Жамбыл облысы елімізде дүниеге келген бала саны бойынша 5 орында тұр. Мұндай ақпаратты Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының Статистика департаменті басшысының орынбасары Шевцова Инга Анатольевна айтты. Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында бала туу көрсеткішін арттыру мәселесіне мән берілген болатын.
Инга Анатольевна баяндамасында, 2017 жылғы 8 қарашада Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 97 жыл толды. Дәлірек айтқанда, осынша жыл бұрын Үкімет «Қазақ АССР мемлекеттік статистика туралы ережесін» өзінің қаулысымен бекітіп, Статистикалық басқарма құрылды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Ұлттық статистикалық жүйесі халықаралық стандарттар бойынша сенімді жұмыс істейді, қоғамның сеніміне кіріп, алға қойған міндеттерін табысты шешеді. Статистиканың иелігіндегі ақпарат қазақстандықтардың көптеген өмірлік маңызды шешімдерін қабылдауға көмектеседі. Біздің ведомствоның деректерін мемлекеттік органдармен қатар, өңірдің жағдайымен, оның экономикалық және әлеуметтік дамуына қызығушылық танытатын барлық қарапайым азаматтар пайдаланады.
Ағымдағы есептеу мәліметтері бойынша 2017 жылғы 1 қыркүйекке облыс халқы 1116,3 мың адамды құрады. 2017 жылдың басынан бастап облыс тұрғындарының саны 1 мың адамға өсті. Қалалық жерлерде 445,9 мың адам (халықтың жалпы санының 40%-ы), ауылда – 670,3 мың адам (60%) тұрады. Жамбыл облысының гендерлік аспектісінде ерлер мен әйелдер санының арақатынасынан тепе-теңдік қалыптасты, халықтың жалпы санынан ерлердің үлесі 49,2% (548,8 мың адам), әйелдер 50,8%-ды (567,4 мың адам) құрады. 2017 жылдың басына облыста 1000 әйелге есептегенде 966 ерлерден, оның ішінде қалалық жерлерде – 902, ауылдық жерлерде -1011 ерлерден келеді. Бірақ, 100 қыз балаға 104 ер бала туылады. Біздің өңір тұрғындарының орташа жасы 29,3 жасты құрайды, оның ішінде ерлер – 27,9, әйелдер жасы – 30,6.
Облыстағы халық санының өсуі, туу есебінен табиғи өсімнің артуымен қамтамсыз етіледі. 2017 жылғы 1 жартыжылдықта дүниеге келген бала саны бойынша біздің облыс Республикада Оңтүстік-Қазақстан, Алматы облысы және Астана, Алматы қалаларынан кейінгі 5 орында тұр.
Облыста әр күн сайын 77 бала немесе әр сағатта 3 сәби дүниеге келеді. 2017 жылғы 9 айда халықтың табиғи өсімі 14,3 мың адамды құрады. Туылудың жоғары деңгейі халықтың жақсы өсімпаздығын көрсетеді. Ана мен баланы мемлекеттің әлеуметтік қорғауы, жанұялардың өз балаларының болашаққа сенімділігі көп балалы болу шешіміне қолдау білдіреді. Үшінші, төртінші және бесінші баланы дүниеге әкелген аналар саны өсуде.
2017 жылғы 3 тоқсанда бір жұмыскердің орташа айлық атаулы жалақысы 98071 теңгені құрап, 2016 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,8%-ға артып, нақты жалақы 3,1%-ға кеміді. Ең жоғарғы жалақы төлеу деңгейінің өсуі жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында (18,3%-ға),
көлік және байланыста (15,6%-ға), ақпарат және байланыста (13,3%-ға) орын алды.
2017 жылғы 3 тоқсанда жұмыс күшінің саны 526 мың адамға жетті және 2016 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 500 адамға (0,1%-ға) азайды.
Жалдамалы жұмыскерлер саны 297 мың адамды, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 203,6 мың адамды құрады.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандар санының ең көбі ауыл шаруашылығында (30%), көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеуде (14,7%), білім беруде (15,1%), өнеркәсіпте (6,1%) шоғырланған.
2017 жылғы 3 тоқсанда жұмыссыз халық саны 25,4 мың адамды құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 300 адамға немесе 1,2%-ға азайды. Жұмыссыз халықтың жалпы санынан әйелдер саны 13,2 мың адамды (52%) құрады. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 5,4% (ерлерде – 4,4%).
Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды.
2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарымен (шағын кәсіпорындар, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қосқанда) 259476 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 2016 жылғы сәйкес кезеңге 100,8%-ды құрады.
Өнеркәсіп өндірісінің 12,2%-ын құрайтын кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда 31636,6 млн. теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 112,4%-ды құрады, оның артуы негізінде кен өндіру өнеркәсібінің басқа салаларында өндіріс көлемінің 26,9% өсуіне («Алтыналмас» АҚ Ақбақай ф-лы, «Еврохим удобрение» ЖШС) байланысты орын алды.
Өнеркәсіп өндірісінің 69,4% үлесін алатын өңдеу өнеркәсібі 180074,9 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өнеркәсіп өндірісінің индексі 98,8%-ды құрады.
Электрмен жабдықтау, газ, бу жеткізу және ауаны баптау кәсіпорындары облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 17,5%-ын құрап, 45425 млн теңгенің өнімін өндірді. 2017 жылғы қаңтар-қыркүйектегі деңгейге өнеркәсіп өндірісінің индексі 101,8%-ды құрады. Салада электр қуатын өндіру 0,7%-ға өсті (негізі «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ есебінен),- деп қорытындылады Инга Анатольевна.