Қызылорда: Open мен ОК немесе қысқартуға неге құмармыз?

14 сәуiр 2017, 18:54

Бүгінде болмашыдан сенсация жасауға мәтіби болып алдық. Оны жасырудың да қажеті жоқ. Қалғаны оқырман мен көрерменнің пайым парасатына байланысты. Күніне жүздеген, тіпті, мыңдаған ақпаратты естіп, көріп жүрміз. Алайда оның ақ-қарасын анықтау өзіңіздің еншіңізде, ағайын!

Созбақтамай сүбелі сөзге көшейік. Қазіргі күні ана тіліміздің айбаты, одан қалды, қайраты қайтып қалғаны анық. Мойындаңыз, мойындамаңыз, шындығы сол. Тіл – саясат. Ал саясатқа селқос қарасаң, жар астындағы жауың жығып салады. Қайтпек керек? Оған қарсы қандай күш бар?
Жақында Қызылорда қаласының әкімдігі жанынан «Open Kyzylorda» деген жоба іске қосылды. Жоба аты қазақша болғанда қатып кетер еді?! Құптаймыз. Қолдаймыз. Себебі, бұл – ұтымды бастама. «Open Kyzylorda»- ға «Watsapp» мессенджері 8702 887 11 11 нөміріне толғандырған сауалыңызды жолдайсыз. Және оған үш күн ішінде жауап ала алатын көрінеді. Несі жаман? Бірақ. Тұрғындардың сауалын қабылдаған соң «Ок» мәлімдемесі арқылы сауалыңыздың қабылданғаны жөнінде жауап келеді. «Ок» сөзі қазақшалап айтқанда, «сіздің сауалыңыз назарға алынды» немесе «сіздің хабарламаңыз тиісті органға ұсынылды» деген мағына білдіреді екен.

– Аталған жоба бойынша жұмыс жасау үшін ішкі саясат бөлімінен арнайы маман бекітілді. Сондай-ақ, барлық бөлімдер мен ауылдық округ және кент әкімдіктерінде, арнайы қызметкерге жобаға келіп түскен сұрақтарға жауап беретін арнайы мамандардың бекітілгенін және «Open Kyzylorda» жобасына мүлдем қаражат бөлінбегендігін, ешқандай тараптан қаржыландырылмайтынын, қоғамдық негіздегі тұрғындармен тиімді байланыс орнатуға бағытталған жоба екендігін хабарлаймыз. Жоба алғашқы айда пилоттық негізде жүзеге асырылуда. Жобаның жүзеге асуына және басқа да ұсыныс пікірлеріңіз болған жағдайда басшылыққа алынатын болады,— дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуаныш Жанұзақов.

Гәп осы жерде. Ағылшынша «Ок» демей-ақ, ана тілімізде әлгіндегідей жауап берсе қуанар едік. Алайда… Мүмкін бұл кішкендей ғана нәрсе ғой деп көз жұма қарасақ, келесі жолы не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Оның үстіне 95 пайызға жуық таза қазақтар тұратын Сыр елінің атына бұл – сын. Әлде, Қызылорда қаласының әкімдігіндегілер АҚШ-тың бір штатында өмір сүріп жатырмыз деп ойлай ма екен? Айтпақшы, осы мәселе төңірегенде жауаптылардан сұрағанбыз.

– Жоба іске қосылғандығы туралы ресми хабарланған сәтте «ок» мәлімдемесінің қандай мағына беретіндігі түсіндірілген болатын. Бұл жөнінде қалалық газеттер мен әлеуметтік желіде де жарияланды. «Ок» сөзі — «хабарламаңыз назар алынды», «тиісті органға ұсынылады» деген сияқты, т.б. ұзын тіркестегі мағыналарды білдіреді. Қазірдің өзінде бұл қызметке тұрғындардан күніне 10-15 аралығында сауалдар мен мәселелер түсірілуде. Әрбір хабарламаға қысқа әрі нұсқа түрде «ОК» мәлімдемесі білдіріледі,— дейді Қызылорда қалалық ішкі саясат бөліміндегілер біздің фейсбук парақшамыздағы постқа жазған пікірінде.
Бұқара билікке базынасын айтып барса болды, олар ылғи заңнаманы алға тартады. Жарайды. Оған да көндік. Бұ, мәселеде заң не дейді? ҚР тіл туралы заңы 2-тарауының (Тiл — мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында) 11-бабында (Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi) «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi»,- делінген. Ал Қызылордада «қаңғып» жүрген қай американдық немесе француз. Мұндайда ақын Абай «кейде ызадан да күлемін»-, деген екен.
Күйесің-ау. Қазақша үш сөз ұзын-сонар тіркес екен, әкімдіктегілер «Абай жолын» оқыды ма? Ондағы сөйлемдердің сұрқы «сұмдық» екенін есті қазақ жақсы біледі. Ең қызығы сол, күніне 10-15-ақ сауал түсетін көрінеді. «Жұмыс шаш етектен» деп ақтап алуға тағы келмейді… Әлеуметтік желілер мен газет-журнал оқымаған кей тұрғын «ок» сөзін қайдан түсінсін. Әлде, әкімдіктегілер «ок»-леп жұмыс тындырып жүр ме екен?
Түйін. Қазақ тілінің құты қашып, дел-сал боп тұрғанда қызылордалық ақжағалылардың мұнысына жол болсын!

Қозы Көрпеш Жасаралұлы
Қызылорда қаласы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?