Сол бір сурет… Қазір кейде есіне түссе мырс етіп күліп, жымиып қоя бергенін өзі де сезбей қалады Жанбота. Сол күндер қазір тәтті бір сағынышқа айналды. Екі аяғы салбырап атасының мойнында келе жатушы еді. Әттең, шіркін… Әттең, қазір тірі болғанда немересінің әлемнің үздік спортшыларымен тайталасып жүргенін, жұмыр жердің жарыстарынан жүлдемен оралған сәттерін көрер еді, балаша мәз болып қуанар еді-ау. Тағдыр осы қуанышты көруге жазбапты. Қазір кей-кейде қиял шіркін тәтті ойға жетелейді. «Атам тірі болса, енді мен оны мойныма мінгізер едім. Машинама отырғызып алып, көңілі қалаған жерге апарар едім. Дариға-ай, сол қызыққа да жеткізбеді-ау…».
Ол кезде үйде үш-ақ бала еді, кішкенесі Жанбота. Балалар бақшасының есігін ашқан емес. Бірақ өте ширақ, тынымсыз болып өсті. Өзінен-өзі үйден дарбазаға қарай, дарбазадан үйге қарай жүгіретін. «Көпір», «шеңбер», «шпагатты» ешкімнің үйретуінсіз өзі жасап жүрді. Сол кезде бар-жоғы төрт-бес жаста. Бүлдіршін бойында булығып тұрған ерекше энергия байқалды. Теледидардағы спорт гимнастикасынан өтіп жатқан үлкен жарыстарды тапжылмай тамашалайтын. Спортшылар жасаған кейбір әдемі қимылдарды өзінше қайталап, әуреге түсіп жатады.
Не керек, үйдегілер ақылдаса келіп спорт гимнастикасына берді. Әлі мектеп табалдырығын аттаған да жоқ. Жанбота жаттығудан қалмады. Ерекше құлшынып тұратын. Мәжит атасы жанындай жақсы көретін Жанботасын мойнына мінгізіп автобус аялдамасына келеді. Автобустан түскен соң тағы мойнына мінгізіп алады. Жаттығу біткенше дәлізде тапжылмай отырғаны. Үйге қайтарда тағы сол. «Шаршайсың, сен әлі кішкентайсың» дейтін елжіреп. Күнде осы. Атасының мойнына отырып алып, мәз болып бара жатқан бүлдіршін қызға жұрт қызықтай қарайтын. Шуақты күндер екен ғой сол бір кез. Жанботасын ерекше жақсы көруші еді қария. Жанбота деп атын да өзі қойған еді.
Көп ұзамай бұл да атасын қуантты. Жеті жасында алғаш рет қалалық жарысқа қатысып жүлдемен оралғаны бар. Қолында ксерокстан өткізген грамота.
Өзі қатты құмартқан спорт, күн өткен сайын шымырлаған тұңғиығына тарта берді. Жанбота спортшы ретінде өте тез көтерілді. 12 жасында спортық гимнастикадан спорт шебері атағына ие болды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш еді. Жарыстан жарыс, жүлдеден жүлде қоймады.
Жанботаның әкесі Еркін күтпеген жерде көз жұмды. Атасына жалғыз ұлының қазасы тым ауыр тиген еді, тез шөгіп кетті. Көп ұзамай бұл жалғанға қош-қош айтып, ұлының соңынан кете барды…
Тоғызыншы сынып бітірген жылы фристайлға ауысты. Бұрын спорттық гимнастикада жүрген Жібек Арапбаева, Руслан Аблятипов, Ақмаржан Қалмырзаева да осы жерде. Қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең әдемісі, ең тартымдысы – фристайл. Ең қауіптісі де осы. Фристайл ішінде қия белден құйындатып келіп тұғырдан аспанға қарғыған бетте әуеде небір әдемі өрнек салатын түрі – акробатика! Таңдауы осы акробатикаға түсті. Бұл жерде де ең керегі – акробатикалық қимылдар. Негіз бар. Бірақ қысының өзі жылт етіп жоғалатын оңтүстікте қайдағы шаңғы?!
Жібек… Жібек Арапбаеваның орны бөлек Жанбота үшін. Жақын әпкесіндей көреді. Қазақ елінде шаңғы акробатикасында жарқ етіп жол көрсеткен таланттардың бірі. Жібек үнемі ақылын айтады бұларға, жігерлерін жанып, қайрап отырады жауапты сәтте. Мінезі жайлы, бірақ керемет қайсар. Мақсатына жету үшін жанын салады. Қанша жарақат алды десеңізші Жібек, сонда да өршелене алға ұмтылып келеді.
Спортты жүрегімен сүйген Жанбота шаңғыны да ауыздықтап алды. Шаңғымен суға секіріп, тез-ақ үйреніп кетті. Сол бетімен 2011 жылы Өскемендегі Қазақ елі біріншілігіне киіп-жарып қойып кетті. Шаңғыны аяғына жақында ғана байлаған жас спортшы қыз сайысып қана қойған жоқ, бұзып-жарып қола медальді жұлып алды.
Шаңғы акробатикасы оны керемет баурап әкетті. Жаз бойы суда жаттығады. Күніне екі сағаттан екі жаттығу. Қыста да солай. Қазір бәріне де бой үйретті. Үздіксіз жарыстар. Бір жылдың өзінде 7 әлем Кубогінің кезеңдері өтеді. 2016 жылы ақпан айында Мәскеуде өткен әлем Кубогінде 2-орын алды. Суперфиналда 2 сальто, 2 винт жасап 78 балл жинады.
Ал 2016 жылы Еуропа Кубоктерінде қарсыластарын шашып кетті. Қатарынан бес Еуропа Кубогінде бас бәйгені олжалады. Бар болғаны жеті кезең. Швецарияда абсолютті чемпионға берілетін хрусталь Кубокті жарқ еткізіп төбесіне көтерді. Таудан секірген акробат бейнесі бар, үш деңгейлі тау сияқты хрусталь. Бұл жетістіктер – жас таланттың болашағын, ерекше мүмкіндігін аңғартса керек.
Қаңтардағы найзағай
Жұмыр жер назарында – қазақ елі. 2017 жылғы қаңтар айының соңында жұмыр жердің ең үздік студент спортшылары Қысқы дүниежүзілік Универсиадаға Алматыға ағылды. Алапат айқаста ел намысын қорғаймыз деп жер тарпып, шоқ шайнаған ұлт мақтаныштары.
30 қаңтар. Ақ сүт тұман. Алматыны қалың тұман басып тұр. Қаланың күншығыс жағындағы «Табаған» тау шаңғысы кешенінде фристайлдың акробатика түрінен финалдық сайыс өтпек. Ол жерде қазақтың үш қыз, екі жігіті ұлт намысын қорғамақ. Жүлденің жалына жармасатынына сенім мол. Алтын медальді жарқ еткізіп мойнына ілуі әбден мүмкін. Алагөбеден тұрып алып «Табағанға» асықтық.
«Табаған» қаладан тым алыс болмаса да, күре жолдан кілт бұрылып өрге салғанда автокөлік те ішін тарта азынайды. Тау алқымына ұмтылған бұралаң жол. «Қотыр бұлақ» ауылы артта қалды. Қазақтың кейбір атауы адамды аттан аударып түсіргендей. Қотыр бұлақ… Бұлақтың қотыры бола ма?! Түсініп көр. Мүмкін, ырымшыл қазақ сөз тимесін, көз тимесін деді ме екен, бұл тұмаға.
Бағлан Іңкәрбек, Дархан Мұхамеджанов, Жібек Арапбаева, Ақмаржан Қалмырзаева, Жанбота Алдабергенова… Осалы жоқ. Жібек Арапбаева өте тәжірибелі, ұзақ жыл әлемнің үздіктерімен жүлде үшін жағаласып келеді. Жанбота Алдабергенова Сочи Олимпиадасында жарқ етіп көзге түсті. 19 жастағы қазақ қызы сол Олимпиадада 6-орынға атып шықты. Өңешінен от бүріккен әлемнің небір айтулы таланттарымен тартысқа түсті. Оларды тықсыра, өкше жырта «мен бармын!» деген мінез көрсетті. Әлемнің сұңғыла сарытіс мамандары жас қызға жалт қараған сол жолы. Кеудені тепкілеген таудай сенім, керемет үмітпен алқына тау алқымына көтерілдік.
Шабдар сәске. Спортшылар осы уақытқа дейін бойына жинаған шеберлігін соңғы рет пысықтап жатыр. Қия беттен құйындатып келіп, шана табанының тұмсығындай таңқиып көкке қараған үш метрлік тұғырдан аспанға атылады. Сол бетте кері төңкеріле айналып түсе бере әуеде ұршықша бір үйіріліп алады да, тағы кері төңкеріле аунап түсіп барып құлдилай жөнеледі. «Екі сальто бір винт» – деп атайды мұны акробатика тілінде. Бірінші сальтодан кейін бір винт те, екі винт те жасалуы мүмкін. Екінші сальтодан кейін аяқ-қолды бауырға алып та, тізені бүкпей кеудені алға тастай бұрыш жасап та жаттығуды аяқтауға болады. Спортшы қабілет-қарымына қарай сандаған элементтер ішінен өз мүмкіндігін таразылай отырып таңдайды. Мұндай техникалық элементтер алмасып жатады. Неғұрлым күрделі элементтерді таңдаса, оны мүлтіксіз орындаса, сөзсіз алтын тұғырға атып шығады.
Акробатика аса қауіпті спорт түрі. Іріктеу сынында жанын шүберекке түйіп керемет нәтиже көрсеткен спортшының өзі, финалда жарға құлап жатады. Жанбота 2 сальто, 2 винт жасап, мінсіз секірді. Өзіне сенімді. Қарқыны қуантты. Жібек екі сальто жасады. Элементтері аса күрделі болмағанымен, қателіксіз, мінсіз орындауға ерекше мән беретіні аңғарылды. Әккі спортшы ғой. Төбеден төне шұқшиған 5 төреші әр қимылыңды кірпік қақпай қадағалайды, элементтердің мінсіз орындалуына шұқшияды. Соған қарай спортшы еңбегін бағалайды.
Тұман бағана сейілген. Күн көзі қасат қарды босатқандай. Қар тұғырдың мезгіл-мезгіл бауыры сызылып, мұрты бұзылып тұр. Техникалық жағына жауапты мамандар қопсыған жерді уыстағы қармен бітеп, сылап-сипай тегістеп жанұшыруда. Содан кейін барып теп-тегіс тақтайшамен тұғыр бауырын тегістейді. Кедір-бұдыр деген мүлде болмауы керек. Құйындатып келген шаңғы табанына болар-болмас бір түйіршік ілінсе, спортшының мүлт кетуі әбден мүмкін.
Акробатика жүлдесін армандаған 13 жігіт, 9 қыз. Іріктеу сынынан кейін финалға шығу – аса жауапты кезең. Бір байқағанымыз, спортшылар осы кезеңге бар мүмкіндігін салады. Элементтері барынша күрделі жаттығуларды орындайды. Ал суперфиналда жаттығу аса күрделі болмаса да, барынша мінсіз орындауға күш салады.
Жалпы, іріктеу сындарында, финалда күш көп жұмсалады, жүйкеге де барынша салмақ түседі. Суперфинал алдында күш те сарқыла бастайды, жүйке де ұстараның жүзінде. Сондықтан алғашқыда өте жоғары ұпай олжалаған спортшылар бағаларының суперфиналда күрт түсіп кетуі заңды да.
Жанбота алғашқы іріктеу сынында 84,42 ұпаймен, екінші іріктеуде 76,27 ұпаймен топ басында шырқап кетті. Ақмаржан Қалмырзаева 52,78 және 71,50 ұпаймен финалда сайысуға мүмкіндік алды. Жібек біріншіде 66,04 ұпай, екінші секіргенде 70,76 ұпаймен үздіктер шоғырына енді. Екі мүмкіндіктің үздік ұпайлары қазақ қыздарын финалға шығарды.
Бағлан Іңкәрбек пен Дархан Мұхамеджанов та финалға шықты. Бесеуі Қазағының намысын қорғамақ. Орайы келген бір сәтте Жанботаның финалда 2 салто 1 винт, ал суперфиналда 2 сальто 2 винт жасауға бекінгенін сұрап үлгердік. Күрделі, қиын жолды таңдапты суперфиналда.
Финал алдындағы жарты сағат жаттығу. Күн тас төбеде. Ызғар жоқ, қар аздап жұмсарғандықтан спортшы жылдамдықтары да сәл азайғандай. Бағана ғана сағатына 54-57 километр жылдамдықпен секіріп жатқан. Ал қазір спортшылар екінші сальтоны орындағанда төменірек түсіп кетіп жатыр.
Жиырма спортшы финалда: 12 жігіт, 8 қыз. Бес қазақ Ел намысын қорғамақ. Жібек 2 сальто, 1 винтпен 69,89 ұпай олжалады. Ақмаржан бірінші сальтоны тікесінен тік тұрып, екіншісінен кейін аяқ-қолын бауырына ала секірді – 67,34 ұпай. Жанбота 2 сальто, 1 винтпен жаттығуын сәтті орындады – 77, 14 ұпай!
Бағлан мен Дархан суперфиналға ілікпеді. Бағлан 66,27 ұпаймен сегізінші орында. Ал Дархан жарыстан шеттетілді. Ақмаржан бесінші орында, ол да суперфиналдан сырт қалды.
Суперфинал. Төрт спортшы қыз жүлделі үш орын үшін арпалысқа түсті. Жібек құйындатып келіп алтынға қарай ұшты – 60,84 ұпай. Екі сальтоны да сәтті жасады. Жанботаның қиын жолды таңдағанын айттық. 2 сальто, 2 винт. Тамаша! Алтын медаль жарқ еткендей. Қап!.. Қырсық шалды… Лапылдап келіп қонақтаған сәтте Жанботаның қолы жер сызып жүре берді. Қоянға түсер бүркіттей шүйілген төрешілер жібере ме?! Жібермеді.
Қап, ұпайын қырқады-ау!.. Солай болды, күрделі жаттығуда олжалағаны – 60,48 ұпай. Жанбота алтынға лайық қыз еді. Қалың қазақтың аманатын арқалап алтынға секірген…
Қиядан құйындатқан Жанботаның жылдамдығы осы жолы әдеттегіден тыс керемет еді. Құйындатып келіп тұғырдан аспанға бұлтты жара секіргендей ерекше әсер қалдырды. Осы жайында Қазақ елі акробатика құрамасының аға бапкері Мұрат Аблятиповтың пікірін сұрадық.
– Жанбота секірер алдында жел бір сәт тына қалған еді, – деді бапкер. – Тура секірген сәтте жел соға жөнелсін. Жел спортшының сырғанау бағытына қарай соққандықтан, жылдамдық та әдеттегіден жоғары болды. Болжауы қиын спорт түрі ғой акробатика. Кейде спортшы шеберлігіне табиғат мінезі де кедергі келтіріп жатады.
Тәуба! Қазақтың қос қызы жеңіс тұғырында! Бір күміс, бір қола медальді азулы қарсыластарымен арпалысып жүріп жұлып әкетті. Қазағының намысын таптатпады. Жеңіс тұғырында қос қазақ қызы құшақтасып тұр. Әдемі сәт! Ал қытай қызы Цу Йың-Йың 2 сальто, 1 винтпен алтын медальға ие болды (64,09). Ал Жанбота жасаған жаттығу бұдан күрделі еді…
Бүгін аралас акробатика сайысы. Туған топырақ, киелі қазақ жері… Жанарында жас тұнып, бұлардың тілеуін тілеген қалың жанкүйер… Ұлт намысы үшін отқа түсетін сәт. Кешегі қателікті қайталамау керек. Күні кеше алтын медальға атыла жетіп тұрып, уысынан шығарып алғаны-ай! «Ал бүгін, бүгін ұстатпаспын ешкімге!» деді іштей Жанбота.
Аралас командалық акробатикада шамырқанып, ширығып келген қос қазақ қарсылас шыдатпады. Найзағай намыс лап етті. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек қытай жұптарының үстінен секіре ұшып алтынды іліп түсті, ақыры!
Анасы Гүлназ бен бауырлары жанын шүберекке түйіп жанкүйерлер арасында отырған. Ес қалмады-ау сол сәт, анасы жылап жіберді. Қалта телефонына жармасып Шымкентке қоңыраулатты. Ол жерде дегбірі қашып, Жанботаның қарт әжесі отыр ғой. Бұл кезде Жанбота да жеткен еді алып-ұшып. Телефонды Жанботаға бере қойды анасы. Әжесі жылап қоя бергені. «Әулеттің басын көтердің» деді кемсеңдеп.
Арман жолы
Жанбота сонау 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында-ақ әлем мамандарын жалт қаратқан. Сол жолы жұмыр жердің мықтыларымен тайталасқан жас қыз 6-орынға ие болды. Екі сальто, екі винт. Мінсіз орындады. Қалың ел қуаныш құшағында. Олимпиададан оралған қазақтың қайсар қызына облыс әкімі «Матиз» маркалы автокөлік сыйлады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
Сочиден бері Жанбота қалың жанкүйер назарында. 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиадада қараорман елін қуаныш құшағына бөледі. Универсиададан кейін Жапонияда қысқы Азия ойындары өтті. Бірақ құрлықтық сол үлкен спорт сайысының бағдарламасында акробатика жоқ. Неге? Өйткені қазақ спортшыларының жүлделі орындарды бермейтінін жапон мамандары бірден аңдаған. Өз елінде айтулы спорт жарысын өткізген Жапония сымпиып бұл спорт түрінен жүлдесіз қалар еді. Сондықтан да акробатика Азия ойындарының бағдарламасына енбеді.
– Бағдарламада акробатика болса, Қазақ елінің медаль саны молаяр еді, – деп болжамын ашық айтты бапкер Аблятипов. – Жапондар қазақтарды осы спорт медальдарынан қақты.
Оған қарап отырған акробаттар жоқ. Универсиададан кейін Аблятипов спортшыларын ертіп Еуропа төріне аттанды. Дәстүрлі Еуропа Кубоктері. Мүмкін болған төрт бірдей Еуропа Кубогі кезеңдеріне қатысып, жүлдегерлер тұғырында тұрды Жанбота. Бір алтын, екі күміс, бір қола. Жеке сайыста да, әлем Кубоктерінің қорытындысы бойынша да бас жүлдені олжалады. Арнайы сыйлықтармен марапатталды. 2017 жыл Жанботаны осылайша абырой биігіне көтерді.
Алда тұрған келесі үлкен сынақ – әлем Кубогі. Желтоқсан айының басында Қытай елінде өтетін әлем Кубогі – аса жауапты жарыс. Өйткені әлем Кубогінің ұпайлары – Олимпиада жолдамасын анықтайды.
Одан кейін бел астында Олимпиада!.. 2018 жылдың 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Олимпиада – Жанбота үшін бар шеберлігін көрсететін аса жауапты сайыс. Жұмыр жердің жүйріктерінен озу үшін, акробатиканың тың, күрделі элементтерін орындауға күш салу керек. Басқалар қайталай алмайтын, басқалардың жүректері дауаламайтын. Әрі оны мінсіз орындау парыз. Жанботаның қазіргі тынымсыз жаттығуы да осы бағытта. Әзірше ол жаттығуды жаһанға жар салып айтпай-ақ қоялық. Бапкер ол жаттығуларды да Жанботаның ойдағыдай орындап жүргенін айтып өтті. Ең бастысы, осы кәсіби бапкердің көңілі толса, істің оңға басқаны.
– Осы тың, күрделі жаттығуды шыңдау үстіндеміз, – деді Аблятипов. – Жанботаның бір ерекшелігі, айтқаныңды бірден қағып алады, бұлжытпай орындайды. Ерік-жігері өте мықты спортшы. Сізге мына жайды айта кетейін, тау шаңғысы дегенді түсінде, немесе теледидардан ғана көріп жүрген шымкенттік қыз ғой. Аяғына шаңғы байлап көрмеген. Спорттық акробатика болашағы тұмандана бастағанын сезген спорт шебері бірден маған келді. Сол бетте Өскеменге аттандық, дәстүрлі оқу-жаттығу жиыны. Аяғына шаңғы байлап қоя бердім, келесі күні-ақ сырғанап жүре берді. Көп ұзамай Чехияға аттандық, тістеніп жүріп тұғырдан да секіре бастады.
Қалың ел енді оны Олимпиаданың жеңіс тұғырында көргісі келеді. Өйткені, ол – соған лайық дара талант.
«Атамның үмітін ақтай алдым ба, осы?» деген ой кимелейді кей-кезде. Қаншама әлемдік додаларда тізесі дір етпей, алтын тұғырға атып шықты. Талай жеңісті жолдар артта қалды. Бірақ әлі де нық сеніммен «Ата, үмітіңізді ақтадым!» дей алар емес. Өйткені алда бұл армандаған мұзарт шың бар.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ