jasqazaq.kz

Жайылымдық жердің жайы жалпыға ортақ

25 қазан, 19:21

Ауыл шаруашылығы саласын өрістетіп, агроөнеркәсіпті дамытуда мал шаруашылығының салмағы басым. Ал төрт түлікті түлетіп, ет, сүт бағытын нығайту үшін жайылымдық жер аса маңызды. Десе де жайылымдық жерге қатысты дау шар, күрмеулі мәселе әлі де бар. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сынға алып, игерілмей жатқан жерлерді жергілікті тұрғындарға беруді тапсырған еді.
«Жайылым мәселесіне тоқталайын. Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп — әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», деген Президенттің сынынан кейін түйін тарқатылып келеді. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесе прокуратура қызметкерлерін де қатыстырып тусырап жатқан игерілмей жатқан жерлерді ауыл азаматтарының игілігіне беруді жүктеген болатын. Тіпті қараусыз жатқан жайылымдық жерлерге ғарыштан мониторинг жүргізіп, бақылауды күшейтуді міндеттеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да стратегиялық ресурс саналатын жердің игілігін халық көруі керектігін атап өткен болатын. Қазақта «иесіз жер жау шақырады» деген мақал бар. Шұрайлы шұраттарды, балауса шөбі белуардан келетін құйқалы өрісті тиімді пайдалана алсақ қана іс ілгері басады.
Үш жылдан бері 13,5 млн гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, соның тек 6,2 млн гектарын ғана жергілікті әкімдіктер ауыл шаруашылығы саласын дамытқысы келетін азаматтарға бөліп берген. Президент тапсырмасын ауыл шаруашылығы министрлігі қаншалықты орындауда? Тиімсіз мақсатпен игерілмей жатқан жерлерді мемлекеттің иелігіне қайтару ісінде ілкімділік бар ма? Заман талабына сай ауылшаруашылығы саласын басқаруда тиімділікпен жүйелеу үшін цифрландыру ісі де қолға алынуы тиіс. Ведомствоның баспасөз қызметі халықтың игілігіне беріледі деген 7,5 млн гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді бөліп беру жұмыстары дайындық кезеңінде екенін айтты. Игерусіз жатқан жайылымдық жерлерді бөлуде ауылшаруашылығын дамытып отырған қауымдастықтар, жеке шаруа қожалық иелері мен осы бағытқа қаржы құйған инвесторлардың сұранысына да баса назар аударылады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері биылғы қаңтар айынан бері 1 497 тексеру жүргізген. Шикілік те жоқ емес, пайдалануға берілді деген 6,2 млн гектар жердің 1,6 млн гектарын бөлу бойынша 1112 нұсқама беріліп, 357,9 мың гектар жер игерілген. Одан бөлек 44,9 мың гектар жерді тиімді пайдаланбағаны үшін мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарып алу ісі сотта қаралып жатыр. Осы жылы 2 млн гектар жерді мемлекетке өткізу бағытындағы жоспармен 1,67 млн гектар жер қайтарылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қайтарылған жерлерде келесі жылдан бастап өндіріс өрістейтін, инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын ауқымды жобаларды іске асыру міндеті тұр. Жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың «екі қолға бір күрек»табуына септесуі қажет. Одан бұрын ауылдық жерлерде мал өсіріп отырған тұрғындардың да жайылымы кеңіп, жердің тапшылығы азаймақ. Министрлік жерді қайта бөлудің кешенді жоспарын дайындап, барлық өңірлерге жолдаған. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарының жайылымдық жерден тарлық көрмеуін қадағалау.

«Жайылымдық жерлерді пайдалануды ауыл тұрғындарының ортақ мақсатына берсе, халықтың да әлеуметтік тұрмысы артады. Шалғайдағы елді мекендерде тек осы төрт түлікті өсіріп, етін, сүтін сатып пұл тауып отбасын асырап отырған отбасылар да бар. Біз жылдары біздің ауылдың іргесінен бір шаруа қожалық иесі көлемді жерде жекелігіне пайдалану үшін рәсімдеп алды. Бірақ игерген жоқ. Ал ауылдың аяқты малы жайылымда жүріп әлгі кісінің жеріне өтіп кеткен сайын дау-дамай туатын. Тіпті жаға жыртысып, жұдырық сілтесуге дейін де барды. Сайып келгенде бәрі қызғаныштан туды. Мыңдаған гектар жерді иемденіп, еншісіне алған кәсіпкер оны игеріп игілігін өзі көрген де жоқ, тек ауыл тұрғындарының төрт түлігін де жолатпай қорып жүрді. Кейін жер мемлекет меншігіне өткен соң көзіміз ашылды. Қазір ешқандай у-шусыз ауыл тұрғындары өріске малын өргізіп, тіршілігін жасауда», – дейді Алматы облысы, Кеген ауданы, Ақсай ауылының тұрғыны Аслан Әшім.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді үлестіруде, мониторинг жүргізіп қадағалауда, пайдаланушылардың іс әрекетін бақылауда бірізділік болған жоқ. Бұдан былай ауыл шаруашылығы жерлерді электронды форматта беру тетігін іске қосу қарастырылып отыр. Жауапты мамандар бұл «бармақ басты, көз қысты» әрекетке тосқауыл қоюдың амалы болатынын алға тартады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, алдағы уақытта «Мемлекеттік жер кадастры деректерін қалыптастыру» бағдарламасы іске қосылып, бірыңғай ашық цифрлық карта жасалады. Мұның артықшылығы – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерге қатысты барлық ақпарат, дерек пен дәйек кез келген азамат үшін ашық болмақ. Ілкімді жоба осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жерді пайдаланып, кәсібін дөңгелетемін деген әрбір азамат жер учаскелерінің мәртебесін, иесі туралы, нысаналы мақсаты, жалға алып пайдалану мерзімі жайлы мәліметтерді онлайн қарап көре алады.
Жерді мақсатты пайдаланушыларға қолдау болғанда ғана келеңсіздікке жол берілмейді.
Қуаныш Көшек

Суретті түсірген автор

30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 15:26
Самат Қазақбаев: Масылдықты жоюға бағытталған шаралар Еңбек инспекциясының қатаң бақылауында
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік
28 қазан, 13:58
Мақсат Халық: Қаржы сауаты қыруар шығыннан қорғайды
28 қазан, 12:33
Ерболат Ибрайханов: Әр ауылға таза су жеткізу – стратегиялық міндет
25 қазан, 19:21
Жайылымдық жердің жайы жалпыға ортақ