Жаһанданудан – Аймақтануға

16 қыркүйек 2022, 11:23

Жаһанданудан – Аймақтануға

Бірқатар ақпарат құралдары Өзбек елі басшысының мақаласын жариялады. Шавкат Мирзияев Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті Саммиті қарсаңында қалам тербепті. Ол қадым қала Самарқанда өтетін жоғары деңгейдегі басқосу ынтымақтастық, өзара түсіністік және достық сияқты ұғымдарға арқа сүйейтінін, Жер-Жиһанды алаңдатқан сын-қатерлерге төтеп беру жолдарын іздейтінін атап өткен.

Бұл қатарға көршілер арасындағы татулық пен сыйластықты да қосқан жөн. Таяуда ғана Кіндік Азиядағы бес мемлекеттің басшылары Ыстықкөлдегі Шолпан Ата қаласында кездесті. XXI ғасырда өңірді өркендетуді көздеуге бағытталған достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды. Айта кеткен жөн, аймақтағы интеграциялық үрдістердің қарқын алуына Қазақстан мен Өзбекстан айрықша күш салып жатыр. Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуі, алпауыт күштер арасында Орталық Азияда өз ықпалын жүргізуге бағытталған текетірестің бұрын болмаған дәрежеде өршуі, қырғыз-тәжік шекарасында оқтын-оқтын естілетін мылтық дауысы. Ғаламды алаңдатқан Ауғанстан бар іргеде. Осының бәрі өңірдегі мемлекеттерді топтасуға, қазақы тілмен бейнелеп айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етуге шақыратыны анық. Бұл жетіде Қазақ елінің ұйымдастыруымен Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының VII сьезі өтті. Оған Рим Папасы да қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің түрлі шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін диалог алаңы болуға дайын екенін мәлімдеді. Мәртебелі жиын аймақта ғана емес, бүкіл ғаламда қауіпсіздік пен тұрақтылықтың баянды болуына септігін тигізері сөзсіз.

Әу баста «Шанхай бестігі» (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) деп аталған бұл ұйымның бүгінде өрісі кеңейген. Өзбекстан, содан кейін ядролық державалар – Пәкістан мен Үндістан мүше болды. Самарқандағы кездесуде Иран ресми түрде қосылмақшы. Беларусьтің мүшелігіне қатысты дайындық жұмысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, ұйымға бақылаушы және диалог серіктесі ретінде қатысатын мемлекеттер де бар. Соңғы үш жылда алғаш рет өткізілген ШЫҰ Саммитіне Түркия, Армения, Әзірбайжан, Түрікменстан президенттері де қатысуға ниет білдірді.

Осылайша, географиялық ауқымы (34 млн шаршы шақырым), демографиялық (шамамен 3,4 млрд адам) және экономикалық әлеуеті (Қытай, Үндістан) жағынан алғанда халықаралық қоғамдастықтағы тартымды орталыққа айналып отыр. Ең бастысы, қағидасы айқын: ұйымға мүше барлық мемлекеттің егемендігіне құрметпен қарау, олардың ішкі ісіне араласпау, саяси текетірес пен берекесіз бәсекелестікке жол бермеу.

Қайсыбір сарапшысымақтар ұйымды Солтүстік Атлантикалық әскери одаққа (НАТО) балама деп жүр. Бұл шындыққа мүлде жанаспайды. ШЫҰ ешқашан әскери бірлестік болған емес. Атауы айтып тұрғандай, халықаралық ұйым ретінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты баянды етуге, лаңкестік (терроризм) пен жікшілдік, экстремизм және есірткі саудасына тосқауыл қою, экономикалық және мәдени байланыстың дамуына қызмет етеді. Айта кету керек, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы дерлік соғыстан соқтасы шыққан Ауған жерінде бейбіт өмірдің хакім болғанын қалайды. Тек ниет білдіріп қана қоймай, Қабыл билігімен кейбір салаларда, әсіресе, азық-түлік, қуат көздерімен қамтамасыз етуде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Осы орайда ресейлік саясаттанушы Александр Князев ұйым іс жүзінде жұмыс істемей отырған кейбір халықаралық ұйымдарды алмастыра алады деп есептейді. Ол бұған мысал ретінде кезінде қару-жарақты азайту және жанталаса қарулану қарқынын бәсеңдету мақсатымен құрылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) айтады. Оның пікірінше, бұл ұйым бүгінде тек адам құқықтарына ғана мән береді. Әзірбайжан сарапшылары да ЕҚЫҰ-ның ұзақ жылдар бойы Қарабақ түйінін шешуде қауқарсыз болып келгенін айтып жүр.

Бір өрісті дүниенің іргесі сөгіліп, көп құтұбты (полюс) жүйе қалыптаса бастағалы жаһандану процесі де кідіре бастады. Оның орнына «аймақтану» деп аталатын интеграция белең алып келеді. Мұндай жақындасуға, өңірлік деңгейде тығырықтан шығар жол іздеуге аса ірі мемлекеттер арасындағы ымырасыз текетірес, жер-жерде тоқтамай тұрған қарулы қақтығыс, саясаттың экономикаға тікелей ықпалын жүргізуінен «санкция соғысы», жылдар бойы үзілмеген көлік-логистика жүйесінің бұзылуы, қуат көзі мен азық-түлік тапшылығының сезілуі, аштық қаупінің қылаң беруі сияқты көптеген факторлар да әсер етіп отыр.

Ұйым шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастық бүгінгі күннің өзекті міндеті – тауар мен шикізатты тұтынушыға жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Транзиттік тасымал бойынша жаңа жобаларды іске қосуға болады. Бұған дейін құбыр желісі мен кеме керуені көбіне Батыс пен терістікке қарай бет алса, ендігі жерде күнгей бағыттың бағы ашылғалы тұр. Бұл, сөз жоқ, теңіз жолдарынан жырақта (Landlocked Countries) жатқан Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін баламалы бағыт ретінде тиімді. Қазақ елінің көне Жібек жолын қайта жандандыру мақсатымен қолға алынған ірі жобаларды іске асыруға белсене атсалысқаны көпке мәлім. Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу уақыты анағұрлым азайып, күретамыр бойында инфрақұрылымдық нысандар пайда болды. Қазір аймақ елдері соның жемісін көріп отыр. Қазақстан билігі көлік-логистика жүйесінде қалыптасқан қазіргі ахуалды ескеріп, Транс-Каспий бағытының әлеуетін пайдалануға айрықша мән беріп отыр.

Солтүстік – Оңтүстік дәлізі Иран арқылы Парсы Шығанағы өңіріне, ал TAPI (Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан) Үнді мұхитына төте жолмен шығуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Термез – Мазар-и Шәріп – Қабыл – Пешавар теміржол құрылысы жобасы іске асып жатса, тасымал уақыты мен құнын азайтары анық.

Шайырлар жырға қосқан шырайлы шаһар Самарқанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті Саммиті жаһандану емес, аймақтық интеграцияның тартымды әрі аса қажетті үрдіс екенін көрсетті.

Жаһанданудан – Аймақтануға

Срайыл Смайыл,
шолушы

29 қыркүйек, 16:02
Күрсінбейтін, күлімсірейтін кісі еді
29 қыркүйек, 15:57
Бір ел – бір мектеп
29 қыркүйек, 15:36
Ерлан Нысанбаев: Алматының экологиялық ахуалы жақсарады
29 қыркүйек, 15:33
Салық төлегісі келмей ме, әлде...
19 қыркүйек, 11:22
Болат Оспанов: Біздің мақсатымыз - ұлттар арасындағы татулықты сақтап, бірлігі мығым ұрпақ өсіру
18 қыркүйек, 13:32
Нағыз қазақ – домбыра!
15 қыркүйек, 16:26
Отандық өнімді салықпен қолдау
13 қыркүйек, 11:23
Нұрлан Қиқымов: Мақсатымыз - деструктивті идеологияның алдын алу
11 қыркүйек, 16:47
Күнгей бағыттың келешегі