«Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек». Мемлекет басшысы жыл басында өткен ішкі істер министрлігінің алқа жиынында тәртіп сақшыларының алдына осындай міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев қылмысқа қарсы күрес, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін айрықша атап өтті.
Осы жиында заң бұзушылық пен қылмыстардың көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайтыны жан-жақты баяндалды. Сондай теріс әрекеттің бірі – дертке айналып бара жатқан нашақорлық пен наркотрафик. Президент Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында қоғамға қауіп төндіріп тұрған бес кеселдің басында осы есірткінің тұрғанын айтып, онымен ел болып күресіп, біржола тосқауыл қою қажет екенін мәлімдеді. Ұлт болашағына қатер төндіретін сорақы құбылысқа қатысты деректер келтірді. Дерт дейтініміз, нашақорлық, әсіресе, жас өскін –балалар арасында тез таралып, жастарды улап жатыр. Қоғамға қаупі мынада: есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы — бүгінде жаппай белең алып бара жатқан індет. Статистикаға жүгінсек, тек өткен жылы есірткіге қатысты анықталған қылмыс саны 7,5 мыңнан асып кеткен. 41 тонна есірткі заңсыз айналымнан алынды. Мемлекет басшысы бұл ретте есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең кеш болып, бармақ тістеп қалуымыз мүмкін екенін ескертті. Қазір есірткі саудасымен айналысқан қылмыскерді қатаң жазаға тарту көзделген. Президент есірткі заттарды өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтып, оны ең ауыр қылмыстар қатарына жатқызу жөнінде өз ұсынысын білдірді.
Әлі оң-солын танып үлгермеген, әр нәрсеге еліктегіш жас буынның қауіпті кеселдің улы шеңгеліне түспеуі үшін заң талаптарын күшейтумен бірге есірткінің зиянын, шалыс қадамның орны толмас опатқа апарып соғатынын түсіндірудің маңызы зор. Бұлай дейтініміз, жуырда jasqazaq.kz порталына сұхбат берген бозбала әу баста нашаны қызық үшін шегіп көргенін, келе-келе күнделікті тіршілігін еліткіш затсыз елестете алмайтын күйге түскенін баяндады. Оның таныстары да біраздан кейін есірткіден бас тарта алмай қалған. Қазір оңалту орталығында ем алып, жат әдеттен айығып жатқан жігіт салауатты өмірге оралуды армандайды.
Біз ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған осы кеселге қарсы күрес бойынша елімізде тиісті шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр Үкімет қаулысымен Нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күрес жөнінде 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Сарапшылар қауымы арасында жан-жақты талқылаудан өткен бұл құжаттың негізгі мақсаты – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың күш-жігерін жұмылдыра отырып, нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелді жандардың санын азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған Кешенді жоспарда қазіргі заманғы есірткі әлеміндегі ахуал сараланып, еліткіш заттардың жаңа түрлері пайда болғааны, есірткі өндірісі мен оны таратудың тәсілдері өзгергені, ғылым мен технологияның жетістіктері (даркнет, мессенжер, криптоәмиян) кеңінен қолданылатыны баяндалған.
Соңғысына келсек, есірткі саудасы кибер салаға көшкелі еліткіш заттар «телеграм-боттар» немесе өзге де интернет-ресурстар арқылы көптеп сатыла бастады. Опық жегізбей қоймайтын бизнеске тарту үшін жарнаманы пайдаланады. Polisia.kz сайты жазғандай, Қостанай қаласының 34 жасар тұрғыны әйел есірткі сататын интернет-дүкендердің «мекен-жайын» ғимараттардың қабырғасына жазып жүрген сәтінде қолға түсті. Ол мұндай жарнаманы Көкшетауда да жасаған. Бір телеграм-каналдың әкімшісі оған қомақты ақша табатынын айтып қызықтырған көрінеді. Өзінің бұл әрекеті талайдың өміріне балта шабатынын біле тұра, заңды белден басқан әйел алты жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қазір құқық қорғау орындары қылмысқа онымен бірге тұратын ер адамның қатысы бар-жоғын тексеруде.
Әйгілі «Синтетика: Улы зат» деректі фильмінің кейіпкері де оңай жолмен ақша тапқысы келген. Есірткі заттарды белгілі бір жерлерге қойып кететін «закладчик» заң мен тәртіптің құрығынан құтыла алмайды. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жігіт ақшаның опа бермегенін, ең өкініштісі, жастық шағының 10 жылы босқа өтетінін айтып налиды. Ойланбай жасаған қателігін басқалар қайталамаса екен дейді. Аталған фильм мұндай қылмыстың алдын алу, қоғамға зиянды дертіне қарсы күресте БАҚ-тың тиімді құрал екенін көрсетеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылы тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы ғаламтор арқылы сатумен байланысты. Жалпы интернеттегі 604 «наркодүкені» жабылыпты. Бірақ бұл мәселені түпкілікті шешуге мүмкіндік бермейді. Өйткені шетелде отырып, жаңа сайт ашу қиын емес.
Есірткіге қарсы күрес мамандарының пікірінше, осындай заңсыз «контенттің» жұмысын тоқтату үшін қазіргі заманғы жабдық қажет. Кешенді жоспар заманауи құралдармен жабдықтауды көздейді. Сөйтіп, әлеуметтік желі мен сайттар арқылы есірткі заттардың таралуын анықтауды автоматтандыруға болады. Сонымен қатар, «Кибернадзор» деп аталатын жүйе ондай сайттар ашылып жатса, оларды алыстан онлайн түрде бұғаттай алады. Бұл жерде жасанды интеллект көмекке келіп, өзі дереу анықтайды, қажетті тосқауылды қояды. Сондай-ақ, сайттың жұмысын ұйымдастырып отырған да, оны пайдаланған адам да тасада қала алмайды. Олар да әшкереленеді.
Әлеуметтік желідегі есірткі саудасына қарсы күреске Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) де белсенді түрде атсалысып жатыр. Агенттік мессенжерлерде еліткіш заттарды сататын 300 арнаны анықтады. Ел аумағында тұрақты түрде есірткі жарнамасын жасап, оны сатумен айналысқан Телеграм-каналдардағы 80 қолданушының кім екені анықталды. Есірткі сататын аса ірі 3 алаң айқындалды. Оған қатысушылардың саны 35 мыңдай. Бұлардың арасында 10 мың адам нашақорлар санатында. Есірткі пайдаланушылардың тең жартысы Астана мен Алматы қалаларында, сонымен қатар, Алматы облысының тұрғындары.
Соңғы жылдары елімізде есірткі өндірісімен айналысатын зертханалардың пайда болуы алаңдатарлық сипат алды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, аса ірі көлік-логистикалық торап болып табылатын Алматы қаласы, Жетісу және Алматы облыстарында синтетикалық есірткі өндіретін зертханалар анықталды. Құқық қорғау мекемелері мен арнайы қызметтің белсенді әрекетінің нәтижесінде 33 зертхана жойылды. 10 тонна прекурсор тәркіленді. Бұл пайдалануға дайын тұрған 1 тонна есірткінің жолы кесілді деген сөз.
Қоғамға қауіп төндіретін осы ауыр қылмысқа ымырасыз күрес жүріп жатқанын Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мына деректер де дәлелдей түседі. Биылғы жылдың басынан бері ҰҚК тарапынан есірткінің заңсыз айналымына қарсы 96 операция жүргізілді. Айта кеткен жөн, 23 операция шет мемлекеттердің тиісті органдарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде есірткі жеткізумен айналысатын 24 халықаралық және аймақтық 16 арна жойылды. Жүргізілген операциялар барысында заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі және психотропты заттар, 4,6 тонна көнкнәр сабаны шикізаты, сондай-ақ, синтетикалық есірткі жасау үшін қолданылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер алынды. Ал «қара нарықтағы» есірткі саудагерлерінен тәркіленген еліткіш заттардың құны 17 млрд теңгеге жуықтайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің және шетелдердің 54 азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес халықаралық қатынас жолдарында да жүріп жатыр. ҰҚК шекара қызметі 200-ден астам есірткі құралдарын тасымалдау әрекетіне тосқауыл қойды. Сөйтіп, заңсыз айналымнан 790 келі есірткі және психотроптық заттар алынды.
Мамандардың пікірінше, еліткіш заттардың арасында синтетикалық есірткі ең қатерлі болып есептеледі. Мұнда бұрыннан пайдаланып келе жатқан марихуана немесе героинға «байланғандай» сияқты емес, психикалық тұрғыдан тәуелді болу процесі жылдам жүреді. Пайдалану жиілігі мен доза саны да күрт өседі. Амфетаминдер тобына жататын «экстази», «скорость», «метадон» сияқты синтетикалық улы есірткілер адамның орталық нерв жүйесіне зақым келтіреді. Есірткі өндірушелер соңғы жылдары осы «синтетиканы» таратуға күш салып жүр. Сұраныстың көбеюіне бағасының арзан болуы да себеп. Өткен айда Павлодар қаласы маңындағы саяжайда жүргізілген операция барысында 170 келі мефедрон, 2 тонна прекурсор және зертхана жабдықтары тәркіленді. Қылмыстық әрекет бойынша жергілікті және шетел азаматтары қолға түсті. Жалпы саны 680 мыңнан астам дозаны құрайтын осы есірткінің «қара нарықтағы» құны 4,2 млрд теңгеге жетеді.
Өскемен қаласында «Жиһаз цехы» деп ашылған дәл осындай зертханада синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Тәртіп сақшылары 1,5 келі дайын есірткі, бір жарым тонна прекурсор тәркіледі.
Осылайша құқық қорғау органдары мен қоғамдастық өкілдері Заң мен тәртіп қағидатын іске асыра отырып, қоғамға қауіп төндіретін, талай адамның өміріне балта шабатын есірткіге қарсы жұмыла күрес жүргізіп жатыр.
Талап Тілеген
Суреттер: ҰҚК баспасөз қызметі, Рolisia.kz