Жайсаң

30 қыркүйек 2016, 14:03

 

1463486992_tazhibЕгер Қазақ елінде ән мәтінін жазу бойынша рекордтар кітабын жасар болса көш басында қатарластарынан оқ бойы озып, ақын Бәкір Тәжібаев тұрар еді.
Бір ғажабы, жүз елуден аса ән сөзін жазған Бәкір Төлеуұлының туындылары өте кең тараған. Оның үстіне жаңа заманғы әншілердің таңдауы да көбіне Тәжібаев өлеңдеріне түсетіні байқалады. Себебі Бәкең қаламынан туған шумақтар сонша қарапайым, тілге оралымды келеді. Және сол жанға жайлы жырдың жүрек тербейтін ерекше сиқыры бар.

Қалың жұртшылық осы ән мәтіні шеберінің негізгі мамандығы актер екенін біле қоймауы мүмкін. Иә, сонау елуінші жылы Алматы Театр-көркемсурет училищесінің жанындағы актерлік бөлімін тәмәмдаған болашақ қаламгер бастапқыда бірді-екілі кинофильмге де түседі. Жалпы, бір қарағанда өте қарапайым көрінетін осынау жанның ғұмырбаяны жұмбақсыз емес. Мәселен, кезінде жас әртіс Жамбыл қаласында оқып жүрген мектеп оқушысына үйленіп «қызық» жасайды. Ол тұстағы жәйттерді, тегінде, сол үйдегі шешеміз Сапаргүл Абызбаеваның өзінен естігеніміз жөн шығар.
– 1952 жылы қосылдық. Он төрттен он беске қараған шағым. Бәкір – жиырма бесте көрінеді. Үйленгенімізді қайтейік, сол бойда-ақ жасы толмаған қызды алды деп Бәкірдің басына қара бұлт үйірді. Және өзі коммунист. Партиядан шығару қаупі былай тұрсын, тіпті соттамақшы екен. Содан қол ұстасып Шымкент қаласына қаштық. Мән-жайға қаныққан Нұрдәулет Күзембаев дейтін үлкен қызметкер кісі жанашырлық жасап, қарындасымды осында алып кел, өзім бірдеңе қылып құтқарып аламын депті. Сөйтіп бас сауғаладық. Бәкір театрға артист болып кірді, мен педучилищеге түстім. Күзембаев ағай «студент болсаң ешкім соқтыға қоймас» деп еді. Менің анамды қолымызға алдық. Бірақ төрт жылдай тұрған соң Алматыға қайта оралғанбыз. Шымкентке іссапармен келген Тахауи Ахтанов Бәкірге: «Мұнда қашанғы жүресің, сенің орның Алматы емес пе!» деп, көп ұзамай-ақ ресми түрде құжаттарын жасатып, астанаға шақыртты.
Қаламының «желі» бар Бәкең келген бойда-ақ шығармашылық өмір қыз-қыз қайнап жатқан қиын да, қызықты қым-қуыт әдеби ортаға күмп береді. Кейін үлкен өнер көгінде парлап самғаған Бәкір Тәжібаевтың Ән әлеміндегі жолы осылай басталған екен.
– Абай атындағы опера және балет театрына әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып орналасты. Атақты музыканттармен араласып, әнге сөз жазу ісімен осы кезден-ақ айналысып кетті. Тегінде, барлық жағынан бесаспап еді. Тапсырыс өте көп болады. Пьеса жаз десе, пьеса жазады. Өлең өз алдына. Кейде музыка да шығарады…
Бәкең аталған театрда композитор Еркеғали Рахмадиевтың әуеніне бірнеше ән мәтінін дайындауымен қатар атақты «Қамар Сұлу» операсының либреттосын да жазған кісі. Сондай-ақ қаламы жүрдек маман журналистика мен көркем проза жанрына да түрен салады. Әйтсе де Тәжібаев шабыты өлеңге көбірек ыңғайланса керек. Бір қызығы, Сапаргүл апай жолдасының қаламынан туған көпшілік жырды тек өзіме арналған деп есептейді. Бұл тұрғыда, әлбетте, дауласу қиын. Жұбайының әр өлеңін машинкаға өз қолымен басып беріп отырған екен. Зайыбының айтуынша, Бәкір аға ән мәтінін өте тез жазған.

bakir-tazhibaev_reswm

 

*Сөзсырға
НАМАЗДАН ҚАЛДЫРҒАН ӘН

Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары «Ақбұлақ» әнінің кең тарағаны соншалықты, халық арасында осы шығарма төңірегінде небір аңыз өрбігенін білеміз. Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев алпыс жасқа толып, өзінің туған жері Баянауылға осы әннің авторы Бәкір Тәжібаевты серік етіп барады. Жазушымен сәлемдесуге келген ақсақалдар қауқылдасып біраз отырған соң:
– Қой, ойбай, бесін намазы келіп қалыпты, – деп асығыс жөнелсе керек. Бірақ іле-шала: – Әй, мына жігіт әлгі «Ақбұлақты» шығарған азамат дейді ғой! Рас па? – деп топырлап қайта жиналады.
– Иә, сол дөкейдің дәл өзі! Бәкір Тәжібаев деген мықтыларыңыз осы жігіт!
– Ойбай-ау, онда неге отырсың! Кәне, шырқап жібер! Өз аузыңнан естіп құмардан бір шығайық!
Күтпеген қошаметтен қанаттанған Бәкір де қызына түсіп, домбырасын бебеулетіп, аспан астын бірталайға дейін дүбірлетеді. Со жолы жарты ауыл жиылып, әнді қайта-қайта айтқызамыз деп, бесін былай тұрсын, екінті намаз да қаза болған екен.

– Көп әуреленбейтін. Бір-ақ күнде дайын қылады. Тіпті жарты күн айналасында жазып тастайтын кездері де болды. Және көпшілік өлеңі маған арналған. «Міне, мынаны сен туралы жаздым!» деп қуантатын. Мысалы, Ескендір «Әдемі-ауды» Дарикоға шығардым деп жүр ғой. Негізі, оны маған деп жазған. «Елігім-еркемді» де маған жазды командировкаға кетіп бара жатқанда…
Ойымызға:
– Қиялымды көкке өрлеткен,
Көңілімді көктем еткен.
Елігімсің еркем менің,
Хабарыңды көптен күткем, –
деген жолдар оралды. Біз апайға: «Бәкір ағаның сөздері көбіне елігім-еркем, әдемі-ау деп келеді. Соған қарағанда, жасыңызда әдемі болғансыз-ау, шамасы!» деп әзілдеп те қалдық.
– Енді, солай шығар! Қайдан білейін. Адамның өз-өзін мақтауы ыңғайсыз ғой… (Сапаргүл тәте осы сәтте ішегі қатып күлді. Одан ақырындап байсалды қалпына көшті). – Әрине, әркім өзінің ұнатқан адамын әсемге балайды ғой. Және жастық шақтың өзі тұнып тұрған сұлулық емес пе. Шашым тілерсегіме түсетіндей өте ұзын болатын. Көзім де баданадай үлкен еді. Қазір ғой, кетеуіміз кетіп кемпір болып отырғанымыз…
Расында, тәтейдің көріксіз болмағаны көрініп тұр. Бізге, әсіресе, Сапаргүл апаның қарапайымдығы, ақжарқындығы ұнады. Шығармашылық адамдарының да әдетте кішіпейіл, қоңыртөбел келетіні белгілі. Әйткенмен, олардың ешкімге ұқсамайтын әдеттерінің де болатыны анық. Бәкір ағаның мінезі қандай еді деген сауалды Сапаргүл Абызбайқызына да қойдық.
– Әр алуан. Тыз етіп ашулануы да оңай, қуануы да тез. Өлеңді де жылдам жазады дегенмен оған ішкі дайындығы күшті ғой. Ақынның жай адам түсіне бермейтін күрделі қасиеттері көп болады. Оңай нәрсе емес. Кез келген дүниені іште ұзақ пісіреді. Жүректің сыры, жанның нұры қосылады өлеңге. Сезімтал. Лезде құбылатыны осыдан. Сол себепті, жағдайын ойлап тұрамыз. Жағдайын жасамасаң жазушы шыға ма. Қас-қабағына қарау керек. Мен күні бойы жұмыста болғанмен үйде анам бар, әр ісіне қолғабысы тигізуге тырысып, ас-суын дайындап беріп отыратын. Кейде, кішкене, көңіл күйі болмаса үндемейміз. Бірақ тез қайтатын еді. Мінезі жайсаң. Көбіне күліп жүреді. Қонақ көп келеді ол уақытта. Үй босамайды. Біреу кетсе біреу келіп жатады. Тіпті, ешкім болмаса Сапаргүл ет асып жатыр деп жолдастарын өзі шақырып алатын. Ізтай Мәмбетов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Қабдыкәрім Ыдырысов, Шәміл Мұхамеджанов, Сағи Жиенбаев сияқты ақын-жазушылардың бәрімен етене араластық. Өлеңдерін оқиды. Әңгімелерін айтады. Кейде дуылдасып таң атқанша да отырады. О кездегі өмір қызық еді. Бір-бірімізді сынау, анау-мынау деген жоқ, барын ішіп-жеп, емен-жарқын араласып жүре беретінбіз. Әлгі жігіттердің де отбасының бәрі көпшіл-ді. Олар да шақырады бізді. Әсіресе, күні-түні қонағы үзілмегеннен кейін пәтер қожайындары Ізтай марқұмды өте мазасызсың деп жиі шығарып жіберетін. Қазір ойласаң, күлкің келеді. Ырың-жырың қылып, жүріп жатушы едік сөйтіп. Ол да бір дәурен екен. Ай, дүние-ай…
Бәкір Тәжібаев қаламынан шыққан «Ауылым – әнім», «Асыл арман», «Жанарым», «Бозторғайым», «Іңкәрім-ай», «Тойға шашу» деп жалғаса беретін кең танымал әрбір өлеңнің өзіндік сыры бар. Бізді кейіпкеріміздің Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Жас дәурен» әнінің туу жайы толғандыратын еді. Сөйтсек, бірде Қырымға емделуге барған Бәкір кезінде Қасым жатып кеткен жалғыз орындық бөлмеге тап болыпты. Міне, осынау сәйкестіктің өзі шақша басын тауға да, тасқа да соққан, майдангер Қасым ағасының ауыр тағдыры туралы қатты тебірентсе керек. «Жас дәуреннің» сөзі мен әнінің сәтті жымдасқаны соншалықты, көпшілік жұрт бүгінде осы дүниені тұтастай Қасымның өз шығармасы екен деп қабылдайды…
Сапаргүл тәтемен әңгіме барысында әйгілі «Әлия» әніне әдейі тоқталғанбыз. Кейінірек автордың өзіне де, өзгелерге де бірталай абырой әкелген бұл шығарманың да шағын тарихы бар көрінеді.
– Менің анамның есімі – Жанбөпе. Бірде шәй үстінде отырып о кісі өзінің Әлиямен жақын туысқан екенін айтып қалды. Бәкір елең етіп: «Ойбай-ау, апатай, әңгіме сізде жатыр екен ғой! Айтып берсеңізші мән-жайды!» деп жармаса кетті. Көп ұзамай өлең де туды ғой. Бір күні Сейдолла Бәйтереков келіп: «Аға, осы сөзге музыка жазсам қайтеді» деп өтініпті. – «Е, жаза ғой, айналайын!». Міне, жағдай осылай өрбіген. Кейін жас Роза Рымбаева осы ән арқылы алдымен Мәскеуде бас бәйге алды, одан Болгарияда өткен халықаралық фестивальде «Алтын Орфей» жүлдесін иеленіп, әлемге танылды. Бұдан соң Розаның тағы бір үлкен тартыста «Күнге табыну» әнін айтып лауреат атанғаны есімде.
Әңгімені тағы да Бәкеңнің күнделікті іс-әрекеттеріне қарай бұрамыз. Әдетте, өнер адамдарының әпербақандау, қожанасырлау келетіні мәлім. Мұндай мінезден біздің кейіпкеріміз де құралақан емес секілді.
– Өте сенгіш еді. Біреу бірдеңе айтса есі шығып, соған сенеді. Мен де аңқаумын. Әйткенмен, Бәкірдің аңғалдығы менен он есе асып түсетін. Баяғы жас кезде қазіргі екінші Алматы вокзалының бергі бетінде жер үйде тұрдық. Әжетхана – сыртта. Бәкір түнге қарай далаға ылғи мені ертіп шығады. Жас балаша сондай қорқақ. Мен де кейде түрлі шаруадан қолым тимей отырамын ғой енді. Және дардай қылып қашанғы жетелеп жүресің күйеуіңді. Сондайда тысқа: «Апатай, сіз жүріңізші, мына Сәпен көнбей тұр!» деп анамды ертіп шығатын. О кісі де қызық: «Ә, жарайды, жүре ғой!» деп бірге еріп бара жатады.
Жастайынан киноға түсіп, кілең махаббат ғазалдарын жазуға машықтанған Бәкір ағамызбен біз де кезінде талай ұшырасқанбыз, аққұба жүзінен нұр төгілген, өте сымбатты, көрікті адам еді. Мұндай кісінің маңайына қыз-қырқынның да үйір келетіні түсінікті. Апайымыз күйеуін қызғанбады ма екен ондайлардан?
– Ойбой, несін айтасың! Талай қыз-келіншектен небір хаттар да келіп жататын еді. Бірақ имандай шыным, ешкімнен қызғанбауға дағдыландым. Өзі де әу бастан-ақ: «Мен саған адалмын. Сені еш уақытта алдамаймын. Маған сен. Анау-мынау қаңқу сөзге қарама!» деп ескерткен. Сендім. Жастайымнан етегінен ұстағанмын. Сенбей қайтем. Не айтса да, заң деп қабылдадым. Сондықтан шығар, өте тату тұрдық.
Сүйткен адамның жас келіншектерге, оның ішінде ақын-жазушылардың әйелдеріне беретін ақыл-кеңесі қандай екен?
– Жолдасын беталды қызғанбасын. Анау өлеңді – анаған, мынау әнді мынаған арнадың деп кейбір әйелдердің дау-дамай, ұрыс-керіс шығаруға бейім тұруы мүмкін. Ондайдан аулақ болған дұрыс. Менің анам: «Ер адамның еркімен жүргені жөн. Ер-азаматын қадірлей алмаған әйелде қасиет болмайды. Ақымақтық жасап, күйеуінің сағын сындырған әйел күні ертең-ақ бармақ шайнайды» деп отыратын. Сондықтан, қашанда ерімнің ыңғайымен жүруге тырыстым. Қарсы келіп, ер адамның жұмысына бөгет жасамау керек. Сонда ғана ісі оңға басады. Жастарға да осыны айтамын.
Жан дүниесін терең ұғынған жан-жарына ақын да өле-өлгенше риза болып өткен сияқты:
– Бәкір де маған: «Саған ырзамын. Ешқашан қолымды қаққан жоқсың. Өз ерік қалауыммен жүріп-тұрдым. Сен берген еркіндіктің арқасында талай атақ-дәрежеге жеттім. Көп жаса. Балалардың қызығын көр!» деп толқып отырушы еді марқұм бейшара. Қазір:

– Таңым-ау, мені сағынсаң,
толқынға көз сал ұрынған.
Жүгірген толқын жүрегім –
алдыңа келіп жығылған, –
дегендей әндерді естіген сайын көңілім алабұртып, көз жасыма ерік беремін…
Бәкеңнің музыкаға бейімдік қасиеті немересі Әлияға дарыған көрінеді. Енді осы құлынымынан көп үміт күтемін, – дейді Сапаргүл апай.
Бәкір ағамыз өз ісінің қас шебері болғанымен де күйкі тіршіліктің әділетсіздігімен бетпе-бет келгенде дәрменсіз күй кешіп, қатты күйзелген. Міне, өнер үшін жаралған осындай аяулы адамды да жәбірлеп, жанын жаралаған қараулар кездесіп бағыпты. Дегенмен, өмірдің заңы солай. Тартыссыз тіршілік жоқ. Тек, аяқтан шалып жолын бөгеген сұмдармен арпалыса жүріп, соңына өшпес із қалдырған Бәкірдей дарындарды ойлағанда сәл қабаржып қаласың. Көңілді мұң тербейді.

Құлтөлеу МҰҚАШ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала