Жансүгір қайда жерленген?

02 маусым 2017, 11:26

Адамзат тарихындағы ең ауыр трагедия 1931-1932 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық. Осы азап көпірінен талайлар өте алмай, жан-жаққа босып кетті. Көп адамның сүйегі далада шашылып қалды. Қанды шеңгел уысынан небір жақсы мен жайсаң да құтыла алмады. Солардың бірі – қазақ әдебиетінің дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров. Ілиястың өзі тұрмақ әкесі Жансүгір Берсүгірұлы да осы қамытты киген. Ал Талдықорған облысы Ақсу ауылында өмірге келген Жансүгірдің сүйегі Оңтүстік Қазақстан облысының қиыр бір ауданында жатқанын бүгінде біреу біледі, біреу білмейді. Ақынның әкесі мұнда қалай келіп жүр? Ол нендей жағдайда қаза болды? Бұл жөнінде сәл кейінірек тоқталмақпыз.

Жансүгір ауыл арасында айрықша зеректілігімен, білімдарлығымен көзге түскен жан. Ол негізінен ұсталықпен айналысыпты. Ауылдастарына үй шаруашылығына қажетті тұтыну бұйымдарын жасап береді екен. Ол жасаған ер-тұрман, әбзелдерге алыстан келіп тапсырыс беретіндер көп болған. Осы өнерінің арқасында азын-аулақ мал жинап, бірте-бірте орта шаруаға айналады.
Ілиястың бойына ақындық әкесінен ауысқан деседі. Жансүгірдің ұста болғанын жоғарыда айттық. Ол келіні Фатима Төребаевадан туған Саятты шапанына орап алып, үй маңында жүреді екен. Сонда жолда жатқан сынық тағаны көрсе таяғына іліп алып, үйіне әкеле берген ғой. Бірде Ілияс жұмысынан үйге келсе, әкесі Саятты арқалап, қолындағы тағаны ұстап тұр екен. Мұны көрген Ілияс әкесіне жаны ашып: «Көке, баланы да, тағаны да жерге түсірсеңізші» демей ме? Сонда Жансүгір суырып салып: «Мені ешбір қинамайды басқа мұң, баланы да, тағаны да тастамаймын» депті. Сонда Ілияс күліп: «Пәлі, көке, сөз тапқанға қолқа жоқ, сіздікі дұрыс» депті.
Жансүгір ескіше хат таныған, қазақ ауыз әдебиетінің қисса-дастандарын көп жаттаған адам. Ол дастандарды ел аузынан жазып алып, насихаттап та жүріпті. «Ілиясқа ақындық әкесінен жұққан» деуіміздің мәнісі де осында.
Жансүгірдің әкесі Берсүгір Кіндікқорған деген шоқы төбесінде ардагерлермен кеңес құрып отыратын, ауыл-аймаққа сыйлы азамат екен.
Ілиястың алғашқы жұбайы Фатима Төребаева «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болып жұмыс істеген. Газеттің бір нөмерінде «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» деп басылып кетеді. Сондағысы бір ноқат қана. Осыдан бастап Фатиманы НКВД қызметкерлері қудалай бастаған. «Ұ» әрпінің орнына «У» әрпін қасақана қойдың» деп Фатиманың қыр соңынан қалмайды. Фатима айықпас дертке шалдығып, өкпе ауруының ашық түрінен қайтыс болады. Бұл Жансүгір әулетіне төніп келе жатқан қара бұлттың бірі ғана еді.
Ілияс анасынан тоғыз жасында айырылады. Сол тұста арабша хат танитын шығыс ақындарының өлеңдерін жатқа білген Жансүгір Ілиястың ақындық дарынын ерте танып, ұлының қаламының ұшталуына тікелей өзі бас-көз болыпты.
Ал Ілияс өмірге келерде үйіне Молықбай күйші соға кетіпті. Сонда Жансүгір:
–Құрдас-ай, менің дүниеге келгелі жатқан тұңғышымның қуанышына ортақ бол. Сен сияқты халқым деп жүрегі ауырар ма екен? – депті.
–Балаңның атын Ілияс қой. Қызыр Ілияс пірім сақтап, қолдап жүрсін, – депті сонда Молықбай күйші.
Сол Ілияс 25 жасқа толғанда әкесі оны Жәмилаға жеңгелей үйлендіреді. Ал Жәмиладан бала болмаған. Ілиястың Фатимадан тұңғыш ұл болатыны сондықтан.
…1931 жылы сталиндік репрессия халық арасында қорқыныш, үрей туғызды. Ел ішін ашаршылық жайлады. Қарапайым халыққа қиянат көп жасалды. Осы кезде Ілияс Жансүгіров Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы еді. Алайда әкесі Жансүгірді Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы канал қазу жұмысына қалай жібергені бізге түсініксіз. Сірә, әкесін алып қалуға Ілиястың да шамасы келмесе керек.
Келесі жылы Ілияс аштықтан ауып кеткен әкесін іздеп Мақтаарал ауданына келеді. «Қызылабад» және «Жаңа тұрмыс» ауылдарының арасындағы жоңышқалықта отырып, Өскенбай Жұматаев деген кісіден жылқы жайлы әңгімелер жазып алады. Сол жылы «Жаңа тұрмыс» деген оқиғалы өлең жазады.
Профессор, көрнекті ғалым Темірбек Қожакеевтің 1990 жылғы «Жұлдыз» журналының №2 санында жарияланған «Журналис Жансүгіров» атты мақаласында «Ілияс жергілікті газеттерге қамқорлық жасап, оның қызметкерлеріне газет ісін үйретуден де жалықпаған. Осыған бір дәлел: 1932 жылдың көктемінде ол Оңтүстікке командировкаға барады. Бұл кезде Мақтаарал ауданы жаңадан ұйымдасып, онда орыс және қазақ тілдеріндегі газет шығару ұйғарылған екен. «Голос хлопковика» газеті шыға бастапты да қазақ тілінде газет шығаратын адам табылмай отыр екен. Ілияс бұл жәйтті естіп, қазақ жастарын газет жұмысымен таныстырып, «алғашқы нөмерді шығарысып кетейін» дейді. Осылайша «Мақташылар үні» газетінің алғашқы нөмері Ілияс Жансүгіровтің қатысуымен жарық көреді. Осы алғашқы нөмерге Ілияс бас мақаланы өзі жазған. Жас қызметкерлерге газет жұмысының қыр-сырын үйретеді. «Мақташылар үні» газетінің алғашқы редакторы Әділбай Омаров. Бұл кісі Ұлы Отан соғысы жылдары (1943-1947) «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясын басқарды. 1958-1964 жылдары осы басылымға қайта оралып, жауапты редакторы болды. Оның ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Оңтүстікке жасаған сапарында серік болғаны жайлы көптеген еңбектерде деректер бар.
Енді негізгі сауалға оралайық. Жансүгір сонау қияндағы Мақтааралға қалай келіп жүр? Сол тұста Ақсуды да ашаршылық жайлайды. Алматыда тұра берудің реті келмеген соң Жансүгір Мақтаарал ауданында тұратын немере інісі Құсайынды іздеп келеді. Торғайдай тозған ел жан сауғалап әр жерге кетіп жатқанда өз аяғымен келген адамды канал қазушылардың бастығы Жансүгірден «кімнің әкесісің?» деп сұрамағаны белгілі.


Ілияс Мақтаарал ауданына келгенде әкесі Жансүгір о дүниелік болып кеткен екен. Көнекөздердің айтуынша, Жансүгірге осы ауданның ащы суы жақпапты. Өзі аш-жалаңаш адамға ащы су қайдан жақсын? Оның үстіне күні-түні бір толастамаған ауыр жұмыс ақынның әкесін титықтатқан да болар.
Кезінде «Красная звезда» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы болған, бүгінде Мақтаарал аудандық ішкі саясат және мәдениет бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков қызмет бабымен көп адамдармен араласқанын айта келіп, көнекөздерден естуі бойынша Жансүгірдің бейіті «Бірлік» ауылының іргесіндегі көне мазаратта жатқанын айтады. Кезінде Жансүгірдің қорымы басына барып та көрген екен. Бүгінде дәл қай жерде жатқанын тап басып айта алмайды. Өйткені, содан бері қанша уақыт өтті. Оның үстіне қорым аумағы айтарлықтай кеңіп, өзгерді.
Жыр құлагері, жазушы, аудармашы, журналист, сатирик, фольклорист, драматург Ілияс Жансүгіровтің әкесі Жансүгір Берсүгірұлы Оңтүстік Қазақстан облысына зұлмат заман зобалаңымен келіп, сүйегі осында қалғанын тарих осылай дәлелдейді. Ал 1933-1936 жылдардағы Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Ілияс Жансүгіров 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалды. 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1958 жылы ақталды.
Қазақ әдебиетінің барлық жанрына қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарынның өмірі осылай тұйықталды. Замана запыраны әлі де халық жадынан өше қойған жоқ. Өшуі де мүмкін емес…
«Бірлік» ауылында көнекөз қариялар әлі де көп. Ауданның басқа да елді мекендерінде санасы сергек, құймақұлақ қариялар бар. Осылардың басын біріктіре отырып, Жансүгір баба жатқан жерді нақты анықтау, басын қарайту бүгінгі ұрпақтың борышы деп білеміз.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
жазушы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген