Жауапты да тарихи сәт келді. Қазақстан экономикасы жаңа үлгіге (Модель) көшуі тиіс. Ол дәл қазіргі деңгейде қала алмайды. Мүлде жаңа бағытқа көшу үшін оның дамуына тың серпін беру қажет. Мемлекет басшысы өткен айдың басында Павлодар облысында еліміздің жаңа тұрпатты экономикаға қарай бетбұру жөніндегі пікірін білдірді. Президент осы сала бойынша ой–пайымы Мен ұстанымын бүгін ел халқына арналған жолдауда баяндайды деп күтілуде.
Мемлекеттің жаңа экономикалық саясат туралы мәлімдемесі қазіргі ахуалмен де, уақытпен де үндес. Ахуал дейтініміз, бұрынғыдай ескі, таптауырын әдіспен, қасаң көзқараспен ілгері жылжу енді қиын. Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті өлкенің тұрғындарымен кездесуде бұл мәселеге қатысты: «Жақында жоғары экономикалық кеңестің отырысын өткіздім. Ашығын айтқанда, сол жиында отандық экономистерді сынға алдым. Менің ойымша, олар істі соңына дейін жеткізе алмайды. Креативтілік жоқ. Біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді түсінбейді. Халық бізден нақты шешімдер күтеді. Өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет», – деді. Уақытқа келсек, геосаясаттың тіршілігі ғаламдық нарықпен тығыз байланысты отандық экономикаға да теріс әсерін тигізуі. Президент жақында өткен BRICS (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) Саммитінде бүгінгі әлемнің саяси қысым, ымырасыз текетірес және зардабы көп санкциямен ерекшеленіп отырғанынын айтты. Асыра айтқандық емес, ел экономикасы шаруашылық жүргізудегі қиындық пен сыртқы сауда-саттықтың баяулауына әкеп соғатын кедергілерді ойдағыдай еңсере білді. Ең бастысы – мемлекет бюджеттік және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемесін толық әрі дер кезінде орындады. Жаңа жағдайға бейімделіп қана қоймай, базалық салаларда жетістіккке қол жеткізді. Биыл жалпы ішкі өнім өсімі 4,8 пайызға жетуі тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің болжамына жүгінсек, алдағы жылы бұл көрсеткіш 5,3 пайызды құрайды. Салыстыру үшін айта кетейік, әлемдік экономиканың өсу қарқыны – 3 пайыз. Бұл – Халықаралық валюта қорының болжамы. 90-жылдардан бастап, бүгінге дейін шикізат өндірісі мен оның экспорты отандық экономиканың өзегі болып келеді. Бұл ретте мұнайдың орны бөлек екені әркімге белгілі. Қазынаға түсетін қаржының біраз бөлігін осы «қара алтын» береді. Бюджет тапшылығын толтыра қоятын Ұлттық қор бүйірінің тоқ болуы да соған байланысты. Бағаны биржа белгілейді. Қазақстан әлемдік «қара алтын» өндірісі, сұраныс пен ұсынысты реттеп отыратын ОПЕК+ қауымдастығына қосылды. Алып күштер арасындағы геосаяси текетірес мұның өте сәтті қадам болғанын дәлелдеді. Қазір баға қалыпты. Сарапшылар алдағы жылы мұнай баррелі 80 доллар болады деген ортақ пікірде. Сондай-ақ мұнайдан түскен қаржы мемлекеттің тағы бір әлеуметтік міндеттемесін орындауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Президент бастамасымен Ұлттық қордағы инвестициялық кірістің 50 пайызы жыл сайын балалардың арнайы есебіне аударылады. Жеткіншектер жер асты байлығының игілігін 18 жасқа толғанға дейін көруі тиіс. Мұнай саласында инвестиция тарту мен геологиялық барлау жүргізудің маңызы зор. Соңғы жылдары екіншісіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Ал біздегі кейбір кеніштер байырғы. Қоры сарқылып барады. Сондықтан жаңа кеніштерді тауып, игеру қажет. Оның үстіне Қашағаннан кейін Батыстағы ірі инвесторлар біз жаққа ат басын бұрмайтын болды. Есесіне, өзгелер ықылас таныта бастады. Соның дәлеліндей, жуырда «ҚазМұнайГаз» ресейлік «Лукойл» және «Татнефть» компанияларымен Каспийдегі 3 кенішті игеру жөнінде келісімге қол қойды. Жобаның құны – 8 млрд доллар. Экономиканы әртараптандыру (диверсификация) жаңа модельдің өзегі болатын сияқты. Өйткені, әсіресе, азық-түліктің кейбір түрлері және жеңіл өнеркәсіп бұйымдары бойынша импортқа тәуелділік сауда жолдары жабылған пандемия мен санкция кезінде қатты сезілді. Баға шарықтап, қарапайым тұрғынның қалтасын қақты. Әйтеуір, Үкімет шұғыл шара қабылдап, тауар тапшылығына жол берген жоқ. Инфляция өршіген тұста тұрмысы төмен азаматтарды қолтығынан демеп, қолдау көрсетті. Қазіргі ахуал экономикалық қауіпсіздік пен ішкі нарықтағы бәсекені қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл ретте Атыраудағы полипропилен өндіретін үлкен кәсіпорынды да, сүт пен ірімшік жасайтын шағын цехты да жанжақты қолдау қажет. Әсіресе, орта дәулеттінің қатарын көбейту – көкейкесті міндет. АҚШ, Германия және Жапонияда шағын және орта бизнес экономиканың беломыртқасы екені мәлім. Алпауыт компаниялар емес. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жақында Түркістан, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының кәсіпкерлерімен кездесуде оңтүстіктегі тұрғындардың іскерлік белсенділігі жоғары екенін тілге тиек етті. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуінен байқалады. Осы өңірлерде ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған. Үкімет басшысы орта бизнеске арқа сүйейтін кәсіпкерліктің әртараптандырылған экономиканың қозғаушы күшіне айналады деген пікірде. Даму мен өркендеу халықтың жаппай еңбек етуге деген құлшынысы бар жерде ғана іске асады. Ондай ортада жатыпішерлік психология мен патернализмге орын табылмайды. Міне, сондықтан жаңа экономикалық модельдің тағы бір қағидаты «Балық емес, қармақ бер» болуы тиіс.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы