Заманауи құлдыққа тосқауыл

04 қараша 2022, 11:28

«Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар. Өкінішке қарай, бұл түйткілдің Қазақстанға да қатысы бар». Астанада өткен «Қазақстандағы адам саудасына қарсы күрес туралы» құқықтық форумда еліміздің ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осылай деді.

Арнайы заң жоқ

Жыл сайын ел ішінде 100-ден астам осындай қылмыс тіркеледі.
«Бұрын 300-ге дейін барушы еді. Биыл төрт айдың ішінде адам саудасының 30-ға жуық дерегі анықталды. Үш ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Министрлікте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын қайта құрудың арқасында бұл қылмыстардың анықталу қарқыны артып келеді.

Әйтсе де, бұл тек салдарымен ғана күрес», – деді ішкі істер министрі.

Өйткені біздің елімізде адам саудасымен күресті реттейтін арнайы заң жоқ.

Осы орайда М.Ахметжанов: «Қазір ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмысын қайта құрып, бағдарлы тәсілді енгізуде. Қоғамдық институттармен әріптестік қарым-қатынас орнату, мемлекеттік органдармен жауапкершілікті бөлісу мәселелері қайта қаралуда. Бұл қағида адам саудасына қарсы тұру тәсілдерін әзірлеу кезінде қолданылуы керек», – деді.

Бүгінде еліміз адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты шарттардың қатысушысы болып отыр. Олардың 13-і құлдықтың заманауи түрлеріне қарсы тұрумен тікелей байланысты. Сондай-ақ осы саладағы қатынастар 10 заңмен, мемлекеттік органдардың әр түрлі бұйрықтарымен реттеледі. «Бірақ соның бәрі шашыраңқы. Арнайы заң жоқ», – дейді сала басшысы.

«Адам саудасының құрбаны»

Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы арқылы «адам саудасының құрбаны» ұғымының құқықтық аясын кеңейтуді ұсынды. Бұл туралы М.Ахметжанов: «Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл құжат декларативті акт болмауы керек. Ол қолданыстағы барлық «ақтаңдақтар» мен «көлеңкелі аймақтарды» жоюы керек.

Заң жобасында қылмыстық іс қозғалған, қозғалмағанына қарамастан, «адам саудасының құрбаны» ұғымына заңдық анықтама қарастырылмақ», – деді.

Адам саудасына тартылған

азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек заң аясында регламенттелмеген.
Сондықтан адам саудасының құрбанына уақытша баспана ұсыну, бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз ету, медициналық тексеру, үйіне жетуіне жәрдемдесу, психологиялық кеңес беру, кәсіптік бағдарлау сияқты кешенді әлеуметтік көмек алуына құқықтық негіздер жасалады.

Шетелге бала алып шығу

Ішкі істер министрі кәмелетке толмаған балаларды шетелге алып шығатын адамдарға бақылаудың қатаңдайтынын хабарлады.

«Қазіргі заңнамада онсыз да бөгде адам кәмелетке толмаған баланы ата-анасының сенімхатынсыз шетелге алып шыға алмайды. Ендігі заң бойынша, біреудің баласын шетелге апара жатқан адамның қандай мақсатпен кетіп бара жатқанына мән беріледі. Кейде қолдан жасаған құжат бойынша немесе халықаралық шараға апара жатырмын деген жалған желеумен баланы шетелге алып шығатын жағдайлар болады. Кейін ол баланы елге қайтару біз үшін қиынға соғады. Міне, осы жерде адам саудасының құрбандары болуы мүмкін», – деді министр.

Сондай-ақ ол адам саудасына қарсы күресті үйлестіретін уәкілетті орган анықталмайынша, жұмысты жүйелі түрде жүргізу мүмкін емес екенін ескертті.

«Болашақ құрбанның басындағы қиындықты немесе оның осал тұсын пайдаланып, алдау арқылы сыртқа алып шығады. Осы жерде біз сақтық танытуымыз керек. Біз баланы әкетіп жатқан адамның кім екенін, қайда және қанша мерзімге кетіп бара жатқандарын, сапар мақсатын анықтауымыз керек. Демек алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Осы қызметтің бәрін үйлестіретін орган керек», – деді Марат Ахметжанов.

Талап Тілеген

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?