Биылғы 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған заңға қол қойды. Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейтін заң бүгінгі күннің талабына сай қабылданғаны белгілі. Сөйтіп 16 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Қазіргі кезде құқық қорғау органдары өз қызметкерлері арасында, сондай-ақ тұрғындарға аталмыш заңның баптарын кеңінен түсіндіріп жатыр. От басы, ошақ қасындағы жанжал, ұрыс-керіс үшін әкімшілік жауапқа тартылған айыптылар бұдан кейін қылмыстық жауапкершілік арқалайтынынан хабардар болуы тиіс.
Аталмыш заң әйелдер мен балаларға, оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды көздейді. Дегенмен бұл құжат ең алдымен әлсіз жандарды зорлық-зомбылықтан қорғап, қылмыстың алдын алуға бағытталады. Айта кетейік, талқылау кезінде ол қоғамда үлкен резонанс туындап, сан қилы пікір айтылды.
Сайып келгенде, заңға әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді. Сондай-ақ ол отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналып отыр. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың неке институтын нығайту жөніндегі құзыретін кеңейту және отбасылық, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру көзделген.
Жаңа заңның артықшылығын тарқату үшін jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Жанар Қалабаевамен сұхбаттасты.
– Жанар Балтабайқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, тоқтам салу мақсатында қабылданған заңның артықшылығын айтып өтсеңіз.
— 2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңның нормалары араға екі ай уақыт салып, яғни 16 маусымнан бастап толық күшіне енді. Бұдан былай енді тұрмыстық зорлық-зомбылық санатындағы істер әкімшіліктен қылмыстық санатқа ауысты. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша бұдан былай 50 тәулікке қамау жазасы тағайындалады. Ұрып-соғу бабымен іс қозғалса, 25 тәулікке бас бостандығынан шектейді. Дейтұрғанмен, қылмыстық теріс қылық болса да соттылық белгісі болмайды. Сондықтан да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандар әсіресе, әйелдер қауымы агрессорды жауапкершілікке тартатын кезде отбасының, бала-шағасының келешегін ойлап, арызданудан қаймығады. «Егер мен 102 жедел желісіне қоңырау шалып, полиция қызметкерін шақырсам, жолдасымның үстінен ұрып-соғуға байланысты іс қозғалады да, соттылығы кейін балаларымның мемлекеттік қызметке тұруына кедергісін келтіреді» деп тайсақтайды. Сондықтан қайталап айтам, 25 не болмаса 50 тәулікке қамалғанымен де соттылық белгісі таңылмайды. Заңнан хабары жоқ әйелдер қауымы қанша таяққа жығылып, зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, осындай түсінікпен іштен тынып, сыртқа шығара бермейді.
– Ұзақ жылдық тәжірибеңіз бар білікті мамансыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күшеюіне не себеп деп ойлайсыз?
– Ең алдымен әр адам өзінің бойындағы агрессияны ақылға жеңдіріп, сабырмен байыптаса, жанжал, ұрыс-керіс бірден тұтанбайды. Ал агрессияны сыртқа шығарғанда екінші тараптың құқығы бұзылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық күйіп тұрған өзекті, шетін мәселе екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып, құзырлы органдарға тапсырма да жүктеп келеді. Қоғамның дертіне айналып бара жатқан кеселді жоюға бәріміз де жұмыла күш салуымыз керек. Осы орайда отбасылық құндылықты насихаттап, дәріптеп, ұлтымыздың байырғы салт-дәстүріндегі ғұрыпты жаңғырту маңызды. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-біріне қарым-қатынасы дұрыс болып, балалармен байланыс орнатуда да ешқандай шектеу, кедергі болмауы қажет.
– Өзіңіз қызмет ететін органда зорлық-зомбылыққа қарсы қандай іс-шаралар жүзеге асырылады?
– Ең алдымен біз профилактикалық жұмыстарды жүргіземіз. Кім болса да ешқашандай зорлық-зомбылыққа душар болмауы керек. Осы жайтты азаматтарға түсіндіріп, құлағдар етеміз. Егер зорлыққа ұшыраған жан болса, оған ең алдымен мемлекеті пана екенін ұғындырамыз. Қоғамдық ұйымдар, уәкілетті органдар, айналасы қорған болатынын ұғындырып, ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Қандай жағдай болмасын тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алғанда еш ойланбастан 102 телефонына хабарласуды үндейміз. Себебі жоғарыда айтқанымдай, әйел заты көбіне үйдегі шуды сыртқа шығаруды ар санап, өзін құрбан етуге душар болады. Мұның түбегейлі қате шешім екенін, құқығының тапталмауына алдымен өзі жауапты екенін ескертеміз. Осылай жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
– Әкімшілік жауапкершілікке тартып, болмаса, қылмыстық іс қозғалуы зорлық-зомбылықты азайта ма?
– Әрине, азайтады. Өйткені бұл қадам профилактикалық жұмыс, тергеу факторы болып тіркеледі. Жазасыз қалдыру, сипай қамшылап өту жүгенсіздікке әкеп ұрындырады. Ал егер ешқандай да кешірімге қаратпай жауапкершілікке тартып, жаза арқалататын болса, агрессор екінші рет қолын да көтермейді, тілін де тартып сөйлейді.
– Медиациялық мәміленің, татуластырудың нәтижесі бола ма? Ұрыс-керіс жиі орын алатын отбасында өскен балалар да агрессияға жақын келетіні белгілі.
– Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек, мүмкіндік теңдей беріліп, әділ төрелігі айтылған дұрыс деп санаймын. Егер екі тарап та, яғни отбасында ұрысқа себепкер болған күйеуі мен әйелі де бірдей келісім беріп, келешекте бір-біріне қол көтермейтініне кепілдік берсе ғана медиациялық келісімнің маңызы зор. Ал егер одан кейін де ұрыс тұтанып, шаңырақты берекесін қашырса, медиацияның нәтижесі болмайды. Мұның зардабы балаларына да тиеді. Себебі үйіндегі ұрысты, айқайды естіп, жанжалды көрген баланың да ашушаңдық мінезі сыртқа тез байқалады. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді көрегенділікпен айтқан ғой жалпы. Агрессияның ұшқынын көрген бала кейін өзі отбасылы болғанда соны қайталауы бек мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жазып алған Қуан Жомарт