Желтоқсан көтерілісі болған жылы мен Алматыдағы шет тілдер институтында 3-курста оқитынмын. Небәрі жиырма жаста едім.
Желтоқсанның 16-сы ешбір алаңсыз, әдеттегі күн болып басталды. Таңертең біздің топтың қыздары бас оқу корпусының алдында жиналдық. Себебі сол күні Ә.Қастеев атындағы көркем галерия мұражайына барушы едік. Кураторымыз Күләйхан Тасболатқызы бастаған топ жаяу-жалпы жоғары көтерілдік. Мұражайдан түске қарай шықтық. Осы кезде, қайдан құлағдар болғанын қайдам, (ол кезде қазіргідей қалта телефоны жоқ болатын) апай бізді тоқтатып, сөзіне мұқият құлақ асуын өтінді. Сосын таңертең Орталық Комитетте пленум болып өткенін, онда Қонаевты алып, орнына бір орыстың тағайындалғанын, оған наразы болған жастар дәл қазір Брежнев алаңына жиналып жатқанын айта келіп, қандай жағдай болмасын, ол жаққа аяқ баспауымызды ескертті. «Қазір ешқайда бұрылмай, турасымен жатақханаларыңа барасыңдар», – деді нықтай. Біздің ойымызда ештеңе жоқ, бармау керек болса, бармаймыз дедік. Сосын тарай бастадық. Апай өз жөніне кетті. Шыны керек, жатақханаға қарай аяғымыз баспады. Есіл-дертіміз алаңға ауды, онда не болып жатқанын өз көзімізбен көргіміз келді. Гүлнар ма, Ақшолпан ба, қазір есімде жоқ, бір қыз: «Қыздар, тұр десе тұрып, отыр десе, отыра беретін үйретілген ит емеспіз ғой. Өз ойымыз, өз пікіріміз бар ересек адамдармыз. Жүріңдер, алаңға не болып жатыр екен, өз көзімізбен көріп қайтайық», – деді. Осыны күтіп тұрғандай бәріміз бұрылып алаңға тарттық. Брежнев алаңы біз тұрған жерден алыс емес еді. Тез-ақ жеттік. Өзіміз сияқты өрімдей жастар топ-топ болып жүр екен. Арагідік үлкен кісілерді де көзіміз шалды. Біз алғашқыда ештеңе түсінбедік. Мән-жайды біртіндеп түсіне бастадық. Сөйтсек, Мәскеудің бұл істеп отырғаны – Қонаевтың орнына Қазақстан туралы түк білмейтін біреуді әкелуі барып тұрған әділетсіздік екен, бұл қазақты кемсіту, менсінбеу екен. Көзі ашық кісілердің осындай түсіндірулерінен соң патриоттығымыз ұстап, қанымыз ойнап шыға келді. Бірақ ол күні айтарлықтай ештеңе болмады. Басқа танымайтын қыз-жігіттермен ертеңіне шығуға сөз байласып, жатақханаға қайттық.
Түнімен ұйықтай алмадық. Жатақхана іші абыр-сабыр, астаң-кестең. Әлденеге ішіміз ашиды, жүрегіміз дүрс-дүрс соғады.
Уәде бойынша желтоқсанның 17-күні алаңға курстастар Кәрима Төлепбергенова, Гүлнар Дүйсенбекова, Қатира Кемелова, Гүлнар Сатамбаева, Бибігүл, Ақшолпан, тағы басқа бір топ қыз болып тағы келдік. Бұл күні алаңда ине шаншар жер болмады десе болады. Бір жігіт Лениннің портретін көтеріп алыпты. Сәл әріректен «Әр ұлтқа өз көсемі!» деген ұран жазылған транспарантты көзім шалды. «Менің Қазақстанымды» қайта-қайта қосылып шырқаймыз. Біз ең алдымен Қонаевтың алдымызға шығып, барлық мән-жайды өз аузынан түсіндіріп беруін талап еттік. «Ол сендердің шаруаларың емес, партияның шаруасы» деп түсіндірді бізге. «Партия не істеймін десе де өзі біледі» деді. Сонда атақты әнші Роза Бағланованың «Айналайындарым, балаларым, жалынып сұраймын, қайтыңдаршы!» деп жылап тұрып сөйлегені есімде. Қазақстан комсомолының жетекшісі Серік Абдрахманов, тағы басқа ығай-сығайларды да көзім шалған. Сағат 5-тер шамасында шерушілер мен жасақшылар арасында қақтығыс басталды. Алғашқыда жастар бос келмеді. Бірақ милицияға қосымша күш қосылып, бізді тықсыра бастады. Біз қарсыласып бақтық. Осы кезде алаңның Фурманов көшесі жағынан өрт сөндіргіш машиналар шығып, шерушілерді сумен атқылады. Бұған жастар қатты ашынды. Ашуға берілген жастар алға лап қойды, сол кезде бірнеше машина өртке оранды. Соны біз өз көзімізбен көрдік, «осының бәрі біздің Алматыда болып жатыр ма» деп ойладық. Алаңдағы топалаң кезінде курстас құрбылар бір-бірімізден адасып қалдық. Қақтығыс барған сайын күшейе түсті. Шеруші жастар көз алдымызда соққыға жығылып жатты. Солдаттар ұл, қыз деп жатпады, шетінен өлімші қылып сабап, тепкілеп жатты. Солдаттар жағын қайдам, жастар арасында жарақат алғандар тым көп болды. Оларға ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмеді. Қатарымыз біртіндеп сирей бастады. Дегенмен не істесе де қайтпай, түнгі сағат 12-ге дейін алаңды айналсоқтап жүріп алдық. Тек содан кейін ғана үй-үйдің арасымен жүріп отырып, жатақханаға оралдық.
Жатақханамызды бір жеті бойы милиция мен институт оқытушылары күзетіп тұрды. Бір де бір адамды рұқсатсыз кіргізбейді, не шығармайды. Қатал. Соған қарамай, желтоқсанның 18-інде амалын тауып шығып, алаңға бет алдық. Барсақ, беттерінде қалқан, қолдарында резеңке таяқ ұстаған әскерлер қатар-қатар алаңды қоршауға алыпты. Жүздері сұсты. Жемтік көрген жыртқыштар сияқты. Әне-міне дегенше болған жоқ, қоршауға жақындай бергенде құрбым Гүлнарды солдаттар шап беріп ұстап, тартып әкетті. Тіпті көмектесіп үлгере алмадық. Улап-шулап қала бердік.
Енді не істейміз деп басымыз қатып тұрғанда, күтпеген жерден әлгі әскерлер лап қойды. Жапа-тармағай қаша бастадық. Көппен бірге қашамын деп, жүгіріп келе жатып, аяғым тайып жығылдым. Тобырда ақыл жоқ дейтіні рас қой, қашқан адамдар үстімнен таптап өте бастады. Тұра берсем қағып өтеді, қайта құлаймын, осылайша мен біразға дейін тұра алмадым. Есімнен танып қалыппын. Қанша жатқаным есімде жоқ, есімді жисам, бір жігіт мені қолтығымнан алып демеп тұрғызып жатыр екен. «Жүруге шамаңыз келе ме? Ендеше, бұл жерден дереу кетіңіз» деді әлгі дауысын қатайтып. Содан сүйретіліп жатақханаға келдім. Жатақханамыз Шагабутдинов және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан еді. Кіреберісте старостымыз Ләйла қарсы жолықты. «Қаңғырып қайда жүрсің, сені декан іздестіріп жатыр?!» деді ренжіген түрде. Сосын жаны ашып кетті ме, «Мына түріңмен оның көзіне түспегенің жөн, әйтпесе… ол кісі қатты ашулы» деді. ГРЭС жақта туыс ағам тұратын еді, көшеден такси ұстадым да, сол кісінің үйіне тайып тұрдым.
Жастардың бейбіт шеруін қан-жоса қып басқан соң, көп күттірмей жазалау науқаны басталды. Қазақтың жас жігіттері мен қыздарын оқу және жұмыс орындарына іздеп барып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Желтоқсаншыларды жазалауда, әсіресе, өз арамыздан шыққан комсомол белсенділерінің қарқыны сұмдық болды. Олар ешкімді аяған жоқ. Әйтеуір, біздің курста оқитын қыз-жігіттердің ауызбіршілігінің арқасында, жазалаушылардың қара тізіміне ілінбей аман қалдық.
Сол дүрбелеңнен есте қалған бір жайт, алаңға барғандарды сурет арқылы іздеу басталды. Кім қайда оқиды, қайда жұмыс істейді, сабаққа немесе жұмысқа уақытында келіп жүр ме, тергеушілер қатты тіміскіледі. Оларға комсомол комитеті көп көмек көрсетті. Біздің оқу орнында да жүріс-тұрысы бір түрлі адамдар пайда болды. Күнде жиналыс, гу-гу әңгіме. Пәленшені комсомолдан шығарыпты, түгеншені тергеуге алып кетіпті дейді. Сол кезде орыс тобында оқитын үш қызды комсомол қатарынан шығарып тастағанда үлкен дау болды. Біз іштен тынып жүрміз. Тіпті қыздар бір-бірімізбен сөйлеспейміз. Сөйлессек, біреу естіп, МҚК қызметкерлеріне жеткізіп қоятын сияқты. Егер суреттерден біреуміздің бейнеміз шыға келсе, не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Сол кезде «әлдекім курстасымыз Болат Шарахымбаевтың суретін танып, айтып қойыпты» деген сөз желдей есті. «Ойбай, енді не болады?» деп қатты шошындық. Артынша «Болат ұсталыпты, тергеуде жатыр екен» дегенді естідік. Шынында, неше күннен бері ол сабақта жоқ еді. Бірақ анығын ешкім білмейді. Оны бір білсе, досы Серік Қайыпбаев білу керек еді. Сұрастырсақ, ол да бейхабар болып шықты. Ол кезде Болат пәтерде тұратын, алайда мекен-жайын ешкім білмейді екен. Іздеу басталды. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Ізім-қайым. Факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нариман Мәметұлы ағай мен топ жетекшіміз Күләйхан Тасболатқызы «Шарахымбаев келді ме?» деп күнде сұрайды. Содан курстас досымыз жаңа жылдан кейін бір-ақ пайда болды. Бізге түк болмағандай кейіп танытқанымен, оған да бір тықырдың таяғанын сездік. Болатты кейін комсомол жиналысына салыпты, ректоратқа шақырыпты дегенді естідік. Одан кейін расында көрінбей кетті.
Қанды желтоқсаннан соң қаншама қазақ жастары жазықсыз қудаланып, оқудан шығып қалды, жұмыстан қуылды, сотталып кетті. Тағдырлары күл-талқан болды. Қазір соны ойласам, өзегім өртенеді.
Иә, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ, күреспен, қан төгіспен келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан көтерілісіне деген қоғамның түсінігі өзгере бастады. Бір кезде еркіндік аңсап, алаңға шыққаны үшін қудаланғандар, тәуелсіздіктен кейін ұлықтала бастады. Бірақ неге екенін білмеймін, Желтоқсанда толарсақтан қан кешкендер өзінің әділетті бағасын әлі ала алмай отыр. Өкінішті!
Қазір осы Алматы қаласында «Думан» ықшамауданында тұрамын. Ш.Уәлиханов атындағы әйгілі №12 мамандандырылған гимназияда бастауыш сыныпта мұғаліммін. Еліміздің бостандығы үшін өз тағдырларын оққа байлаған өрімдей жас қыздар мен жігіттердің ерлігі мен намысшылдығын есіме алсам, жанарыма жас келеді. Енді біздің көрген қорлығымыз бен азабымызды болашақ ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін.
Майгүл САТАМБАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
№12 мамандырылған
мектеп-гимназияның оқытушысы