«Жүз жаңа есімге» кімдер лайық? Үміткерлердің бойында қандай өнер болуы керек? Немесе бұл жобаға ұсынылған азаматтар қай саланың үздіктері болғаны жөн? Осы сұрақтарды ағабуын азаматтарға қойып көрдік. Олардың ойы-талғамы бөлек. Қазақстан Парламентінің бұрынғы депутаты, қоғамдағы кез келген мәселеге бей-жай қарамайтын мемлекетшіл азамат, жазушы-көсемсөзші Жарасбай Сүлейменовке қоңырау шалдық.
-Елбасымыз Н.Назарбаев осы «100 жаңа есім» жобасын не себепті көтерді деп ойлайсыз? Қандай қажеттіліктен туған идея?
-Мұның сыры – болашақ ұрпақты, замандастарымызды осындай тұлғаларға ұқсатып тәрбиелеу болып табылады. Елінің дамуына қызмет етіп жатқан азаматтар бүгінде өте көп. Солардың биіктерді қалай бағындырғанын халыққа түсіндіруіміз шарт. Әркімнің тағдыры өз қолында екенін ұғуы тиіс. Оның ар жағында елін, ұлтын сүю, отанды сүю сезімі жатыр. Осындай жандар ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Бір жандар өзінің ісін көрсетуі үшін ұмтылып жатады. Ал енді бірі, тіпті, дымын шығармастан өз ісін ғана сүйреп жүреді. Шындап келгенде, оның тірлігі бүкіл бір ұлтқа үлгі болуы мүмкін. Міне, осының аражігін ажыратып алуымыз керек. Елбасы бұл тапсырманы дұрыс тапсырып отыр. Сол себепті де осыны жүзеге асырушылар асығыссыз, саралай отырып даралауы қажет. Көптің игілігіне айналдыруы тиіс.
-XXI ғасырдың, Тәуелсіз Қазақстанның «100 жаңа есімін» анықтаудың түпкі мақсаты не деп ойлайсыз?
-Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң, біздің еліміздің ғана жұлдызы жанған жоқ, көптеген жандардың жолы ашылды. Мысалы, Кеңес үкметі тұсында әншілеріміз үлкен сахнаға шыға алмай, тасада қалып қоятын. Басқа ғылымда да сондай жағдай көп орын алды. Ал бүгінде осыған көптеген мүмкіндік, жол ашылды. Қай салада болсын, жақсы көрсеткішке жеткен, елінің дамуына қызмет еткен азаматтар көп. Сол себепті де 100 адамды таңдап алу ең бір жауапты жұмыс, талғамды таңдау.
-Қазақстанның «100 жаңа есімі» дегенді сіз қалай түсінесіз?
-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселе қозғалды. Менің ойымша, бұл жақсы бастама. Ерлік істері тарих қойнауында қалған бабаларымызды ұлықтаумен бірге, өзіміздің замандастарымызды, тәуелсіз елдің іргесін бекітуге үлес қосып жатқан қайраткерлерді, нағыз саңлақтарды танып, біліп, жақсы ісін, қол жеткізген табысын елге жария етуіміз керек. Осы жағынан алып қарар болсақ, өте құнды бастама. Жобаны қолға алып, жүзеге асыруға кірісіп, тіпті аяқтап та қойды. Ақпарат құралдарындағы алғашқы кезеңнің қорытындысын көзім шалып қалған.
-Осы «100 жаңа есімге» кімдер: қай саланың мамандары лайық деп ойлайсыз?
-Мұны белгілі бір саланың мамандары болуы керек — деп бөліп- жарудың еш қажеті жоқ. Өйткені, мұнда жұлдызы жарқырап жүрген, көпке үлгі болар майталмандар, ақылы және еңбегімен оза шапқан барлық саланың өкілдері енуі қажет. Алдыңғы қорытындыға қарар болсақ, тағы да бір пысықтаудың қажеттігі байқалды. Негізі, үміткерлерді анықтаудың тетігі терең ойластырылуы қажет. Интернет, сайт арқылы дауыс берумен ғана шектелмей, таңдау бүкіл халықтық сыйпатта жүруі шарт. 100 адам таңдалып, үш адамның үстінде дауыс берген жеткіліксіз. Аса танымал емес, осындай құрметке лайық болуға әлі жете қоймаған жандар да арасына еніп кетуі мүмкін. Сол себепті де әуелі жобаның жеке өзінің танымалдығын қамтамассыз етуі керек дегім келеді. Ертеңгі күні таңдалған жүз адам еліміздегі 18 млн әлеуметтің ішінен таңдалып алынған нағыз жұлдыздар болып шыға ма, шықпай ма, оны да ойлаған дұрыс.
Алғашқы нәтижеге қарар болсам, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданында орталық аурухананың медбикесі жолда келе жатып, бір келіншекке қиын жағдайда босануына көмектесіпті. Сол себепті осы кісі де ұсынылыпты. 100 адамның алғашқы қатарындағылардың есебінде тұр екен. Мұндай жағдай өмірде бола береді емес пе? Бір ғана еңбегі үшін еліміздегі ең таңдаулы тұлғаның қатарына қосу, меніңше, дұрыс емес. Айталық, медицина саласында Астанадағы тәрбие хирургиялық орталықтың басшысы бар. Бұл кісі әлемдік деңгейдегі дәрігер. Медицина саласында төңкеріс жасаған реформатор. Міне, осындай жандар ұсынылуы тиіс. Бұл Қазақстанның атын әлемге танытып, елге, халыққа пайдасын тигізіп жүрген тұлға. Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Дайындық» ЖШС директоры Біржан Шаймерденов деген азаматқа дауыс берер едім. Не үшін десеңіздер, бұл кісі өзінің ауылын нарықтың дауылынан, көптеген қиындықтан сақтап, шағын ғана ауылын ешкімнің көмегінсіз тұрғындарға жағдай жасап, белгілі бір үлкен шаруашылыққа айналдырды. Ауылды сақтау, жағдайын көтеру біздегі басты міндеттің бірі. Осылайша, бұл үлкен мәселені шешіп отырған азамат. Міне, осы жағын да ескеру керек.
— Әңгімеңізге рақмет!
Салтанат Шырынхан