Кешқұрым. Жұмыстан қайтып барамыз. Тәкси ұстап едім, Талғарға кетіп бара жатқан бір жеңіл көлік тоқтай қалды. Міндім. Ішінде гу-гу әңгіме. Пікірталас. Алдыңғы орынға жасы жетпіске қараған қария жайғасыпты. Арт жақта үш жігіт отырмыз.
Ақсақал айтады: «Қазіргі жастар жалқау, бос белбеу. Бәріңде не үй жоқ, не күй жоқ. Пысықтарың екі жұмыс істейсіңдер. Бірақ баспаналарың жоқ. Ал біз оқуды қалай бітірдік, солай пәтерлі болғанбыз» — дейді. Ортамызда отырған арық шикі сары жігіт қызынып алыпты: «Ата, ол заман бұл заманға ұқсамайды. Сіздің жас кезіңізде тегін үй беретін. Қазір тегін үй деген атымен жоқ. Арендаға береді. Оған айлап емес, жылдап кезекке тұрасыз. Алған соң, 15 жыл бойы үйдің барлық құнын, үстіндегі пайызымен қосып төлейсіз. Өз үйіңізді өзіңіз жалдап жүргенде, жастық шағыңыз өтіп кетеді. Ал сіз бізді жалқау, анау-мынау деп сөгесіз. Мен сияқты немеріңіз бар шығар. Оның да үйі, күйі жоқ шығар?» — деді.
— Айналайын, бауырым, немерелерім бар. Бірақ бәріне бір-бір баспана жасап бергем. Машиналары да бар. Сен сияқты жаяу жүрмейді – деп қария сөзінің нысанасын сары жігітке бұрып айтты.
— Немереңіз өзі жасамапты ғой. Сіз сияқты мықты атам болса, менің де үйім болатын еді. Машина да мінетін едім. Ал сіз менің жағдайымды білмей тұрып, сыртымнан сөгесіз.
— Біздің заман да қиын болды. Алматыда тіркеуге тұру, үйдің кезегіне жазылу деген әңгімелер қазіргіден де күрделі болатын. Сендердің замандарың жақсы бәрібір. Өздерің жалқаусыңдар – деп қария сұқ саусағымен нұқып тұрып, арт жақта балапан қаздай тізіліп отырған үшеумізге «оқ» атты. Енді сарының сөзіне мен араластым. «Не жұмыс істеп едіңіз, ата?» — дедім сабырлы қалыппен.
— Әскери байланыс саласында жұмыс істегенмін. Ол құпия қызмет саналатын. Айлығым аз болған жоқ. Бірақ жауапгершілігі көп еді.
— Сіздің семіз сөйлеп отырғаныңыздың сыры мәлім болды, ата! Жақсы жалақы, теген пәтер. Жоқшылықты көрмеген соң, бізге ақыл айту, әрине оңай болады да. Оның үстіне балаларыңыз түгілі, немерелеріңіздің де жағдайын жасап тастапсыз – дедім қасымдағы сары жігіттің сөзін толықтырып.
— Иә, ақсақал, менің атам да, әкем де қойшы. Екеуі де Алматы көрмегендер. Сіз сияқты өкімет жұмысын істесе, мен де шіреніп отыратын едім. Құдай қаласа, менің балам сіздің немерелеріңіз сияқты басында дайын пәтері, астында темір көлігі болады. Сонда кездесейік! – деді менің сөзіме қанаттанған «көршім». Үшеуімізге сөз бермей отырған қария үнсіз қалды. Өзінің себепсіз тиіскеніне ыңғайсызданды ма, әлде біздің сөзімізге уәж таппады ма – онысын анық аңғара алмадық. Ең бастысы қария үнсіз қалды. Межелі жеріне жетіп, көліктен түсіп жатып: «Атам қойшы» — дедің бе? Мен де қойшының баласымын. Бірақ ол кездегі қойшылардың балаларына өкімет өзі ие болушы еді» — деді. Біз қарияның сөзінің төркінін түсінбей бір-бірімізге қарадық.
Жарас ШӨКЕ