Адам тағдыры қандай күрделі. Дұрыс бағыт-бағдар алатын болсаң, өмірде өз орныңды тапқаның. Осындай тағдырдың тура жолында тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ ұлттық университетінің дәрісханасында мектепті енді бітіріп, студент атанған жетпіске жуық өнерлі балғын жасты мінсіз армандары біріктірген болатын. Сондай жастық жүректің батыл, талаптың тасыр шағында ұстаз алдында өзгелерден өлең оқып, өзгеленген батылдығыма қайран қаламын. Мектепте «Сөз өнерін» басымызға жастап жатып оқитын біздер үшін сол еңбектің авторынан дәріс алу – қол жетпес қазына. Ең алғашы өлеңдерім аудандық газетке басылғанда редактордың ақжолтай тілек тілеп, «Сөз өнерін» дәріптеп, өлеңтанудың қыр-сырына, қасиетіне тоқталғаны бар.
Міне, содан бері бұл еңбектің тең жартысын жаттап келіп, университет қабырғасында өзімізді еркін сезінгеніміз рас. Шығармашылық рахат пен шығармашылық азапты кешкен суреткерлердің шығармашылық тәжірибелеріне талдау жасалған теориялық еңбектен жазушының шығармаларын алдын ала жазбас бұрынғы толқыныстарына таңғалып, көз алдымызға елестетіп, таласып талдап өстік. Сөйтіп, бұл еңбек мектепте оқитын біздердің ұғымымызға түсінікті, өте қарапайым тілде жазылған, сауатты шығарма екенін уақыт дәлелдеді. Автор өз кейіпкерін қатты жақсы көрмеуі керектігін, суреткер шығарма кейіпкерлерін алдымен ойында жетілдіретін, тіпті киген киімі мен таққан түймесіне дейін көз алдында көлбеңдеп санада піскенше жазушының мазасын алатын қарекеттерін айтып, бір-бірімізбен таласушы едік.
Енді, міне, сол академик-жазушы – Зейнолла Қабдоловтың дәрісін тыңдау бақытына ие болдық. Өнерді, оның ішінде өлеңді өмірінен артық көретін ұстаз назарына ілігу, бертін келе «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялауға» бар ғұмырын сарп еткен дана дарынның шәкіртіне айналу да осы үлкен кісінің кішілігінің арқасы.
«Адам өткенімен күліп қоштасады» деп жазбап па еді ғалым өз зерттеулерінің бірінде. Менің де сонау 1996 жылы кандидаттық диссертациямды қорғайын деп жүріп, шапқылап, шалқыта жазып келген 170 беттік диссертациямды ағайдың қолына тапсырғандағы оқиға әлі есімнен кетпейді.
Сағат 7 шамасы болу керек. Ұйқымды таңертең телефондағы «Тез жет» деген таныс дауыс бөлді. Жұмысымды тапсырып, үстімнен жүк түскендей жайбарақат, ағайдың қолы тигенде оқиды ғой, біраз уақытқа дейін хабар болмас деп жүрген маған бұл сөз есімді тез жинатып, шапшаң қимылдауға итермеледі. Екі иығымнан дем алып, алып-ұшып, Мир көшесіндегі (Виноградовтың қиылысы) үйдің есігін қақтым. Күлімсіреп қарсы алған Сәуле апайдың жүзі жүрегімді орнына түсіргендей болды. Алдыма түсіп, тоңпаңдап, хал-жағдайды ұзын дәлізбен келе жатып сұрап үлгерген апайым залға қарама-қарсы бөлменің есігін ашты.
Ағай, көзінде көзілдірігі бар, бір нәрсені шұқшиып, түртіп отыр екен. Имене амандасып, қарама-қарсы тұрған ұзын орындыққа алабұртқан көңілмен жайғастым. Денемнің бәрі қалтырап, екі тізем дірілдеп бара жатыр. Ойымның бәрі – ағайдың қас-қабағын бақылау. Есік ашылғаннан ағай ойлы көзімен көзілдірігінің үстінен аспай-саспай жайбарақат қимылымды бағып отыр. Біраздан кейін барып, салмақты саңқылдаған даусын көтеріп: «Өзің әжептеуір ақынсын», – деп бастап алып, менің иман жүзді, сабырлы, салмақты, өлеңді түсінетін түйсікті екенімді айтып, аспандағы айға шығарғандай етіп, мақтап отырды да, сол биіктен жерге қарай лақтырып жібергендей өткір бір-екі сөзімен түйреп жіберді.
Орнықты, образды сөз болған болу керек, қазір есімде жоқ, тек ернімді тістелеп, қысылып қалдым. Секундтық үзілістен кейін жұмысымды қысқартып әкелуді тапсырды. Ұстазға тура қарамақ түгілі, себебін айтуға шамам келмей, даусым шықпай қалды. Әкемдей көріп кеткен ағайдың қанатының астында ізгілікке елігіп жүрген 24 жастағы есір көңілге өзің ұлықтаған адамның жай сөзінің өзі өлімнен күшті болған болар, орнымнан тұра бере, көзім қарауытып, отырған жеріме сылқ ете түстім. Ағайдың «Сәуле, әй, Сәуле!», – деген жан айқайын естідім. Апай келіп: «Өзі кішкене бала, қатты сөзді қайтып көтерсін…» – деп жатыр, ағай ақталғандай бәсең үнмен күмілжіп: «Қайтейін, қанаты қатайсын дегенім ғой», – деп қояды.
Сондағы қырағылықты, жауаптылықты қараңыз. Небәрі кандидаттық жұмыс деп қарамай, 170 беттің бәрін қалдырмай оқығаны, әр бетіне «керемет, фальш, терең ой, табыну, ғажап өлең» т.с.с. сөздермен белгілегенінен көрініп тұр.
Ғылымы еңбектің талабына сай жұмыс 120 бетке қысқартылып, жалғасы үш-төрт жылдан кейін докторлық тақырыптың бекітілуімен аяқталған болатын. «Сен өлең жазасың, ал өлең жазатын адам әдебиетке кір келтірмейді» деген сөздерінен кейін ұстаздың алдында сиясы кеппеген жаңа шығармаларды талай оқып, масаттанушы едік. Мүмкін, сол бала көңілімізді, тазалығымызды қызықтаған болуы керек, ағайдың шабытты сөздерінен қанаттанып, біраз уақытқа дейін өлеңдерді төгілтіп жүретінбіз. Өнерді, өлеңді асылдандырудың ақиқатына айналған асыл айтқаны әлі күнге менің адамдық, адамгершілік кредома айналғандай көрінеді. Парасаттылықтың пайымын өзінің алып мұхит сияқты тереңдігімен, шығармашылық шеберлігімен айқындалған ұстаздың әрбір сөзі әлі күнге дейін ойда, пікірде соншалықты көркем әрі сарқылмас мұра сияқты болып сезіледі.
Аудиторияға маң-маң басып кірген тұлғаның тұтас болмысын айқындайтын ауыздан атылған лағыл ойдың, таусылмас қазынаның жалпыхалықтық ортақ дүниелікке айналып кеткендей қарапайым санаңызға сіңіп жатқанын байқамайсыз. Маржандай мінсіз сөздердің, бейнелі образдардың дөп түсіп, иесін тауып жататынын тапқырлығына қайран қаласыз. Ақын С.Жиенбаев шығармашылығына қатысты кезекті дәрісінде айтылған «жібектен тоқылғандай жырлары әсем» деген пікірі Сағи ақынның шығармашылық болмысын анық тауып тұрған жоқ па?! Ағайдың шешендігі мен тапқырлығының өзі осындай жеке сөздерінің мағыналық жұмсалысына да байланысты болса керек. Ұстаздың ешқашан орта жолдан сөз бастағанын немесе үстірт түйін, асығыс күрмелеу жасағанын көрген емеспін. Жай айтыла салған сөздің өзі ағайдың өмір ұғымымен астасып, бейнелі көріністерге жетелейтіндей, ауыздан шыққан әрбір сөз мәнерлі мәнмен, ерекше тыныспен айтылып, көк өзек сезіміңізді тербейді. Бұл әрекеттерге қоса, мейірлі жүз іштен шыққан жалынды сөздерден нұрланып, бөлекше, ерекше нұрлы арайға бөленіп, өзі сол сөз құдіретінен ләззат алып тұрғандай сезілетін. Зерделі суреткер алдында отырған ортаның немесе кез келген адамның мақамына қарап, құлаққа мейлінше қоңыр үнімен, шұғыласын шашып, нұрын сеуіп әңгімелесіп отырушы еді.
Өмірі көрмеген әкеммен бірге жүрген адамдарындай тез тіл табысып, ерекше сезімінде қалуындағы қырағылыққа таңғалып, үлкен рухтың иіріміне шомылғандай кездерім болды. Бір жағынан замандас кісілерді рухани тазалықтары мен кесек бітімдері, парасаттылықтары тұтастырса керек. Сондықтан да рухани бітімі, шешендігі, абыздығы ерен тұлғаның жылтырақ сөздерінің орнына шырайын келтіріп, шашау шығармай қолданатын шұрайлы сөздері жадымызда мәңгілік жаңғырып келеді. Сол сөздегі сұлулық кейін «Сұлулыққа айналған қасірет» болып, мәңгілік құлыптасқа айналып кете барды. Бірақ сол қасірет туралы ағайдың тұжырымды сөздерін еске алайықшы. Сәуле апайдың күнделігінде халқымыздың біртуар азаматы А.Әшімовтың баласының қайғысына орай көңіл айтуы туралы айтылған. Абайдың басында болған халді еске түсіре отырып, «Асанжан, мына жұрт сенің қасіретің ғана емес қасиетіңе де жиналып, қаумалап тұр ғой. Сен қазақ өнеріндегі биік тау емеспісің?! Тау басын бұлт шалса, тарқар, іргесін ызғар алса, айығар, бірақ тау құламас болар, орныңда қалар, сен де құлама, қарағым, тұр!» деуінен соншалықты табиғи жан дүниенің езілуін сезінесіз.
Немесе жай қарапайым тұрмыста айтылған жұбатудың жаңа өлшеміне айналтын тамаша пікірі кім-кімді болсын, бейжай қалдырмаса анық: «Қарағым, Роза! Бүкіл атажұртың, елің біледі. Сен сахнада, өнерде ерлік жасап жүрген адам едің. Сен сол ерлікті енді өнерден өмірге көшіріп тұрсың. Өмір мен өнердің астасуы – шеберлік. Өнер адамының шыңы осы болар. Біз бәріміз білеміз, жаңа жылдың алдында жан жарың – Тасқының кетті өмірден. Бұл қасірет болатын. Сенің кереметтілігін сол – мына жас нәресте Мәдидің өмірге келуіне байланысты сен қасіретіңді қасиетіңе айналдырдың» деуінен халықтың бүгін-ертеңін тереңдеп түптейтін, жан-күйіңді езіле ұғынатын дала мінезді абыздығы аңғарылады.
Тазалық пен шынайлылық Зейнолла ағайдың болмысымен, өмірімен біте қайнасып жатыр. Ата-анаңның адалдығы, алдағы жардың адалдығы, тірлік пен тіршіліктің тылсымындағы адалдық өлшеміндей емес, ерекше жұмбақ болмыс екені рас. Сұңғыла ғалым төсек тартып жатып та жанынан күнде табылған кіршіксіз тазалық пен адалдықтың, сезімнің шынайлылығына қайтарымсыз өлшемнің болатынын үміттеніп, Фариза ақынның мына өлеңіне тамсанып, тегіннен-тегін босамаса керек:
Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай,
Жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл әлемде
Жол сілтеген кім саған маған қарай?
…Мен жайлы айтқан кім екен: бұлақ па екен,
Мұңымды айтып, кейде оған жылап кетем.
Сыбырлаған самал ма, сайда жүр деп,
Жетім көңіл, жаны дерт бір ақбөкен.
Артына қарайлап, алаңдатқан асыл жарына, қимас жанға деген жүрекке сыймас сыйластықтың, ізгіліктің, мейірімділіктің баға жетпес өлшемін осы өлеңмен үнсіз жеткізгендей. Міне, «Мінсіз шығарма жазу оңай, қиыны – ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру» деген қағиданың шындыққа айналуы.
Бар ғұмыры мінсіз өнегеге айналған ұстаздың болмысын жүрекпен жазып қалдырған Сәуле апайдың күнделігі – болашақтың баға жетпес қымбат қазынасы. Сүйіктісіне деген соншалықты кіршіксіз шынайы сезім – Сәуле апайдың туа бітті тектілігі мен парасаты, мейірімділігіне дейін тұнып тұраған тәрбие-тәлім, өнегесі. Тұлғасы таудай азаматтың қасында жүріп, сырлы сөздің тұнығы мен тылсымын таныған, сарабал көңілмен, зерек ақылмен пайымдауға үйренген апайдың әрбір сөзінің тамыры терең, тұңғиық. Сәуле апайға қарап, кісінің ала жібін аттамайтын, жан тазалығы мен ар тазалығын бойында қайнатып кеткен ұстазымыздың өмірлік мұраты орындалғандай көрінеді.
Сәуле ЕРЖАНОВА,
Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық университетінің
қазақ әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі, филология
ғылымдарының докторы