Шымкентте жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Кезекті басқосу Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Фармацевтикалық академиясының студенттерімен өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков, психологиялық коуч-тренер Көмек Ертаев, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» ҚБ басшысы Сабира Байзахова, практик-психолог Айсұлу Тұрсынбаева жетекшілік етті.
Жастармен кездесудің басты мақсаты – есірткі заттарының, ішімдік пен темекі тартудың жас ағзаға зияны, болашақ өміріне келтірер қасіретін түсіндіру. Сондай-ақ, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өміру сүруге тәрбиелеу және «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы бойынша кеңес беру.
– ҚР Ішкі істер министрлігі және қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» және «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында түсіндіру шаралары жалғасып келеді. Жыл соңына дейін өңіріміздегі барлық білім беру мекемелерінің оқушылары және жоғарғы оқу орындарының студенттерімен аталған тақырып бойынша толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деді Бауыржан Карбеков.
Шымкентте жыл басынан бері 4 000-нан астам есірткі саудасымен айналысып келген сайт бұғатталып, одан бөлек дәріханаларда есірткінің орнын алмастыратын препараттардың дәрігердің рұқсатынсыз сатылғандары тәркіленген.
Жуырда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасының бақыты – өз қолыңда» және «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында іс-шара өтті. Жиын спикерлер және университет студенттерінің қатысуымен ОҚМПУ жатаханасында өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – бүкіл қоғамның қасіретіне айналған нашақорлықтың алдын алу, отбасы құндылығын сақтап қалу жолдарын жастарға түсіндіру. Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков жастар арасында есірткінің заңсыз айналымы бойынша құқық бұзушылықтың деректері өскенін атап өтті.
–Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 300-ден аса есірткінің заңсыз айналыммен қоса, түрлі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде нашақорлық және есірткі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр, – деді Бауыржан Карбеков.
Құқық қорғау органдары жыл басынан бері 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын, олардың ішінде 58-і 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуымен орын алғанын мәлімдеді.
Тоқтар Жақаш