Шымкенттік Ерлан Ескермес Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Аталған оқу орнында “Механика-математика” мамандығы бойынша білім алған. Ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп оған “Жастар практикасы” бағдарламасымен қаладағы Әл-Фараби атындағы академиялық мектепке жұмысқа жолдама берілген. Жас маманға аталған білім ошағында тәлімгер бекітіліп, ол бүгінде жоғары сынып оқушыларына математикадан дәріс беру, оқушыны ҰБТ-ға дайындау процестерін үйреніп, тәжірибе жинақтау үстінде.
— «Жастар практикасы» оқуын бітірген жас маманға тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндікті қалт жіберіп алғым келмеді. Қазір мектепте жұмыс істеп жатырмын. Өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, жұмысымды тиянақты атқарсам, мүмкін осында тұрақты жұмысқа да қабылдап алып қалулары мүмкін, — дейді Ерлан Ескермес.
Айта кету керек,«Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімі 12 айға ұзартылған (бұрын 6 ай болатын). Айлық жалақысы да біршама артып 91 899 теңгені құрап отыр. 2022 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасына 2098 жасты қамту жоспарлсанса, жыл басынан 919 жас жолдама алып, олар барған жерлерінде еңбек етуде.
Шымкентте биыл «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі өзгеріп, төленетін еңбекақысы көтерілді. Мұндай шаралар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сайкес, жастар арасында жұмыссыздық денгейін төмендету үшін қабылданған.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі де 18 айға ұзарып, төленетін еңбекақысы 30 айлық көрсеткішке өсті.
Биыл ҚР Үкіметінің қаулысымен «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде қалада 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру болса, оның ішінде 20 759 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Ал, Шымкентте 2022 жылға 24 196 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның 14 157 орны тұрақты, 9 679-ы уақытша. Ұлттық жоба негізінде 10 522 жұмыс орны, 13 674 орын жеке бастамамен ашылады.
Тоқтар Жақаш