
Адамның ақыл-ойы мен интеллектуалдық капиталға салынатын стратегиялық инвестиция! Бүкілхалықтық дауыс беруге ұсынылған жаңа Конституцияны осылай бағалаған абзал. Осы арада Ата Заңның тек бір саланың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің тыныс-тіршілігін, түрлі бағыттар бойынша дамуын айқындайтын ауқымды құжат екенін айтқан жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халықаралық ахуалға баға бере келе, жаһандану үрдісі кері сипат алып, әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатқанын, бірақ шешуші оқиғалар әлі алда екенін айрықша атап өтті. Президент дамушы елдерге салынатын инвестиция көлемінің азайғанына тоқталып, қаржы жүйесі тоқырауға ұшырауы мүмкін екенін ескертті. Осыған орай, көптеген елдер өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Міне, Жаңа Конституцияның мұраты да қазіргі кезеңде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуге, өркениет көшімен үзеңгілес жүруге деген ұмтылысын паш етсе керек. Өткенге үңілсек, бұл ұмтылыс халықты ілім-білімге шақырған Алаш қайраткерлерінің лебізімен де үндесетінін байқаймыз.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы сәуірдегі санында «Оқу жайы» атты бас мақала жарияланды. Авторы — Ахмет Байтұрсынов. Ол «Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. Адам баласын атсыз арба жүргізіп, көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым» деп жазды. Туған халқын өркениет көшінен қалып қоймауға, озық жұрттар қатарына қосылуға үндеген ағартушы-ғалым осы пікірін «Шаруалық өзгеріс» және «Өрбу» (даму, өркен жаю – ред.) атты дүниелері арқылы тереңдете түседі. Әсіресе, соңғысында дүниенің өзгеріп отыратынын, соған орай ғылым мен өнердің де өзі «табиғат тағдыры» деп атаған эволюциялық жолмен дамитынына тоқталады. Бұл жолда жарыс, талас, тартыс, күрес, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, бәсеке бар. Бәйге – өнерлі (білімді) жүйріктікі, (тәжірибелі) әдістінікі. Біреу ілгері кетеді. Біреу көш соңында қалып қояды. Автор бұл төңіректегі өз ойын «Біреу көкке ұшатын, суды кезетін мәшинелер істеуге жеткенде, біреулер теріні де жөндеп илеуді білмей, қаудырлаған тері мен сірі киіп отыр» — деп түйіндейді.
Ұлт ұстазының барды ұқсату мен кәдеге жаратуға қатысты бұдан бір ғасыр бұрын айтқан тұжырымы қазір де өзекті һәм көкейкесті. Тек шикізатпен шектелмей, өңдеу өнеркәсібін жолға қою, сөйтіп ғаламдық сұранысқа сай дайын өнім шығару бүгінгі Қазақ еліне өте-мөте керек болып тұр. Бірақ Ахаң сипаттаған әлгі тағдыр жолы бұдан да күрделі міндетті көлденең тартады. Бұл жерде әңгіме цифрлық технология мен озық инновацияға, күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқан жасанды интеллектіге (ЖИ) көшу жөнінде. Әділін айтқан жөн, бұл салада сөз ғана емес, іс те бар. ТМД аумағында Цифрлық Кодекс бірінші болып Қазақстанда қабылданды. Мемлекет басшысы халықақа арнаған Жолдауында алдағы үш жылда еліміздің өз алдына толығымен цифрлық елге айналуды мақсат етіп отырғанын жария етті. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні енгізумен айналысатын министрлік құрылды. Мұның бәрі ғылым мен инновацияның жаңа мүмкіндіктерін игеруге, әсіресе, шикізат экономикасынан интеллектуалдық дамудың даңғыл жолына түсуге серпін беруі тиіс.
Рас, бұдан біраз жыл бұрын дәл осы шикізатқа тәуелділіктен құтылу мақсатымен экономиканы әртараптандыру бағдарламасы қолға алынды. Бірақ отандық дайын өнімнің үлесі әлі де кем. Міне, сондықтан ғылым мен озық технологияның мүмкіндігін пайдалану кезек күттірмейтін міндет. Ал әлеуетіміз орасан. Көмір қоры — 33 млрд тонна. 300 жылға жетеді. Сол көмірден қуат көзі — метан газын алуға болады. Жауапты компания жобаға кірісіп те кетті. Тағы бір мысал: сырттан таситын авиакеросин. Өзімізде өндіруге болады. Талай рет айтылып, жазылған төртінші мұнай өңдеу зауытын салып. Бұл бағытта да қозғалыс бар. Қағазды да сырттан әкелеміз. Әйтпесе, күріштің сабаны да, тіпті қарасора да жеткілікті. Тек отандық ғылым өндіріске түбегейлі бетбұруы тиіс. Өзгенің жетістігінен үлгі алып, жаңалықты жетілдіре түссе, құба-құп. Біреуден үйрену демекші, Селжүк Байрақтардың ұшқышсыз аппаратымен әскери өнеркәсіпте тамаша табысқа жеткен, түрлі салада жергілікті инновацияның жемісін көре бастаған Түркия әлемдегі озық тәжірибені меңгеруге ден қойып отыр. Елдің бұрынғы қорғаныс министрі Хулуси Акар жақында Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясы аясында түрік жастарымен кездесті. Ол Қытайда ЖИ мен робот жасауға 50 млрд доллар бөлінетінін айта келе: «Осы елге барып, сол технопарктерді көріңдер. Технологиялық революцияны сол мекенде болып түсіне аласың. Жетістіктің жемісін елімізге әкелуіміз керек. Біліммен, технологиямен өркендемеген қоғамның әлгері жылжуы мүмкін емес», — деді.
Ақыл-ойдың жемісі төбеден топ етіп түсе салмайды. Бұл үшін білім беру мен ғылым сапалы жүйеге көшуі шарт. Бұл жолда Ахаң айтқан тартыс-бәсеке қазір тіпті өршіп кеткен. Басқасын қойғанда, бір кездері өркениеттің бесігі болған кәрі құрлықтың жаңа технологияны игеруге бас қатырып отырған жайы бар. Еуробанктің бұрынғы жетекшісі Марио Драги екі жыл бұрын «Еуропаның Бәсеке стратегиясы» атты есеп жариялады. Ол Еуроодақтың осы салада әлсіз екеніне назар аударды. Атап айтқанда, ең үлкен ғаламдық 50 технологиялық компанияның тек төртеуі ғана кәрі құрлықта. 90-жылдары жартылай өткізгіштің (полупроводник) 44 пайызын шығаратын Еуропаның бүгінгі шамасы 20-ға жетпейді. Осының өзі Еуропаның дижитал дамудан кенже қалғанын көрсеткендей.
Қысқа әңгімеміз арқылы Жаңа Ата Заңда адам капиталына, ақыл-ой ғылымның жетістігін игеруіне айрықша мән берілуінің себебіне тоқталдық. Кез-келген мемлекеттің өрбіп, өркендеуі сапалы ұлтқа байланысты. Қазақтың асқан ойшылы Шәкәрім жазғандай, «Не қылсаң да, ғылым біл. Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса, ғылым тұл».
Срайыл Смайыл