Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 3650 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті.
Отан үшін отқа түсер азаматтарымыз¬дың өміріндегі жауапты қадам жасау шарасына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский және бөлімнің әскери қызметшілері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Әскерге азаматтық борышын өтеуге келген жас сарбаздар Отан қорғаушылармен тең дәрежеде сапқа тұру үшін бір айдан аса уақыт арнайы дайындық курсынан өтті. Жетісу облысынан шақырылған 40-қа жуық жауынгер Қазақстан халқына адал болуға, оның заңдары мен ұлттық құндылықтарын қастерлеп сақтауға ант берді. Сарбаздардың ата-ана, ағайын-туыстары келіп, ант қабылдап жатқан ұлдарын көріп көзайым болды.
Әр сарбаз ант қабылдаған сәттен бастап ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушы, елдің қорғанына айналары хақ. Осындай сертке саналы түрде кіріскен ел азаматтарын жақындары ерекше ықыласпен қошеметтеп жатты. Сарбаздар сап түзеген алаңға жауынгерлік ту кіргізіліп, мемлекеттік Гимн шырқалды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Игорь Поповский, 3650 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Еркін Абыкенов сөз алып сарбаздардың қызметіне толайым табыстар тіледі.
Салтанатты шарада сөз алған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Игорь Поповский: «Жас сарбаздар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыңдар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда отанды қорғаудың, соның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері жасалған. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғы белгіленген талаптарды орындау-парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз — өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу» деп жас сарбаздардың намысын қайрап, жігерін жаныды.
Салтанатты жиында әскери музыканың әуенімен қатар-қатар сап түзеп, бір ай бойы үйренген сан алуан әскери қимылдарын көрсеткен сарбаздардың ептілігі мен шеберлігіне жиналған қауым үлкен қошемет білдіріп, ризашылықпен тамашалады.
Ұлттық ұланның Алматы облысы Алатау қаласы Заречный ықшам ауданында орналасқан 3660 әскери бөлімінің жас жауынгерлері де дәл осы күні әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға серт берді.
ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі