Жасөспірім шақ — жан әлеміндегі дауыл мен желдің, қуаныш пен қайшылықтың тоғысатын ерекше кезеңі. Бүгінде балалар мен жасөспірімдердің психологиялық ахуалы қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Қоғамдық қысым мен ақпарат тасқынына төтеп бере аламаған жасөспірім санасы кейде күйзеліске ұшырап, тіпті өмірден түңілуге дейін баруы мүмкін. Бұл тұрғыда мұғалім мен ата-ананың сергек назарынан артық ештеңе жоқ. Біз осы мәселеге қатысты Түркістан қаласындағы тәжірибелі ұстаз Гүлсім Нұрмаханқызы Елғонова сұхбаттасып, мектеп ішіндегі ахуал жайында, сондай-ақ балалар арасында суицидтің алдын алу жолдары туралы сұрап көрдік.
– Гүлсім Нұрмаханқызы, сұхбатымызға келіскеніңіз үшін рахмет. Ең алдымен, қазіргі уақытта мектептерде балалардың психологиялық жағдайы туралы не айтар едіңіз?
– Рақмет. Жалпы алғанда, соңғы жылдары оқушылардың психологиялық жай-күйіне ерекше назар аудару қажет екенін мұғалімдер қауымы да, ата-аналар да түсініп келеді. Қоғамдық қысым, ақпараттық кеңістіктегі шамадан тыс жүктеме, әлеуметтік желідегі салыстыру секілді жәйттер, мұның барлығы баланың ішкі сеніміне, психоэмоционалдық жай-күйіне әсер ететіні сөзсіз.
– Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі туралы пікіріңіз қандай?
– Бұл – өте ауыр, бірақ міндетті түрде айтылуға тиісті тақырып. Өкінішке қарай, кейбір балалар ішкі жан дүниесіндегі сезімін жеткізе алмай, ешкімнен көмек сұрай алмай, тығырыққа тіреліп, осындай қадамға баруы мүмкін. Оның басты себебі – жалғыздық, еленбеу, өзін қоғамға керексіз сезіну. Мұндайда мұғалімнің де, ата-ананың да, мектеп психологының да рөлі өте зор. Баланың күйзеліске түскенін дер кезінде байқап, оған көмек қолын созған маңызды.
– Қазір жазғы демалыс. Сабақ басталғанға дейін әбден тынығып, ойнап, демалатын уақыт. Дегенмен балалар үшін бұл уақыт толық қауіпсіз деуге бола ма?
– Жоқ, жаз мезгілі демалыс кезеңі болғанымен, бала бақылаусыз қалса, қауіп көбейеді. Кей оқушылар ата-аналарымен ашық сөйлесе алмайды, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде достарымен де сирек кездеседі. Мұндай жағдайда онлайн кеңістік баланың жалғыз серігіне айналуы мүмкін. Егер ол ортада уытты (токсичный) контент көп болса, баланың психологиясына теріс әсер етуі мүмкін.
– Осы бағытта мектеп тарапынан қандай әрекеттер жасалады?
– Жыл бойы балалармен психологиялық тренингтер, ашық әңгіме форматындағы кездесулер өтеді. Біз оқушылардың эмоциясын тануға, өз проблемаларын айтуға мүмкіндік беруге тырысамыз. Сонымен қатар, ата-аналармен де профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Жазғы мезгілде мектептер «сенім жәшігі» немесе онлайн-платформалар арқылы оқушымен байланыста қалуға тырысады.
– Мұғалім ретінде сіз оқушының күйзеліске түскенін қалай байқайсыз?
– Бірінші белгі — баланың мінез-құлқындағы өзгеріс дер едім. Әншейінде белсенді, көңілді бала кенеттен тұйықталып қалса, көзқарасы өзгерсе немесе сабаққа қызығушылығы жоғалса, біз дереу мектеп психологына хабарлаймыз. Шын мәнінде, баланың үнсіздігі үлкен дабыл болып саналады.
– Мұндай жағдайда өзіңіз қалай әрекет етесіз?
– Ең алдымен, баланың сенімін жоғалтпау маңызды. Айтқанын байыппен тыңдау, ұрыспай-сөкпей сөйлесу, жағдайын сұрау — басты қағида. Біз балаға бірден шешім ұсынбаймыз, алдымен оны түсініп алуға тырысамыз. Егер жағдай ауыр болса, кәсіби психолог немесе орталыққа жолдаймыз. Мұғалімнің міндеті – баланың мінез-құлқындағы титтей өзгерісті байқап, көмекке мұқтаж екенін дер кезінде анықтау.
– Ақырғы сұрақ: ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Баламен тек оқуы мен алған бағасы немесе тәртібі туралы ғана емес, оның көңіл-күйі туралы да сөйлесіңіз. Құшақтап, бауырыңызға тартып, пікірін тыңдау керек. Әр бала – сезімтал әлем. Егер ата-ана оның ішкі жан дүниесіне үңілсе, бала өз-өзіне қол жұмсау түгілі, өмірді жақсы көруге үйренеді. Балаға ата-анасының мейірімі керек, жақындарына қымбат екенін, өзі үшін олардың алаңдайтынын білетін бала суицидке бара қоймайды. Сондықтан әр ата-ана баласынан мейірім шуағын аямай, онымен әңгімелесуге уақыт бөлгені дұрыс.
– Гүлсім Нұрмаханқызы, ашық әрі маңызды сұхбатыңыз үшін үлкен алғыс.
– Рақмет. Баланың амандығы — бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Баланы тыңдау – оны түсінудің алғашқы баспалдағы. Ал суицид дерті — бір сәттік әлсіздіктің емес, ұзақ үнсіздіктің салдары. Сол үнсіздікті ести алатын қоғам ғана ұрпақ қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Гүлсім Нұрмаханқызы айтқандай, баланың жан дүниесін тану тек психологтың немесе мұғалімнің ғана емес, әрбір ересек адамның борышы. Өмірге құштарлықты қалыптастыру мейірім мен махаббаттан басталады.
Жаз мезгілі демалыс уақыты болғанымен, баланың ішкі дүниесі шапшаң өзгеріп отырады. Ендеше, жүрекпен көруді, сезінуді және жанашырлықпен сөйлесуді ұмытпайық.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА,
Түркістан қаласы