Көлік алғам. Қаланың шетінде тұрған соң, жұртқа ұқсап мен де ертелі-кеш бензиннің ақшасын шығарайын деп жол-жөнекей адам аламын. Қайсы күні «құйып тұрған нөсерге қарамай-ақ» екі жолаушыны іле кеттім. Екеуі де алпысты алқымдаған әйел. Жаңбыр жолды жауып, көше көл болып жатқанда өзіме де обал жоқ, пәлеге қалдым.
– Пойыздан кешігетін болдық, – деп қыр желкеме мініп алды біріншісі.
– Сен, бала, тасбақа құсап жүрісің өнбейді екен, – дейді екіншісі.
– Айналайын апалар, енді ұшпасам, басқа амалым жоқ: көшенің бәрі кептеліс, – дедім, сабырым таусылып.
– Онда нең бар бізді алып? Әнебір кинодағыдай, ұшатын тәксиге мінетін едік қой, – дейді жасы үлкені – біріншісі.
– Сен, бала, «трасста» жүрсең, құдай біледі, ұшасың. Жаңбырдан қорқып, әдейі жүрмей келесің, – дейді жастауы – екіншісі.
– Менен жүйрік көлік тапсаңыздар, өздеріңіз-ақ жетіп алыңыздаршы! Ақшаларыңыздың қажеті жоқ,– дедім бір кезде желкемдегі екі апама бұрылып.
– «Мен ұрлық қылғанда айдың жарық болғаны-ай!» дегендей, өмірімде бірінші рет Шымкентке құдалыққа бара қояйын деп едім. Шелектеген жаңбырың мынау, сағыздай созылған жолың анау! Машинаңды бір өшіріп, бір оталдырған сенің түрің анау» деп күйіп-пісті тағы да бірінші апам. Бұл жолы шыдадым шынымен таусылды.
– Айналайын апалар! Бүгінгі жаңбырды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Көшенің бәрі – көлшік. Көлшіктің тереңдігі дөңгелектен асады. Көліктер кезек-кезек жүзіп өтіп жатыр. Оның үстіне, менікі сияқты ескі «темірлер» өкпесіне су тиіп, күркілдеп жөтеліп, көшенің қақ ортасында өшіп қалады. Екі күннен бері құйған нөсердің кесірінен осындай кептеліс болып отырған жоқ па?» дедім қиқылдап-шиқылдап, бір-біріне жол бермей таласқан көліктерден көзімді алмай.
– Әй, балам, ашумен мына апаларың не айтпайды саған? Оған ренжіме! Саған дейін шелектеп құйған жауынның астында қанша тұрдық десеңші?! Әдетте қол көтере қалсаң, бірін-бірі қағып-соғып, жолға таласып, өліп-өшіп алдыңа тоқтай қалатын таксилердің бірі жоқ бүгін. Құдай бізге сені айдап келіпті. Өзің де жүзің жылы бала екенсің. Апаларыңды кешіктірмей, кептелісі аздау көшелермен жеткізіп сал, – деп екінші апам жұмсара қалды. Ұялы телефонымнан қала көшелерін көрсететін «2ГИС» дегенді ашып едім, теміржол вокзалына баратын көшелердің бәрі қып-қызыл болып тұр (қызыл түс кептелісті білдіреді).
– Барлық көше қызарып кетіпті, – дедім, ұялы телефонымды көрсетіп. Олар түсінбеді.
– Қызарғаны несі? – деді екеуі қатар жамырап.
– Қазіргі көшелердің ұяты бар. Кептеліс кезінде осылай қызарып кетеді, – дедім айнадағы екі апамның жүзін бағып. Олар аң-таң. Бір-біріне қарады да қойды. Содан кейін: «қашақ болғандай, ана қыздың да осындай жаңбырда қаша қойғанын қарамайсың ба?» деп бірінші әйел қайтадан күйгелектене бастады.
– Сабыр, сабыр, тәте! Бұйырған дәм болса, үлгеріп қаламыз, – деп екіншісі сабырға шақырды. – Біздің жас күнімізде жаңбыр апталап, айлап жауса да, қала көшелері мұндай су болмаушы еді. Арықтармен сылдырлап ағып жататын. Ал қазір күн бұлттанса қорқатын болдық, – деп екеуара әңгімелесе бастады. Онысы маған ұнады. Қыр желкемде қыдиып отырғаннан жақсы екен.
Сөз біріншісіне тиді:
– Ой, шіркін-ай! Ол кезде Алматы қандай ғажап қала еді! Жаңбыр жауса, балаша қуанушы едік қой. Алманың исі аңқып, жаңбырдың, топырақтың иісі ма, бір ғажап жұпар кеудемізді толтыратын. Қыста қардан, жазда жаңбырдан зәрезеп болған бір пенде көрмеппіз, – деп «эстафетаны» екіншісіне берді. Ол «Біздің бір көршіміздің баласы «төтенше жағдай» дей ме, анау өрт пен судан құтқаратын жерде жұмыс істейтін еді.
Сол айтады «Алматы үшін ең ауыр апаттың бірі – жаздағы жауын-шашын. Өйткені, арық-тоғандардың бәрі толып қалған. Бұрынғы бар арналарды жол салғандар бітеп кетеді. Оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Бұрын Алматының басынан аққан су қаланың шетіне жердің астымен ағып кететін. Қазір оның бірі жоқ. Төле би мен Райымбек даңғылының бойындағы су ағарлардың біразының көзі жабылып қалғандықтан, жаңбыр жауса, көше көлшікке айналады».
– Сол баланың сөзінің жаны бар, – деп жасы үлкен апам әңгімені бұзды. – Кеше кешке теледидардан жаңалық қарап отырғам, жаңағы сен айтқан төтеншенің кісілері «Райымбек пен Яссауи (көшелерінің қиылысында), Тастақ базарының маңында және бірнеше жер өткелдерінде жаңбыр суы көлшіп қалды. Бірнеше аулаға, үйге қызыл су кірді. Екі күнде пәленше жаңбыр жауды. Пәленше арық тазаланды, түгенше тоғанның көзі тесілді. Оған адамдардың өзі кінәлі» деп сөйлеп жатқан. Бәсе, алпыс жыл Алматыда тұрып келе жатырмын. Көлшіген су көрмеуші едік. Мұның бәрі қолдан жасалған апат екен ғой, – деп апам сөзін түйгендей болды.
Мен де межелі жерге жетіп қалғам. Алдымыздағы жерасты өткелінде бірнеше көлік қара суға тұншығып тұр екен. Жүктей Jeep-тің өзі бауырын суға салып әрең жүзеді. «Нар тәуекел» деп мен де қойып кеттім. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, көлік ішіндегі үшеуіміздің де тілеуіміз бір: «көлшікке көміліп қалмасақ екен» деп тақымымызды қысып отырмыз. Темірдің аты темір ғой, шіркін! Бір-екі рет бұрқ-бұрқ етті де арғы жағаға қайықша қалқып шыға келді. Апаларым да мәз, мен де мәз! Пойыздан кешікпедік. Бірақ Алатаудың басындағы түйдек-түйдек қара бұлт Алматыға қарай аударылып-төңкеріліп келе жатты.
Жарас
Кемелжан