Жар дегенде жалғыз табыс көзін етке өткізуге мәжбүр шаруалар бұл үшін жергілікті шенеуніктерді кінәлауда. Айтуларынша, аяқасты тазалау жұмыстарын бастағандар аймақтағы өзі санаулы су қоймаларындағы суды ағызып жіберіпті. Осының кесірінен, жоңышқа, жүгері атаулы сол күйі егілмей, бірталай шаруа шығынға батқан. Әйтсе де су ағызылғанымен, су қоймасын тазарту басталмапты да. Ал, тоған тазалаймыз деген шенеуніктер жүздеген миллион теңге бөлінген осынау жобада кемшілік көп дейді. Енді жаңа жоба жасап, бюджеттен тағы да қаржы сұрамақшы.Бұ туралы ktk.kz хабарлады.
Бұл осыған дейін Алматы облысындағы шаруаларды жем-шөпке қарық қылып жүрген су қоймасы. Қойнауы суға толы болған қос бірдей қойманың биылғы сиқы мынау. Судың тартылуы салдарынан егістік алқабын қурай басып, ал мал біткен топырақ иіскелеп жүр.
Мұқан Шалғынбеков, шаруа:
-Біз жоңышқа мен жүгері ғана егеміз. Малды бағу үшін, күн көру үшін егеміз. Соны биыл еге алмай қалдық! Не жүгері еккен жоқпыз, жоңышқа күйіп кетті қурап. Су жетпейді. Керек болса, есік алдына бақша да еккен жоқпыз.
Сиыр бағып, отбасын асыраған Мұқан Шалғынбеков мал аштықтан арам қатпасы үшін сойып құтылуға мәжбүр. Осылай деп тағы ондаған шаруа зар қағып жүр. Ал жем-шөптің жоқшылығы қолдан жасалған іс екен. Айтуыларынша, аяқасты қоймаларды тазалауға кіріскен жергілікті шенеуніктер ондағы суды шаруалармен ақылдаспай ағызып жіберген.
Мұхтар Бұғыбаев, шаруа:
-Платинаны тазалаймыз деді. Міне мына айда келеміз деді. Бұл басында балшық боп тазалай алмады. Кейін тазалаймыз деді бірақ. Жаппа, суды ағыз деді.
Енді құрғаған су қоймасының қызығын тышқандар көріп жүр. Ал шаруаларды шырылдатқан ауыл шаруашылығы бөліміндегілерді, малдың жайы тіпті ойландырып та жатқан жоқ сыңайлы. Биыл сол қалпы басталмаған тазалау жұмыстарын келесі жылы жалғастырамыз деп отыр.
Медет Керімжанов, Алматы облысы ауылшаруашылығы басқармасы бас маманы:
-Енді 2018-ші жылға қазір қайтадан сұраймыз. Бірақ ол жерге жоба 2014-те жасалған. Сол үшін өзгертулер енгізу керек. Сол жобада біраз кемшіліктер болды. Сол жобаға өзгерістер енгізіп, енді 18-ші жылға жоспарға кіргізіп отырмыз.
Мұрнын тартқан бас маман қойманы тазартуға қаржы да тартатындарын айтады. Яғни, екінші мәрте. Ал былтыр су қоймасын тазалауға бюджеттен 196 миллион теңге бөлінген екен. Алайда, ол қаржының қайда кеткені белгісіз. Өйткені, суы жіберілгенімен, қос қоймада да тазапрту жұмыстары сол күйі басталмаған.