Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жүгінетін ақ халатты абзал жандар туралы қанша ой тербетсек те артық етпейді. Медицина қызметкері — деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі мен атқаратын жұмысы да баршылық. Медицина қызметкерінің аурудың алдын алу үшін, қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі білсе, бірі білмейді. Әрине, еңбекті адал бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлері тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз.
Маусым айының үшінші жексенбісі дүниежүзілік медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Осы мерекеге орай Алматы қаласындағы №7 Қалалық клиникалық аурухана басшылығы журналистерге бір сәтке «дәрігер» кейпіне еніп, науқастарға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Газет-журнал, ақпараттық портал мен телеарна тізгінін ұстап жүрген әріптестер медициналық мамандықтың әр саласына бөлінді. Маған хирургия бөлімінде жұмыс істеу бұйырды. Айналасы екі сағаттың ішінде дәрігер болудың қиын екеніне көзім жетті. Себебі осы сәтте хирургтер тарапынан әр түрлі жағдаймен келген он шақты адамға түрлі дәрежеде көмек көрсетілді.
— Біздің жұмыс физикалық жағынан да, рухани жағынан да қиын. Өйткені жұмыс ауыр. Күн-түн демей кезекшілікке шығамыз, үздіксіз жұмыс істейміз. Науқасты құтқарып қалсаң, соған көмегің тисе, көңілің көтеріліп, шаршағаның басылып, жүрегіңді қуаныш кернейді. Ал кейде қанша тырыссаң да науқасқа көмектесе алмайтын кезің болады. Бұндай кезде жабырқап қаласың, — дейді хирург Жомарт Байдәулетов.
Айналасы екі сағаттың ішінде алты адамға алғашқы көмек беріліп, ауыр жағдаймен түскен науқасқа кешенді дәрігерлік қызмет көрсетілді. Аурухана өткен жылдан бері қызмет көрсетудің жаңа стандартты үлгісіне көшкен. Дәрігерлер аймағында, бірнеше саланың мамандандары науқастарға жылдам әрі сапалы қызмет көрсетті.
Ал хирургия бөлімінің меңгерушісі Ғазиз Құнанбайұлы, бөлімнің негізгі қызметімен таныстырды.
Ол:» Адам өміріне қауіп төнген жағдайда, ота науқасқа тегін жасалады. Ал қазір ауруханаға келген адам, алдымен тіркеледі. Тіркеуден өткеннен кейін қажетті анализі алынады. Біздің ауруханада сараптама қорытындысы бір сағаттың шамасында дайын болады. Одан кейін науқасқа қажетті ем ұсынылады».- деді.
Дәрігер тек қана емдеумен айналысып қана қоймай, түрлі аурулар мен жарақаттану кезінде алдын алу шараларын жүргізеді. Диагнозды дұрыс қою, ауруға зерттеу жүргізу, әр науқастың бабын табу және кәсіби ем тағайындау – бұл медицина саласындағы дәрігер бойынан табылатын үлкен өнер.
Мақпал Ноғайбаева