jasqazaq.kz

Зайнидин Құрманов: Қырғыз халқына ренжімеңіздер!

14 қазан 2017, 3:32

Осы аптада Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев тағы да қазаққа тиісті. Білдей бір елдің басшысына лайықсыз сөзі жауапсыз қалмады. Біздің үкімет жақсылықты тез ұмытатын саясаткерге қажетті жауапты берді. Ал өздері сайлаған басшыларының бұл мәлімдемесіне айырқалпақты ағайын не дейді? Бұл жайында «Жас қазақ» газеті Қырғызстан Жогорку Кенешінің (парламент) бұрынғы төрағасы Зайнидин Құрмановқа хабарласып, пікірін білген болатын.

Жас қазақ: Зайнидин Қарпекұлы, Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев қазақ пен қырғыз арасына от салатын тағы бір мәлімдеме жасады. Бұған қатысты ежелден бауырлас қырғыз халқы қандай баға беріп жатыр? Сіз не айтасыз?
Зайнидин Құрманов:
Қазақ бауырларымызды ел билігінен кетіп бара жатқан президенттің бұл сөзіне көңіл алмауға шақырамын. Себебі ол көбіне эмоцияға беріледі. Өткен жолғы айтқан мәлімдемесін де солай бағаласаңыздар болады. Енді жаңа сайланатын президент сол көршілес жатқан елдермен байланысты жақсылап орнатуы керек. Олай болмаған жағдайда геополитикалық тығырыққа тірелген еліміздің дамуы екіталай. Сауда-саттық, экспорт, импорт, жалпы, ел экономикасының дамуы үшін жаңа қадамға баруымызға тура келеді. Осыған дейін тек Қазақстанға қатысты емес, өзге де көршілерімізге президент тарапынан қатты-қатты сөздер айтылды. Атамбаевтың мұндай мәлімдемелеріне құлақ үйреніп қалғанымен, ертеңгі күні бізге зияны тиіп кетпесе екен деген тілек бар. Өткен жолы АҚШ-та өткен президент сайлануына қатысты да орынсыз пікір білдірді. Сол себептен оның бұл сөзіне байланысты қырғыз халқына ренжімеңіздер! Бәрі қалпына келеді. Жуық арада жаңа басшы сайланады. Қазақ пен қырғыздың бір-біріне деген көңілі баяғыдай. Біз тек көршілес жатқан ел емеспіз. Біз бауырлас елміз. Менің ойымша, қандай президент келмесін, екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан байланыс үзілмейді деп ойлаймын. Себебі қазақ пен қырғыз – түбі бір туыс, еншісі бөлінбеген бауырлас халық.
Жас қазақ: Алдағы жексенбі күні өтетін президент сайлауына қатысты не айтасыз? Қай үміткердің мүмкіндігі мол?
Зайнидин Құрманов: Дауыс беруге аз күн қалды. Содан кейін нақты анықталар. Қазір билік өкілдері мен оппозиция арасында бәсеке қызып тұр. Бүгін ең басты үміткердің бірі – Өмірбек Бабановты сайлауға қатыстырмауы мүмкін деген әңгіменің шеті шықты. Оған осыған дейін 4 рет ескерту жасалған деседі. Ал біздің заң бойынша ескерту 4 рет жасалса, сайлауға қатыстырмайды. Ресми ақпарат әлі шыққан жоқ. Не боларын бәріміз күтіп отырмыз. Сайлауға аз уақыт қалғанда ең басты қарсыласты алып тастау аздап күмән тудырады.
Жас қазақ: Жалпы қырғыз ағайындарымыз осы сайлаудың нәтижесінен қандай өзгеріс күтеді?
Зайнидин Құрманов: Қазіргі таңда үміткер арасындағы саяси күрес өте қарқынды. Ең бастысы, отандастарымызды кімнің президент болатыны емес, одан кейінгі тыныш өмір сүру көбірек толғандырады. Қандай да бір саяси шиеленістен кейін қарапайым халық зардап шекпесе екен деп отыр. Қырғыз бауырларыңыз қайта толқу болғанын қаламайды.
                                                                                                                                       Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы

27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже