jasqazaq.kz

Жаңғырған теміржол өңірдің дамуына серпін береді

13 наурыз, 17:27
inbusiness.kz

inbusiness.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің транзит әлеуетін күшейтіп, көлік-логистиканы нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2019 — 2025 жылдары теміржол желісінің 9436 шақырымы жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, магистральдердің өткізу қабілетін ұлғайтуға, жалпы отандық көлік жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қол жеткізілді.

Теміржолдағы жөндеу жұмыстарының өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, күрделі жөндеу 3593 шақырымды қамтыды. Жөндеудің бұл түрі инфрақұрылымды кешенді қалпына келтіруге бағытталған. Оған рельстер мен шпалдарға қоса, басқа да бөлшектерді жаңарту кіреді.
Бұдан басқа теміржол желісінің 1560 шақырымында жекелеген жөндеу жұмыстары іске асырылды. Жұмыстың мұндай форматы теміржолдағы кейбір тозған бөлшектерді ауыстыруды көздейді.

Теміржол желісінің 4284 шақырымында жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Бұл шойын жолдың мерзімінен бұрын тозуына жол бермей, сол арқылы пойыздардың үздіксіз һәм қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін керек.
Жаңғыртумен қатар, ел ішінде жаңа теміржол құрылысы бойынша жобалар да жүзеге асып жатқанын айту керек. Көлік министрлігінің мәліметінше, елімізде 2019 жылдан 2025 жылға дейін 911 мың шақырым жаңа теміржол төселген.

Солардың ішіндегі ең ірі жоба — Достық – Мойынты теміржолы. 836 шақырымға созылатын бұл бағыт елдің транзит әлеуетін арттыруға үлес қосатыны сөзсіз. Алдын ала есеп бойынша, Қытай – Еуропа дәлізіндегі жүк тасымалын бес есе арттырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы осы жобаның екінші кезеңі іске қосылғанда: «Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді», — деп атап көрсеткен еді.

Теміржол саласында жүзеге асып жатқан «Бақты – Аягөз» жобасы да отандық көлік инфрақұрылымын дамытып, Транс-Қазақстан теміржол дәлізін құруда маңызды роль атқарады. Бұл бағыттың жалпы ұзындығы 303 шақырым. Жоба шеңберінде 11 жекелеген бекет, 68 көпір және 355 су өткізетін құбыр құрылысы қарастырылған. Құрылыс келесі жылы аяқталуы тиіс. Бүгінге дейін барлық инженерлік зерттеулер аяқталып, төрт вахталық қалашық салынып қойды.
Сондай-ақ Алматыда теміржол станциясындағы 75 шақырым айналма желінің жобасы жүзеге асты. Бұл Алматы қаласының көлік торабына түсетін ауыртапылқты азайтып, оңтүстік өңірдегі жүк пойыздарының қоғзалысын оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Осы сияқты жобалардың жүзеге асуы отандық теміржол желісінің серпінді дамуына, Қазақстанның Еуразияда негізгі көлік-логистикалық хаб атануына мүмкіндік береді.

Жалпы елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту және теміржол желісінің қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мұндай бастамалар елдегі логистика жүйесін жетілдіруге және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны сөзсіз.
Бұл туралы «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының өкілі Арман Ізжанов jasqazaq.kz тілшісіне айтып берді.

Оның айтуынша, 2023-2025 жылдардың қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіш 4214 шақырым болғанымен, нақты жөнделген темір жол ұзындығы 4448 шақырымға жеткен.

«Осылайша жоспар 234 шақырымға асыра орындалды. Бұл көрсеткіш бағдарламаның тиімді жүзеге асырылып жатқанын және теміржол саласында жаңғырту жұмыстарының тұрақты қарқынмен жүргізіліп жатқанын көрсетеді», — деді Арман Ізжанов.
Теміржол желілерін жаңарту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Компания өкілінің мәліметінше, үстіміздегі жылы 1577 шақырым теміржолды жөндеу жоспарланып отыр.

«Ағымдағы жылдың өндірістік бағдарламасы еліміздің оңтүстік өңірлерінде басталды. Барлық дайындық шаралары белгіленген мерзімде орындалды. Бұл жол жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Арман Ізжанов.
Теміржол инфрақұрылымын жаңарту тек көлік саласын дамыту ғана емес, сонымен қатар өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға да ықпал етеді. Жаңа жобалар, сондай-ақ жаңғыртылған теміржол желілері жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін арттырумен қоса, еліміздің транзит әлеуетін күшейте түседі. Бұл өз кезегінде өңірлердің дамуына серпін береді.

Олжас Әбдіхалық

31 наурыз, 20:53
Найти работу в Астане станет проще: Карьерный центр открылся в трех точках города
31 наурыз, 20:52
"Пропущенная доставка": астанчан предупреждают о новой схеме мошенников
31 наурыз, 20:49
Защита Родины — дело настоящих мужчин!»: в Астане проводили в армию очередную группу молодых людей
31 наурыз, 15:42
Отандық экотуризм: Жаңа бағыт, қарышты қадам
31 наурыз, 14:23
Есірткі кеселімен күрес – ортақ міндет
31 наурыз, 14:14
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – басым бағыттың бірі
30 наурыз, 16:02
Күрежолды дамытудағы жаңа бағыт
29 наурыз, 12:17
Көмір генерациясы – өңірлердің даму драйвері
27 наурыз, 20:32
Астанада көктемгі жалпы тазалық жұмысы жүріп жатыр