jasqazaq.kz

Желдің таза энергиясы

23 қыркүйек 2024, 12:12

Жаңғыртпалы энергия көздерін (ЖЭК) игеру «жасыл экономикаға» көшуге және экологиялық тұрғыдан таза инновациялық технологияларды пайдалануға жол ашады. Бұл ретте жел мен күн энергиясын игерудің маңызы зор екені белгілі. Маңғыстау облысында осы салада бірқатар ауқымды жобалар бар. Айта кеткен жөн, аймақтың климаттық ахуалы да бұған барынша қолайлы.

Өткен аптада Маңғыстаудағы жел электр стансаларына (ЖЭС) инвестиция тарту, оларды біріктіріп, қуатын арттыру бойынша маңызды қадам жасалды. «Шеврон» компаниясы баспасөз қызметінің jasqazaq.kz сайтына берген мәліметінше, жаңғыртпалы энергия саласында жұмыс істейтін отандық «КТ Редкометальная компания» бірлескен кәсіпорны мен американдық «Chevron Direct Investment Found Ltd. жекеменшік компаниясы арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Құны 19 млн долларды құрайтын бұл жоба өңірдегі Форт Шевченко ЖЭС, «Сервис» ЖЭС және Жаңғыз ЖЭС-ті біріктіре отырып, жалпы қуаты 56 МВт-қа жететін ірі жел электр стансалары тобын құруды көздейді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аталған инвестициялық келісімнің маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі жаңғыртпалы энергия саласына құйылған қаржы электр қуаты өндірісін арттырып қоймай, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба, сондай-ақ, экономиканың өркендеуіне, жұмыс орындарын ашуға және отандық кәсіпорындарды қолдау ісіне өз үлесін қосады.

«КТ Редкометальная компания» бірлескен кәсіпорны Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко жел электр стансасын жаңғыртуды, таза энергияны өндірісін молайтуды және негізгі қызметкерлер санын молайтуды жоспарлап отыр. Маңғыстаудағы ең ірі жел стансасы бүгінде 43,6 МВт электр қуатын өндіреді. Ал Жетібай ауылында орналасқан «Сервис» және Жаңғыз жел электр стансаларының жалпы қуаты — 15 МВт.

Жасыл энергияға шетелдік инвестиция тартудың тағы бір мысалы ретінде Қарақия ауданындағы Мұнайшы ауылында салынатын жел электр стансаны айтуға болады. 2022 жылдың соңында өткізілген аукциондық сауда-саттықтың нәтижесінде Sarkylmas Kuat (Гонконг) компаниясы жеңімпаз боп танылды. Құны 18 млрд теңгені құрайтын осы жоба іске асқанда ЖЭС 50 МВт мөлшерінде электр қуатын өндіреді. Энергетика министрлігі мен аталған компания арасында жасалған келісімге сәйкес, 45,5 гектар аумақта 8 жел генераторы орнатылады. Алдағы жылдың басында іске қосылуы тиіс станса жергілікті тұрғындармен қатар, өңірдегі теңіз терминалы мен зауыттарды таза әрі тиімді энергиямен қамтамасыз етеді.

Талап Тілеген

Сурет: kapital.kz

17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу