Шымкенттегі«Ерте араласу бөлімшесі» мен «QН оңалту оралығының» (№2 Реабилитациялық орталық) бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева орталықтың жұмыс барысы, ем-дом шаралары туралы айтты.
–Арттерапия бөлмесіндегі сенсорлы тақта балалардың сенсорлық интеграциясын дамытады. Балалар түстерді ажыратып үйренеді. Ойын арқылы ойлау жүйесін дамытады. Арнайы ойыншықтармен ойнау арқылы ұсақ моториканы дамытады.
«Қазақстан халқына» қоры бұрын болмаған аспаптармен жабдықтап берді. «Роботталған» немесе аяқ-қолы істемейтін балаларға вертикализация бойынша фиксация жасап, ойын түрінде жұмыс істеуге үйретеді. Мысалы ойын түрінде жаттығу жасауға, аяқ-қолды дамытуға керемет көмектесетін аппараттарымыз бар. Соның бірі – иппотренажер. Мойнын ұстауға, омыртқасына, басына, жамбасына иппотерапия жақсы көмектеседі. «Балу» аппаратымен фиксация жасап, қозғалыс координациясын реттеуге болады. Көпфункционалды Тyrostation үстелінде отырып, компьютердегі сабағын оқиды. Бала ойын түріндегі қимыл арқылы қолын нығайтады. Бұл үстелге миы дұрыс істейтін, бұйрықты түсінетін балаларды отырғызамыз. Әр жаттығу сайын миы да, қолы да дамиды. Орындық түсіріліп, көтеріледі.
Корвит аппаратында өлшемі бойынша балаға ортопедиялық аяқ киім кигізіледі. Диагнозы мен дәрігердің тағайындауы бойынша аппаратты қосып, пневмоэффект беріледі. Соның әсерінен бұлшықет пен жүйке талшықтары стимуляция алады. Әр жаттығудан соң балада үлкен жады қалыптасады. Бұлшықетке тонус берілген соң, аяқтың сіңірі қатаяды. Термокостюмдер өлшеміне қарай 3-18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Денесін мүлде ұстай алмайтын церебралды сал ауруының ең ауыр түрінде бала «Атлант» косюмін киіп, барлық жаттығуларды осы костюмді киіп жүріп істейді. Бұл бұлшық ет тонусын дұрыстау үшін қажет. Шамамен 10 рет жаттықса, 2-3 айға жететін әсер береді. Екінші қабаттағы арнайы оқудан өткен неврологтарымыз Диспорт дәрісімен инъекция салады. Буындары жаттығуға ыңғай бермейтін балалардың тонусын сондай химиялық дәрмекпен төмендетеді. Сосын массаж, ЛФК жасалады. Бұның әсері әркімде әрқалай, бірінде жарты жылға жетсе, біріне бір жылға жарауы мүмкін.
Гейзер ваннасында ауаның көпіршіктері шыққанда бала су асты гидро массажын алады. Сондай-ақ бірінші қабатта Посейдон деген екі құрғақ ваннамыз бар. Онда бала сумен байланыспайды, төсекке жатады, ал төсектің астында 37 градусқа дейін жылытылған су болады. Сонда бала ғарышта жатқандай әсер алады. Төсек төмен түскенде ем басталады. Тонусы төмен балаларға өте жақсы көмектеседі. Ал гипертонусы бар балаларға мұндай ем болмайды. Қарсы әсері бар, — дейді Айгүл Октябрқызы.
№2 Реабилитациялық орталықта 9 айлық баласына ем алып жатқан Гүлжамал Қонысова мұндағы ем-домға, медқызметкерлерге сондай разылығын жеткізді. 38 жасар ананың үшінші перзентінің дамуында кешеуілдеу болыпты. «Алғаш рет 6 айлық кезінде келдік. Тіркелген емханамыздағы терапевт пен неврапатолог осында жолдамамен жіберді. Балада уақытына сай қимыл-қозғалысы болмады. Бірінші келгенде аунай алмайтын, басын ұстамайтын. Ем шараларды алып бастаған 3 күннен соң аунай бастадық. Қазір 9 айлық кезінде екінші курс ем алу үстіндеміз. Емнің төртінші күнінде балам екі қадам еңбектеп бастады. Осындай орталықтың болғанына шүкір! Дәрігерлер мен медбикелер әр пациентке жылы қабақпен қарайды. Медқызметкерлерге алғысымды білдіремін. Денсаулығында кінәраты бар баланың ата-анасы да шаршайды, сондайда өздері көтеріп, қарасады, демеу көрсетеді. Осындай орталықтың көп болғаны жақсы. Ең бастысы, барлығы тегін. Барлығы жоғары білікті мамандар», — дейді Гүлжамал Құрманалықызы.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы