Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы Отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Біздің Жамбыл өңірінің жастары да қашанда бастамашыл және ел тағдырына белсене араласуға дайын. Бұл тұрғыда өңірде дарынды, белсенді жаңа буын өкілдерінің өзара ықпалдасуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр деп сеніммен айта аламыз.
Әр жұмыстың нәтижесі болуы керек
Өңірдегі жастардың саны 258 мыңды шамалайды. Бұл – облыс тұрғындарының 22 пайыздан астамы. Оның ішінде, облыс орталығы – Тараз қаласында 76 мың жас бар. Бұл дегеніміз, қала тұрғындарының 20 пайыздайын құрайды деген сөз. Тарқатып айтқанда, жастардың 37,4 пайызы қалада тұрса, 62,6 пайызы ауылдық елді мекенде тұрады. Экономикалық белсенді жастар саны 131,4 мыңды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қоғамын, әсіресе, жастардың санасын жетілдіру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласын әрдайым баса назарда ұстап келеді. Сол жастарға өзінің қарым-қабілетін шыңдай отырып, дамудың жаңа кезеңіне өткен Қазақстанның бүгіні мен келешегі үшін аянбай тер төгетін уақыт келгенін әрқайсымыз жан-жүрегімізбен сезіне білуге тиіспіз.
Дегенмен түйткілді мәселелер де жоқ емес. Ол, әрине, жастардың жұмыссыздығы. Жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – кәсіпкерлікке баулу. Мәселен, ағымдағы жылы аймақта «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында барлығы 21 838 жас белсенді шараларға тартылды. Оның ішінде: тұрақты жұмыс орындарына – 12 638 адам, қысқа мерзімді курстарға – 450 жас, «Бастау бизнес» жобасы бойыша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту – 1 622 жас, гранттар беру – 1 893 жас, Жастар практикасы – 2000 жас, әлеуметтік жұмыс орындары – 897 жас, ақылы қоғамдық жұмыстар – 2000 жас, шағын несие – 338 жас қамтылды.
Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджет есебінен бөлінген 96,8 млн теңгеге 2 мыңнан аса жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тарту көзделуде. Бүгінгі күнге 1 197 жас тартылды.
Әлбетте, әр жұмыстың өз нәтижесі болуы керек. Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджеттен бөлінген 54,5 млн теңгеге 1 010 жұмыссыз, NEET санатындағы жастар маусымдық жұмыстарға тартылып, 121,4 шаршы шақырым аумақ тазаланып, 194,4 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Отбасы құндылығы – басты назарда
Заман дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл – бұлтартпас шындық.
Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді, бір қалыпта тұрмайды. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген емес пе еді хәкім Абай?!
Демек адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгереді. Осыдан біраз жыл бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс, яки болмаса ерсі қылық ретінде қабылданды. Бірақ қазір ондай ұғым жоқ.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 2 546 жас некеге тұрса, оның 308-і некелерін бұзған. Бұл бас құраған жас отбасылардың 12 пайыздан астамының шырқы бұзылды деген сөз. Бұл ойландырмай қоймайды.
Жастар ресурстық орталығы бірқатар жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, «Бастау» атты жобамыз бар. Бұл жоба бойынша психологтарымыз жастар ажырасуға өтініш бергенде солармен тікелей жұмыс жүргізеді. Бұл жоба сот орындарымен бірлесіп іске асырылуда. Нәтижесіз емес. Бүгінгі күнге дейін ондаған отбасының шаңырағын сақтап қалуға өз үлесімізді қостық.
Отбасын құру кезеңінде жас азаматтарға қолдау көрсету, кеңес беру және ақпараттандыру, жастарды отбасылық өмірге дайындау бағыты бойынша ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, отбасы мүшелері арасындағы қайырымдылық пен бауырмалдық, сыпайылықты үйрету, сонымен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отбасым – бақыт мекенім», «Отбасы – өмір аясы», «Әке – отбасының тірегі, ана – берекесі», «Біз – бақытты жанұямыз» тақырыптарында іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ ауылды жердегі волонтерлік – «ПІКІР ИЕСІ», QAMQOR – «ШЕБЕР ҚАРТТАР», TAZA ALEM «OZGERIS», «ЖЕР ҚАЗЫНА», TAZA ALEM «SANALY URPAQ» сынды еріктілерге арналған іс-шараларымызды жүзеге асып келеді.
Жастарға еркіндік керек
Жастарды қазір бір нәрсеге қызықтыру оңай емес. Әрине, жастарды ауыл немесе қала деп бөлмейміз. Жақын арада жастар арасында сауалнама жүргізген едік. Нәтижесінде қала жастарының басым көпшілігі қоғамдық жұмыстарға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға, белсенді болуға ниетті емес екен. Керісінше, ауылдан келген жастар қоғамдық өмірде белсенді болуға тырысатыны анықталды. Сондай-ақ кітап оқу жағынан да бүгінгі жастардың қызығушылығы мүлде бөлек. Олай дейтінім, кітап оқу байқауларын өткізгенде олар ақын-жазушыларымыздың шығармаларына баса мән бермейді. Оқитындары көбіне психологиялық, өз-өздерін жетілдіру бағытындағы кітаптар екен. Бүгінгінің жастарына еркіндік керек секілді. Әрдайым ойларын еркін жеткізеді, кешегі жастар сияқты қысылып, қымтырылмайды. Бұл бізді қуантады.
Білікті мамандар және NEET жастар
Жасыратыны жоқ, ресурстық орталық мамандарының жалақылары өте төмен. Сондықтан бізде мамандарды ұстап тұру оңай шаруа емес. Біліктілігін арттырып, тәжірибесін толықтырған соң жалақысы жоғары басқа қызметтерге ауысып кетіп жатады. Біздің орталықта әлеуметтік лифт өте жоғары деңгейде. Соның нәтижесінде жастар көп тәжірибе жинақтайды.
Президентіміздің бастамасымен жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізілгелі жатыр. Ол өзгерістерге сәйкес, «жас қызметкер» деген статус берілген жағдайда ресурстық орталық қызметкерлерінің жалақысы біршама өседі деген үміт бар.
Бүгінгі күні орталықта небір жақсы мамандар жұмыс істеуде. Жасыратыны жоқ, бұрын ауылдағы жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейді, толық ақпарат жеткізілмеген деген қасаң ой болатын. Сайып келгенде, оның таяғы орталық қызметкерлеріне келіп тиетін. Өз басым жақында ауылдарды аралағанда жастар қоятын сұрақтардың деңгейі өскенін байқадым. Мемлекеттік бағдарламаларды толық біліп алған.
Бір ғана мысал. «Бизнес Бастау» жобасы арқылы ауыл жастарының оқып, грант алуына жастар ресурстық орталығының қызметкерлері себеп болуда. Өйткені мамандарымыз ауылда жұмыссыз немесе ебі бар, бірақ істің көзін таппай жүрген жастарды бағдарламаға тартуда. Тартып қана қоймай, олардың ары қарай оқып, грант алуына, сондай-ақ ісін бастап кетуіне қол ұшын созуда. Сондықтан орталық мамандарының осындай жұмыстары бағалануы тиіс деп ойлаймын.
Бұл санаттағы жастар барлығымызды ойландырады. Олар не оқымайды, не жұмысы жоқ, тұрақты табысы жоқ. Құқық бұзушылыққа баратындар да солар. Дегенмен орталық қызметкерлерінің табанды жұмыстарының нәтижесінде NEET жастарды анықтау мақсатында адрестік жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда облыста NEET санатындағы жастардың үлесі 7,6 пайыз екені анықталды. Ал жалпы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың І тоқсанына 3,1 пайызды құрап отыр.
Ұйымдар ұжымдасып жұмыс істейді
Жамбыл облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында 161 994 жасұландықтар бар. Олар жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 71 пайызын құрайды. Олардың 87 588-сі жасұландықтар, 74 406-сі жасқырандықтар.
Сондай-ақ «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының құрамында 7 456 жас бар.
«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалында 613 әскери-патриоттық клубта 17 248 мүшесі бар.
Аталған ұйымдар өз бағыттары бойынша жұмыстарын жүргізуде. Әрдайым бірлесіп жұмыс істейміз десек те болады. Себебі барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы.
Аула клубтарының үлесі мол
– Облыстағы 47 аула клубына 4 562 жас тұрақты түрде үйірмелерге қатысуда. Жалпы аймақтағы жастар ресурстық орталығына қарасты 20 аула клубы бар. Оның ішінде, 5-і Тараз қаласында, 3-і Жамбыл ауданында, 8-і Қордай ауданында,1-і Шу ауданында жұмыс жүргізуде. Аула клубтағы үйірмелерге жалпы саны 1500-ға жуық жас тұрақты түрде қатысады.
Ал спорт бөліміне қарасты 6 аула клубы бар. Аталған аула клубтарда басымдық спорттық үйірмелерге берілген.
Сонымен қатар, білім бөліміне қарасты 3 аула клубы тек мектеп оқушыларымен ғана жұмыс жасауда. Сарысу ауданында 18 аула клубы ауылдық округ әкімінің аппаратына қарасты жұмыс жасап, ол жерде 333 жас тұрақты түрде үйірмелерге қатысуда.
Азамат Лесбеков,
Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы
директорының орынбасары