«Бірлік туралы әңгімені текке қозғап отырғанымыз жоқ. Өйткені, сонау зобалаңға толы депортация жылдарының өзінде қазақ халқы жат жұрттықтарды жылы қабылдады. Өзге ұлт өкілдерінің жат жерге тез бейімделуіне жағдай жасап, соңғы үзім нанына дейін бөліп берді. Міне, қазақ ұлтын даралап тұрған ұлы қасиеті де осы». Бұл туралы Атырау өңіріне белгілі кәсіпкер, жергілікті «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев бізге берген сұхбатында айтты.
— Депортация туралы әңгіменің шетін өзіңіз бастадыңыз. Қазақ жеріне қалай келдіңіздер? Осы бір тарихи сәт туралы айтып өтсеңіз?
— Менің ата-бабаларым 1940-шы жылдары қазақ жеріне ауып келген шешендердің бірі. Өзім Талдықорған өңіріне қарайтын Алтын Емел жерінде дүниеге келдім. Анамыз он үш құрсақ көтерген екен. Соның жетеуі Шешенстанда, алтауы осы қазақ жерінде дүниеге келіпті. Өз басым Қазақстанда туылғанымды мақтан етемін. Және өзімді туып өскен елімнің патриотымын деп есептеймін. Себебі, жүз отыздан астам ұлт пен ұлысты біріктіріп, баршасын ортақ шаңырақтың астына топтастырып отырған Қазақ еліне, қазақ халқына біз мәңгілік қарыздармыз.
— Қазақстан Халқы ассамблеясы өзіне жүктелген міндетті қаншалықты атқарып отыр?
— Әлем үшін Біріккен ұлттар ұйымының екінші баламасына айналған Қазақстан Халқы ассамблеясы — достық пен бірлікті арттырып, қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыруда жетекші роль атқарып отыр. Себебі, ассамблея діни сенімі, ділі, ұлттық ерекшеліктеріне де қарамастан түрлі халықтардың бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүре алатындығын әлемге дәлелдеді. Тіпті, бүгінде ел халқы ортақ мүдде жолында біріккен қазақстандықтар деген тамаша атауға ие болды. Мұның барлығы бірлігі бар елдің ғана озатынын көрсетеді. Бұл мәселелерді санамалап отыруымыздың да өзіндік мәні бар. Себебі, әлемді алаңдатып отырған жалған діншілдердің шектен шыққан әрекеттері дүниежүзінің түпкір-түкпіріне кері әсерін тигізуде. Мәселен, өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған радикалдық топтың Сирия жерін қан сасытып жатқаны белгілі. Сол радикалдық топтың қатарына Еуропа мемлекеттері, Түркия, тіпті өз жеріміздегі қаракөздердің де аттанып жатқаны алаңдатады. Сондықтан да, әсіресе жастар жағын өз Отанының патриоты болуға шақырамын. Жүріп өткен жолы бай тарихқа, батырлық, ерлік дастанға толы Қазақ елінен асқан бейбітсүйгіш, ынтымақты мемлекет жоқ. Міне, біздің жастарымыз осындай батырлық рухқа толы туған елін құрметтеуі, еліміздің көк туын биікте ұстауы тиіс.
— Өзіңіз «Батырлық рухқа толы ел» деп бағалап отырған Қазақ елінің тарихын, өткенін насихаттауда дара ұйым ретінде қаншалықты іс атқарып отырсыздар?
— Қазақ халқының аршып алар тарихы жетерлік. Бір ғана мысал. Хандар дәуірінің ақиқаты әлі күнге дейін толық аршылған жоқ. Мәселен, жақында басына ескерткіш қойылған Есім ханға байланысты жайттардың өзі рухы биік, өршіл қазақтың тарихы тереңде жатқанын көрсетеді. Өзім төрағалық етіп отырған «Вайнах» шешен-ингуш орталығы да іргелі істердің бел ортасында жүрді. Әсіресе, Есім ханның басына ескерткіш орнату мәселесінде орталықтың ролі зор болды. Бастысы, біз Кеңес Үкіметі кезінде қазақ тарихының қолдан екшелгенін, ал шын мәнісінде Қазақ елінің өткені өршіл де, бай тарих екенін ұғындық.
Бүгінде орталық көп балалы отбасыларға, жалғыз басты қарттарға, жетімдер үйіне көмек көрсетіп тұрады. Осындай қайырымдылық шаралары Құрбан айт кезінде де жалғасатын болады. «Вайнах» орталығы жанынан
жұмыс істейтін жастар қанаты да жас буын арасында Мәңгілік Ел идеясын насихаттауда өзіндік роль атқарып келеді. Мұның барлығы бір шаңырақ астында біріккен елдің болашағы зор екендігін көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Баян Әли