jasqazaq.kz

Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған

31 қазан, 12:49

Биыл Алматыда экономикалық серпіліс кезеңі орын алды деп айтуға болады. Бюджет кірісі өсіп, жаңа қаржылық бастамалар іске қосылып жатыр. Сонымен қатар Алматыны өңірлік қаржы орталығына айналдыру бағытындағы жобалар, шағын бизнеске арналған тиімді қолдау тетіктері және салық заңнамасындағы жаңашылдықтар мегаполистің экономикалық болашағына жаңа серпін беруде. Осы және өзге де мәселелер жайында Jas Qazaq тілшісі Экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жазылтаевамен сұхбаттасты.

— Жанар Құдайбергенқызы, биыл алғашқы жарты жылдықта Алматы қаласының бюджет кірісі өткен жылмен салыстырғанда қалай өзгерді? Бюджет түсімінің негізгі көздері қандай?

— Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында Алматы қаласының жергілікті бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артты. Бұл — қаланың экономикалық белсенділігінің жоғары екенін және бюджет саясатының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Алматының жергілікті бюджетін толықтыратын негізгі көз — салық түсімдері. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, тауарлар, жұмыстар және қызметтерге салынатын ішкі салықтар, сондай-ақ басқа да жергілікті салықтар бар.

Салық түсімдерінің тұрақты өсуі қала экономикасының дамуына жағдай жасап, әлеуметтік жобаларды кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Мұндай оң динамика мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға негіз болып отыр.

— Алматыны өңірлік қаржы орталығы ретінде дамыту бағытында қандай жаңа жобалар жүзеге асырылуда?

— Алматыны Орталық Азиядағы жетекші қаржылық хаб ретінде қалыптастыру мақсаты аясында жүйелі және стратегиялық жобалар іске асырылып келеді. Қала әкімдігі мен уәкілетті органдар инвестициялық ортаны жақсарту, бизнес жүргізуді жеңілдету, шетелдік қаржы институттарын тарту бағытында ауқымды бастамалар жүргізуде.

Сонымен қатар қаланың ішкі қаржылық экожүйесін дамытуда «Almaty Finance» және «Almaty Business» сияқты даму институттарының рөлі зор. Олар шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру, венчурлік жобаларды қолдау, жасыл инвестицияларды дамыту бағытында жаңа бағдарламаларды іске қосуда.

Бұл шаралар Алматының қаржы орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтіп, қала экономикасына жаңа капитал тартуға мүмкіндік беруде.

 

Ал қала тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?

— Қаржылық сауаттылықты арттыру — негізінен республикалық деңгейдегі уәкілетті органдардың құзыреті. Бұл бағыттағы негізгі жұмысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, басқа да қаржы ұйымдары атқарады.

Дегенмен жергілікті деңгейде біз азаматтардың қаржылық мәдениетін арттыруға бағытталған түрлі ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын қолдап келеміз. Әкімдік оқыту тренингтеріне алаң ұсынуға, ақпараттық кампанияларды ұйымдастыруға, халықпен кездесулер өткізуге көмектеседі.

Бұл бастамалар тұрғындардың қаржы жүйесін дұрыс түсінуіне және жеке қаражатын сауатты басқаруына сеп болады.

— Қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға немесе шағын бизнес иелеріне несие алуда қандай қолдау көрсетіледі?

— Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған қолдау құралдары жыл сайын жетілдіріліп келеді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында, «Almaty Finance» және «Almaty» микрокредиттік ұйымдары арқылы жылдық мөлшерлемесі 2–6 пайыз аралығындағы жеңілдетілген несиелер береді.

Бұл қаражат жаңа бизнес бастағысы келетіндерге, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге өндірісті жаңғыртуға, құрал-жабдық алуға, айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепілдік беру сияқты қолдау тетіктері қолжетімді.

Кәсіпкерлер «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарынан» және open.almaty.kz порталынан кеңес ала алады.

— Жаңа Салық кодексінің енгізілуі кәсіпкерлерге қандай өзгерістер әкеледі? Қаржы басқармасы бұл өзгерістерге қалай дайындалып жатыр?

— Жаңа Салық кодексі бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған. Негізгі өзгерістерге тоқталсақ, микро және шағын бизнеске арналған салық режимдері оңтайландырылды. Жеңілдетілген декларация, бөлшек салық және арнайы режимдер қайта қаралып, талаптар нақтылай түсті. Кәсіпкерлік субъектілеріне жасалатын тексерулер азаяды. Салық есептілігін беру тәртібі жеңілдетілді, цифрлық формат кеңейтілді. Салық мөлшерлемелерінің біразы қайта қаралды, кей бағыттарда төмендетілді.

Көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында электронды бақылау күшейтілді. Бұл адал кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Біз жаңа Салық кодексінің жаңартылған нормалары бойынша тұрғындар мен кәсіпкерлерді ақпараттандыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіп келеміз. Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп брифингтер, түсіндіру кездесулері, салалық кеңестер, онлайн семинарлар өткізудеміз.

Мақсат — кәсіпкерлердің жаңа талаптарға тез бейімделуіне көмектесу және заңнаманы түсіндіру арқылы қателіктердің алдын алу.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік