«100 жаңа есім» жобасына әр саладан үкіленген кіл мықты үміткерлер қатысып жатыр. Сол жүйіріктердің арасында өзінің біліктілігімен, өз мамандығына деген шексіз махаббатымен көзге түсіп, Маңғыстау облысының атынан таңдап алынған теңізші қыз Жанар Ибраеваның өмір жолы мен арман-мұраты туралы тоқталғанды жөн көрдік.
Еркін елдің еңсесін тіктеп, қарқындап дамуына өз үлесін қосып отырған Маңғыстау өңірінің өркендеуі, өрлеуі жолында еңбек адамдары күш-жігерін, тәжірибесін сарп етті. Аймағымыздың экономикасының әртараптандырылып, әлеуметтік жағдайының әлденуінде олардың қажырлы қайратының үлесі жатыр. Мәдениеттің шырағын маздатқан өнер адамы да, спортты серік еткен саңлақ та, он саусағынан өнер тамған ісмер де, төрт түлікті түлеткен малшы да, тыныштығымызды күзеткен теңізші де, мәртебелі мұнайшы да, құрыш білек құрылысшы да – бәрі-бәрі ел игілігіне еңбек етіп жүрген қадірлі жандар.
Толағай табыстың, берекелі байлықтың бастауы – еңбек. Өңірімізде кәсіп пен мамандықтың түр- түрін меңгеріп, ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген жандардың ішінде 1814 әскери бөлімі «Орал» зымыран- артиллериялық жауынгерлік кемесінің байланысшы маманы Жанар Ибраева да бар.
Ақтөбе өңірінде теміржолшылар отбасында дүниеге келген Жанар бала кезінен теңізші болуды армандады. Жастайынан ерекше киімдегі, болмыс- бітімі бөлек әскерилерге еліктеп өскен балауса бойжеткен заңгерлік мамандықты бітірсе де әскери салаға баруға бекінді. Алғашында ата-анасы қарсы болғанмен кейін перзентінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша еңбек етуіне мүмкіндік беріпті. Сөйтіп, 2011 жылы Астана қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына жұмысқа орналасты. Қызықты да қиын мамандықты таңдаған ару кеңседе отырып, әскери бөлімдермен байланысқа шығып, жан-жақтан ақпарат жинайтын.
–Менің кеңседе отырып жинаған мәліметтерім, күнделікті қызмет барысы әскери-теңізші болуыма, мамандықтың қыр-сырына үңілуіме әсер етті. Апталап, айлап үй көрмей, үнемі теңіз төрінен табылатын теңізшілердің еңбек жолы мені қатты қызықтырды. Отан алдындағы қызметімді теңіз бетінде жалғастырып, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын қорғауды мақсат еттім. Әскери кемеге алғаш мініп, көк айдынға сапарлататын сәтте қобалжып, алаңдадым. Қорқыныш пен сенімсіздікті алдыма қойған мақсатым арқылы жеңіп шықтым. Экипаж құрамында менімен бірге еңбек ететін ер азаматтар маған сенімсіздікпен қарады. Қиындықтарға төзіп, артылған сенімнің үдесінен көрінгендіктен маған қатардағы теңізші ретінде сыйластық танытып, қабылдады. Мен жауынгер ретінде өз қызметімді абыройлы, жауапты атқаруға тырысып жүрмін, – деді теңізші қыз.
Еліміздің әскери-теңіз күштерінде еңбек ететін тұңғыш қыздың кемедегі міндетіне байланысты қатаң қадағалау кіреді. Мәселен, кемедегі әртүрлі жағдайға байланысты дер кезінде жалауша іліп, өзге кемедегі әріптестеріне белгі береді.
2015 жылы еліміздің әсери кемелері Каспий жағалауы елдерін аралап, мүмкіндіктерін паш еткен-ді. Бірнеше ай бойғы үзіліссіз дайындық пен оқу-жаттығудан өткен жауынгерлер ашық теңіз бетінде біліктілік мен білімінің деңгейін көрсетті. Шет мемлекеттердің шекарасында елімізде құрастырылған отандық кемеден оқ атылып, зымыран ұшырылып, қорнағысымыздың әлеуеті таныстырылды. Теңіз бетіндегі төтенше жағдаймен күрес түрі де шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Осы оқу жаттығудың кезінде теңізші ару Жанар да ерлермен бірге еңбек етіп, кәсіби шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, тұңғыш рет 2015 жылы өткен «Каспий теңізі» сайысында Орал қаласында құрастырылған «Сарыарқа», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесі қатысты. Байқау барысында жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі Жанар байланысқа шыққанда дүйім жұрт таңғалған-ды. Әскери-теңіз күштерінде қыз баланың жұмыс істейтініне таңдай қаққан басқа елдің экипаж мүшелері теңізші арумен арнайы келіп танысыпты.
–Теңізшілердің еш жерде жазылмаған дәстүрі мен заңы бар. Мәселен, әскери кемеге алғаш мінгенде, 1 тостақан теңіз суын ішіп, «теңізші» дәстүрін орындау керек. Мен кеме капитанының нұсқауымен теңіз суын іштім. Жеке құрамның алдында намысқа тырысып, мөлдір, тұзды суды сіміріп алдым. Теңізшілер қызды болса экипаж мүшелері оны суға лақтырады, ал ұлды болса тиын жинап беретін дәстүр қалыптасқан, – деді әңгіме арасында кейіпкеріміз.
Жанар өткен жылы Ресейде Елбасы Н.Назарбав атын берген «Атамекен» құрғақ жүк кемесін суға түсіру салтанатына қатысып, сол кеменің «Кіндік анасы» атанды. Еліміздің қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Батыр арулар» республикалық жарысында еңбегі ерге бергісіз теңізші қыз топ жарып, жүлдегер атанды. Жанар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына қатысуға, «100 жаңа есім» жобасына енуге лайық деп ұсынылды.
Жанар Ибраева «Маңғыстау облысына биыл Жоғарғы бас қолбасшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде, мен Қазақстанның қорғаныс саласындағы тұңғыш адмирал қыз болуды армандайтынымды жеткіздім. Елбасы маған бұл арманыма жететінімді айтып, қызметіме табыс тіледі. Ұлт көшбасшысының бір-екі ауыз сөзі маған өршіл рух, жасампаз жігер беріп, «дүниенің кетігіне кірпіш болып» қалануыма саралы ой салады. Мен құлшына жұмыс істеп, өз ісінің білгірі, мерейлі еңбектің майталманы болуға тырысамын. Мен үшін «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына қатысу – үлкен мәртебе мен құрмет. Халықтың, басшыларымның, әріптестерімнің маған артқан үмітін ақтауға тырысамын», – деп ағынан жарылды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы