Жайылым жер заңмен реттеледi

14 қазан 2016, 14:37

Парламент депутаттары «Жайылымдар туралы» заң жобасына бастамашы болғаны белгілі. Оны дайындау үшін мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, төрт жыл бойы жұмыс істеді. Көптен күткен бұл заң жобасы осы аптада Мәжiлiсте бiрiншi оқылымда мақұлданды. Жаңа заңнама жайылымдық жерді пайдалану бойынша қордаланып қалған мәселені қалай шешеді? Бұл жөнінде Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаровтың пікірін білдік.

e9129b7a466028ead16d0fb4320a664f

Жас қазақ: Елімізде жайылым туралы жеке заңнама ешқашан болған емес. Осындай заң жобасын әзірлеуге не түрткі болды?
Сапархан Омаров: Еліміздегі жайылымның жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 70 пайызын немесе 187 млн гектар аумақты алып жатыр. Бiр малдың басына шаққанда 20 гектардан келеді. Iс жүзiнде бүгінде жайылымдық жердің 43 пайызы немесе 80 млн гектары ғана пайдаланылады. Яғни мал басына шаққанда орташа есеппен 2-3 гектардан аспайды. Ал норма бойынша 5 гектардан аз болмауы тиiс. Осының салдарынан 27 млн гектар жайылымдық жер бүлініп, жарамсыз болып қалды. Мұндай жағдай, біріншіден, 100 млн гектар жайылымдық алқаптың осы күнге дейiн айналымға енбей отырғандығынан туындады. Әрі төрт түлiк малдың басым көпшiлiгi немесе 70 пайызы ауыл маңына жақын жерде шоғырланған. Енді осыған шалғайдағы жайылымды суландыру мәселесiн қосыңыз.

photo

Ұсақ және қосалқы шаруашылықтарда мал көп. Ал олардың малды шалғайдағы жерге жаюға мүмкiндiгi жоқ. Бұдан бөлек, ауылдық округтердiң қарауындағы кейбiр жайылым заң жүзiнде реттелмегендiктен, толық айналымға енгiзiлмей келедi. Осыған байланысты жайылым жерлерді ұтымды пайдалану мәселесін шешуге бағытталған заң керек болды. Заң өте күрделі. Сондықтан оның жобасы төрт жыл бойы әзірленді. Оны талқылауға жайылым жерді пайдаланушылар, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылды.
Жас қазақ: Өзiңiз айтып отырғандай, бұл салада қордаланып қалған түйiндi мәселе көп. «Жайылымдар туралы» жаңа заң жерге қатысты бұл түйткiлдердi қалай шешеді?
Сапархан Омаров: Заң жобасы жайылым ресурстарын реттеуге, жоспарлауға, ұйымдастыруға және басқаруға бағытталған. Ол ауылдың айналасындағы, шалғайдағы жайылымды тиiмдi пайдалануға жол ашады. Бүгiнгi күнi ауылдағы мал оның айналасында жайылады. Ал осы жерлерді ауыстыру жұмысы жүргізілмейді. Мал жыл сайын бiр жерде жайыла бергеннен кейiн ол тозып кетпей ме? Ал мына заңда белгіленгендей, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, мемлекеттiк органдар, жайылым пайдаланушылар бірлесе отырып, аумақтағы бар жайылымды пайдалану жоспарын әзірлейді. Осылайша, мәселен, биыл мал жайылған жердің құнарлылығын қалпына келтіру үшiн келесi жылы бұл мақсатқа бос тұрған басқа жер пайдаланылады. Сондай-ақ жоспар арқылы жайылымның көлемi, оның өнiмдiлiгi, бағылатын малдың саны, бос жатқан жер мен мал басы тығыз шоғырланған аумақтар анықталады. Заң жобасында жайылымдық инфрақұрылым объектiлерiн айқындайтын және шалғайдағы жерді ұтымды пайдалануды реттейтiн арнайы баптар да қарастырылған. Жайылымды беру тәртiбi, оны пайдаланушылардың құқығы мен мiндетi айқындалды.
Жас қазақ: Түптеп келгенде, бұл заңның берері не?
Сапархан Омаров: Заң жобасын қабылдау жайылым жерлердің қайта жандануына және елімізде мал шаруашылығы өнімдерінің мол болуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру үрдісін тездетеді. Қысқасы, мал шаруашылығын дамыту бойынша алдыңғы шептегi мәселені шешедi. Ал заңның әрi қарай жұмыс iстеуi өзiмiзге байланысты. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ықпал етпек. Өйткені бұл жергілікті маңызы бар проблеманы шешуге әрі оларды талқылауға азаматтарды тартуға мүмкіндік береді.
Жас қазақ: Депутаттар «Жайылымдар туралы» заң жобасын әзірлеуге 2012 жылы кіріскен еді. Содан тек осы аптада ғана Мәжiлiсте бiрiншi оқылымда мақұлданды. Заң жобасын қашан екiншi оқылымда қарап, Сенатқа жолдайсыздар?
Сапархан Омаров: Иә, осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық. Бiрақ бұл осымен жұмыс бiттi деген сөз емес. Әлi де сұрақ көп. Барлық мәселе екiншi оқылымға дейiн жұмыс тобының отырыстарында талқыланады. Жұмыс тобында мемлекеттiк органдардың өкілдерін қоса есептегенде 20 адам бар. Бұдан бөлек, заң жобасын талқылауға Парламентке кiрмеген басқа саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi де атсалысып жатыр. Парламенттiң сайтында жұмыс тобының отырысы өтетін күн, орны және уақыты хабарланады. Яғни жайылым туралы аса маңызды бұл заңға өз ұсынысын енгізуге әркімнің мүмкіндігі бар. Мәселен, бірінші оқылымға дайындау барысында 100-ден астам түзету қаралды. Заң жобасы толығымен әзір болған соң, оны биылғы жылдың соңына дейін немесе келесі жылдың басында екінші оқылымға шығаратын боламыз.

Сұхбаттасқан
Айымгүл Мұратқызы

16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс