардың жүзеге асырылуын сұрап келетін тұрғындар бар. Кейбірі жеке мәселелерімен жүгінеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға да мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті алу, көп балалы отбасылардан атаулы әлеуметтік көмекті алу тетігін сұрап келетіндер бар. Барлығына сәйкесінше кеңес беріліп, қажет болса, Кеген ауданындағы құзырлы органдарға жіберіледі. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын әкімшілік ұжымымен, одан кейін ауыл тұрғындарымен, Ақсақалдар кеңесімен бірге талқыладық. Жиын барысында халықтың көкейінде жүрген біраз мәселелер айтылды.

— Ауылдың жағдайын көтеру үшін жұмыс керек. Әкім ретінде ауыл тұрғындарының тұрақты түрде еңбекпен айналысуына жағдай жасау үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Ауылдық жерде өз кәсібін ашып, жұмысын жүргізіп отырғандар бар ма?

— Алматы қаласына жақын аудандардың бірі болғандықтан, ауыл жастарының басым бөлігі қалада тұрақтап қалғысы келеді. Дегенмен мал шаруашылығымен айналысып қымыз, сүт пен құрт-ірімшігін сатып күнін көріп отырған отбасылар бар. Амбулатория мен мектебімізге жас мамандар келіп, тұрақты жұмыс істеп жатыр. Ауыл мектебінде білім алып, 20 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер биыл ауыл аркасын жаңалап, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді қажетті оқу-құралдарымен жабдықтады. Әр жылғы жастардан құрылған осындай қайырымдылық ұйымы ауылдағы көп балалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға қаржылай, не болмаса азық-түлік түрінде жәрдем беруде. Қазір ауыл жастарынан құрылған қор ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған ұйымға айналып барады. Бұл, әрине, туған ауылына, туған жеріне деген көмегі. Жастар бізге «ауылда қоғамдық іс-шаралар мен спорттық жарыстар ұйымдастырайық» деген ұсыныспен келеді. Біз әкімдік тарапынан тек қолдау көрсетеміз. Жастарымыздың ауылда тұрақты тұрмаса да, өскен жерлеріне сырттай демеу болатындары қуантады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?