2005 жылдың жазы. Америкадағы мұсылмандар туралы деректі фильм түсіріп жүргенбіз. Біраз штатты аралап, Вирджинияға келдік. Жергілікті діндарлармен тілдесу үшін мешітке бас сұқтық. Басына қазақтың кәдімгі оюлы тақиясын киген имам Мұхаммед қарсы алды бізді. Көкейіміздегі сауалды айтқызбай-ақ білген ол бас киімнің мәнісін түсіндірді. Елімізден сапарлап барған азаматтар сыйға тартқан екен. Өзі көп оқыған, дінді де, саясатты да жетік білетіні көрініп тұр. Тіпті екі жыл бұрын (2003) Қазақ елінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен Әлемдік діндер съезінің жай-жапсарынан да хабардар. Оның айтуынша, бұл атыраптағы (АҚШ) қалың көпшілік үшін әлі де беймәлімдеу Қазақстанның осындай бастама көтеріп, жер бетіндегі түрлі діндер көшбасшыларының басын қосуы, сөйтіп ортақ мүдде төңірегінде жақындастыруы қай жағынан алып қарасақ та, қуанарлық һәм құптарлық қадам. Өйткені бүгінгі ғалам – бейбітшілік пен жатсынбауға (толеранттық) шақыратын алаң.
Имамның алаңдайтын жөні бар еді. Американы астаң-кестең еткен 2001 жылғы қыркүйек оқиғасынан кейін елдегі қайсыбір топтар тарапынан исламға қарсы қалыптасқан қатыгез көзқарастың тоңы әлі жіби қоймаған кез. Сүйсінерлігі сол, кей жерлерде мұсылман жамағатына қысым жасалғанда христиан шіркеуінің өкілдері араша түсіпті. Ол бізбен қоштасарда болашақ фильмде әлемдегі дінаралық татулықтың маңызы туралы көбірек айтылса деген тілегін жеткізді. Біз де соған орай, телевизиялық туындымызға Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі мен Рим Папасы II Иоан Павелдің елімізге келгенін бейнелейтін көріністерді енгіздік.
Қыркүйектің ортасына таман Мемлекет басшысының төрағалығымен Елордада әлемдік дінбасылардың кезекті басқосуы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Форум бастауында тұрғаны, сол алғашқы съезді жоғары деңгейде ұйымдастырған Хатшылықты басқарғаны баршаға белгілі. Қазақстан Президентінің пікірінше, ксенофобия, діни ұстанымына қарай кемсіту орын алып жатқан қазіргі құбылмалы ғаламда түрлі сенімді ұстанатындар арасында өзара татулықтың болуы айрықша мәнге ие.
Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі. Татулықты ту еткен Қазақ елінде өтетін мәртебелі басқосуда әңгіме осы тақырып төңірегінде өрбиді. Сондай-ақ бүкіл адамзатты толғандырған білім беру мен діни ағарту ісі, рухани, адамгершілік және ізгілік құндылықтарын нығайту, әйелдің отбасы мен қоғамдағы рөлі, әлеуметтік мәртебесін көтеру және экстремизм мен лаңкестікке (терроризм) қарсы күрестің тиімді амалдары секілді кесек-кесек мәселелер талқыға түседі. Қазірдің өзінде әлемнің 50 мемлекетінен 100-ден астам дінбасылары мен діни ұйымдардың жетекшілері өздерінің қатысатынын растады. Салыстыру үшін айта кетсек, 2003 жылы елімізге 17 діни ұйымның, оның ішінде әлемдік діндердің лидерлері мен өкілдері келген еді. Дін лидерлерінің қатысуы тұрғысынан алып қарасақ та, басқосудың деңгейі жоғары болғалы тұр. Биыл Форумға алғаш рет Рим Папасы Франциск қатысады. Жоғары мәртебелі меймандардың қатарында Мысырдағы Әл Азхардың Бас имамы Ахмед Әт-Тайиб шейх, иудаизм мен буддизм лидерлері, даосизм, синтоизм және өзге діндердің өкілдері де бар. Форум жұмысына рухани көшбасшылармен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИСЕСКО, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік ислам лигасы, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың жетекшілері ықылас танытып отыр.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша, VII съезд декларациясы қабылданады. Құжатта әлемдік діндер лидерлері әлем алдында тұрған көкейкесті түйткілдерді шешудің маңызы туралы білдірген пікірі мен ұстанымы қамтылады. Бұлардың арасында геосаяси шиеленіс пен түрлі қақтығыс төңірегіндегі түйткілдер, әлеуметтік және өзге де мәселелер бар. Декларация БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады.
Съезд Хатшылығының жетекшісі Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақ елінің әлемде ізгілік пен бейбіт өмірді баянды етуге бағытталған ұстанымын паш еткен бұл басқосу жер бетінде диалог мәдениетін тарату, өзара түсіністікті арттыру, әлемдік және дәстүрлі діндерді жақындастыру, рухани көшбасшылардың адамзат дамуының өзекті проблемалары бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуі тұрғысынан маңызды рөл атқарып келеді. Сенат төрағасы айтулы оқиғаға орай БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында халқымыздың қадым заманнан бері ашықтық, бейбітшілік сияқты қастерлі қағидаларды ұстанғанын айрықша атап өтті. «Біз әрқашан басқа діндерге құрметпен қарап келеміз. Ашықтық және толеранттылық мәдениеті белгілі бір дәрежеде біздің тарихымыздың, географиямыздың және шексіз даламыздың көрінісіндей. Дәл осындай құндылықтар біздің ұлттық кодымыздың маңызды бөлігін құрайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырды. Ол уақыт сынынан өтіп, өзінің тұрақтылығы мен келешегі зор екенін көрсете алды», – деді.
М. Әшімбаев осы жылдары сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу және әлемдік діндер арасында өзара іс-қимыл үрдісі жанданып жатқанына назар аударды. Рухани көшбасшылар, сонымен қатар бәтуалы байлам, ымыралы шешім, ауызбірлік пен ынтымақтастықтың ортақ жолын іздеу үлгісін көрсетті. Осы ретте форум мәдениеттер мен өркениеттер арасында көпір қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның негізгі тарихи миссияларының бірі екенін айтқан абзал.
Дүрбелеңге толы бүгінгі дүниеде осы өркениет пен мәдениет арасындағы диалогтың аса маңызды фактор екені мәлім. Осыдан отыз жылдай бұрын Семуел Хантингтон (Samuel Huntington) өзінің атышулы «Өркениеттер қақтығысы» (The Clash of Civilizations) атты еңбегінде болашақта соғыс мемлекеттер арасында емес, мәдениеттер арасында өршитінін айтқан-тұғын. Американдық саясаттанушының айтқаны дәл келмесе де, қазір жер-жерде қарқын ала бастаған cancel culture (жоққа шығару мәдениеті) сол мәдени пен рухани болмысқа қауіп төндіріп тұр. Бұған қоса, азаматтардың діни сенімін кемсітуге бағытталған әрекеттер, ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған отбасы құндылықтарынан бас тартуға шақыру, жастар арасында өзіне қол жұмсау (суицид) дерегінің көбеюі, педофилия, патернализм де алаңдарлық сипат алды. Қоғамның үйлесімді дамуына кері әсер ететін мұндай құбылыстар барлық дәстүрлі дін өкілдерін де толғандырмай қоймайды. Олар түрлі басқосуларда баршаға ортақ осындай проблемалармен қатар, қантөгіс пен қайғы-қасіретке әкеп соғатын терроризм мен экстремизмге тосқауыл қою қажеттігін айтып жүр. Бұл ретте өткен жылы Скандинавияда бас қосқан социологтар мен дінтанушылар оң-солын танымаған жастардың террористік ұйымдарға қосылуының бір себебі әлеуметтік теңсіздік екенін алға тартты. Осы басқосуда жеткіншектер арасында суицидті болдырмау үшін тәрбиеге мықтап көңіл бөлу қажеттігі де айтылды.
Дінбасыларының басқосуы күллі әлемнің назарында. Олай дейтініміз, тек Рим Папасымен бірге елімізге 80-нен астам журналист келеді. Қазақстан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай мұның шетелдік әріптестерімен үш күн бойы қоян-қолтық жұмыс істейтін отандық бұқаралық ақпарат өкілдері үшін таптырмас алаң екенін, олардың теология тақырыбына мамандануына, кәсіби тұрғыдан біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік дейді.
Дін атам заманнан бері бейбітшілік пен ізгілікті уағыздайды. Қонақжай Қазақ жерінде өтетін алқалы жиын бейбіт өмір, тұрақтылық, адамгершілік сияқты қасиетті ұғымдардың жер жүзінде салтанат құруына сүбелі үлес қосары анық.
Срайыл Смайыл,
шолушы