2025 жылдың 14 ақпанында SDU University-де Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Журналистика» мектебі мен «Бас редакторлар клубының» ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және қазақ медиасының трансформациясы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында жасанды интеллектінің қазақ медиа кеңістігіне ықпалы, журналистиканың жаңа форматтары мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы жасанды интеллекттің қазақ журналистикасына әкелетін мүмкіндіктері мен қауіптерінетоқталды. “Технологиялық революцияның оң да, теріс те әсері бар екенін есте ұстап, оған дайын болу керек. Жасанды интеллект уақыт үнемдеп, жұмысты жеңілдеткенімен қатар, авторлық хұқық, жалған ақпарат, ақпараттық қауіпсіздік жағынан да қатерлер туғызуы мүмкін. Сондықтан заңнамалық реттеу де болуы керек. 2025 жылы Парламентте Жасанды интеллект жөніндегі арнайы заң жобасын қарау жоспарда бар.”Сенатордың айтуынша, ЖИ өңірлік журналистика, басылымдарды жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі зор.
«Жасанды интеллект – бүгінгі журналистиканың ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл технологияның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білу кәсіби журналистиканың дамуына жаңа серпін береді», – деді «Alatay Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы.
Форумда жасанды интеллекттің қазақ медиа кеңістігіне ықпалы, оның журналистикадағы жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Цифрлық медиадағы трендтер мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Спикерлер жасанды интеллекттің журналистикаға әкелген өзгерістерін, контент өндірісіндегі автоматтандыру мен медианың болашақ форматтарын сөз етті.
ЖИ – студенттің көмекші құралы
Журналистика мамандының студенттері жасанды интеллект көмегімен бір суретті ғана пайдаланып, бірнеше тілде ақпарат беретін видео әзірледі. Алдағы уақытта жасанды интеллект «Журналистика» мекбетінде арнайы пән ретінде оқу жүйесіне енгізілмек.
Сонымен қатар, SDU студенттері мен медиа мамандары арасында ашық пікірталас өтіп, жас журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ақпараттық манипуляция, фактчекинг, этика және жасанды интеллекттің медиадағы орны сияқты тақырыптар талқыланып, сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қорытынды: қазақ медиасының жаңа кезеңі
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар жасанды интеллекттің қазақ медиасының дамуына ықпалы үлкен екенін, бірақ оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану қажет екенін атап өтті. Бұл жиын медиа саласындағы мамандар мен жас журналистер арасындағы диалогтың маңызды екенін және осындай кездесулердің сала дамуына ықпал ететінін көрсетті.
SDU University ұйымдастырған бұл форум студенттерге тәжірибелі журналистерден үйренуге, медиа саласындағы жаңа технологияларды зерттеуге және болашақтағы кәсіби бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.