Үзілген үміт

10 желтоқсан 2021, 11:42

«Егер сіз мәселені цифрларға сүйене отырып, таза ғылыми тұрғыдан шешуді ойласаңыз, басыңыздың размерінің тура жартысын көрсететін цифрды алыңыз да, оны бойыңыздың ұзындығына көбейтіп, сонсоң салмағыңызға бөліңіз… Сонда жер-көктен іздеп таба алмайтын ақиқат ақпарлар сіздің қолыңызда болып шығады!»
(Әзиз Несиннің «Цифрлар сөйлесін» әңгімесінен)

Жазшы осыны…

Екі-үш күн болды, телефонға тыным жоқ. Зейнетақы қорындағы артық ақшасын осы күнге дейін алмағандар мұнша көп болар ма. Әй-шәй жоқ, «не боп жатыр өзі» бас салады. Не болушы еді? Өзім де есеңгіреп отырмын. Қайта сендерде алатын ақша бар екен, ал менің қордағы жинағым 3 млн теңгеден сәл асады. Жеткіліктілік шегіне (тіл күрмелетін осы сөзді кім ойлап тапты екен) бұл жалғанда жете алмайтыным анық. Сондықтан мені жайыма қалдырыңдар деймін. Жоқ, бәрібір тыныштық бермейді. Міне, тағы бір танысым қоңырау шалып тұр. Тұтқаны көтерсем, ар жағында «Жазшы осыны, жазшы осыны» деп жатыр екен. Таңырқап та үлгермедім, «Әкел бері, әкел бері!» деген әйел дауысы шықты. «Кім бұл, кім бұл?» дедім.

– Біз ғой, біз! Мына құрдасың кешеден бері осылай тұтығып қалды. Бір сөзді айта береді, айта береді (тьфу, бұл бәле маған жұқты ма). Не істерімді білмей тұрғаным.

Енді таныдым. Ауылдағы Ғалиевтер отбасы. Отағасы мектепте мұғалім, бәйбішесі өмір бойы бала бағудан қолы тимеген адам. Көптен бері таныс-біліс болғасын күн-түн демей қоңырау шалатындардың бірі.

– Не істейм, не істейм? – деді мұғалімнің әйелі дегбірсізденіп.

– Перезагрузка жаса?

– І-і-і… түсінбедім?

– Тамаққа шашалғанда желкесінен түйіп-түйіп жібермей ме, сен де солай көк желкеден түйгіштеп жібер. Тамағына сөз тұрып қалған шығар.

Шынымен күйеуінің арқасын жұдырықтады ма, анау мүдірмей сөйлеп кетті. Ойпырмай, кешеден бері ішіне сөз толып қалған ба, тоқтайтын түрі жоқ. Сондықтан жазып алудан басқа амалым қалмады.

Мұғалімнің монологы

Былтыр әлгі жалғыз қыз университет бітіріп еді ғой. Пандемияның кесірінен бір жылы босқа кетті. Жақында ғана жұмысқа тұрды. Ол да менің жолымды қуып, мұғалімдікті оқығанын білесің. Колледжде сабақ береді. Мына құрдасың екеуміздің жоспарымыз нән еді. Биыл әлгі зейнетақы қорындағы артық ақшаны алуға болады деген заң шыққасын, қанша жиналды екен деп мен де жинағыма үңілдім. Сөйтсем, о керемет, 6 млн теңгеден асыпты! Әне бір жылдары жақсы қызметке қолым жетіп, жоғары жалақы алғанда молынан түскен ғой. Әйтпесе, мұғалімдіктен 30 жылда мұнша жиналмас еді. Айлығымыздың көбейгеніне көп болған жоқ қой. Биыл 55-ке толдым. 55 жастағылардың төменгі шегі 5 060 000 теңге делінген. Пәтер алу үшін қызымның еңбек өтілі кем дегенде алты ай болуы керек екен. Ал мұның жұмысқа тұрғанына үш ай да өткен жоқ. Келесі жылға дейін әлгі 6 миллионның үстіне тағы ақша қосылып, бастапқы жарнасын төлеуге жетіп қалар деп мәз боп отырғанбыз.

Енді қарашы, кедейге келгенде бәрі қырсық қой. Кешеден бері төменгі шекті өсіргенін естіп есеңгіреп отырмыз, есеңгіреп отырмыз, есеңіреп…
Дүңк, дүңк (бәйбіше төмпештеп жатыр, білем)

Райынан қайта ма?

Бұл қалай болғаны? 55 жасқа қандай шек қойылғанын көрген шығарсың. Бұрынғы 5 060 000 теңгенің орнына 8 340 000 теңге депті. Әрі ол жыл сайын өсіп отырады екен. Құдды жеткізбейтін сағым болайын деп тұр… Ақпарат құралдары «20 жастағылар 3 140 000 теңгені қайдан жинасын» деп жарыса жазып жатыр. Әй, ол боқмұрынның бүкіл өмірі алда емес пе? Менің қазіргі жасыма жеткенше 35 жылы бар. Ол жинап үлгереді, ал мен сияқтылар ше? Зейнетке шығуыма 8 жыл қалды. 8 жылда мына цифрға жетем бе? Ғайыптан ғайып бір үлкен қызметке ілікпесем (әй, қайдам). Соны ойлаған жан баласы бар ма? Кім шығарды бұл шешімді? Еңбек министрлігі өзінше есеп-қисап жасап, әне бір әдістемесін тықпалап қоймайды. Тыңдашы, міне, әнеукүні министрліктің баспасөз қызметі мынадай хабарлама таратты:

«Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тиімділігі еңбек кірісі болмаған кезеңдегі салымды зейнетақы төлемдерімен алмастыру деңгейімен айқындалатынын ескерсек, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысымен бекітілген төмен жеткіліктілік мөлшерін айқындау әдістемесі бойынша зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау кезінде ең төменгі жалақы мөлшері, сондай-ақ ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты көрсеткіштер пайдаланылады және «Республикалық бюджет туралы» Заң бойынша жыл сайын индекстеледі».

Мына жазбаны біз секілді жұмыр басты пенде түгілі, шайтан түсіне ме?

Айтпақшы, еңбек министрлігінің өзі де әбден шатасты. Оқыдың ба ол туралы? 7 желтоқсанда қолданыстағы заңға да, зейнетақы жинағының ең төменгі шегімен байланысты нормативтік актілерге де ешқандай өзгеріс енгізбегені, барлық есеп-қисап БЖЗҚ тарапынан жүргізілгені туралы ақпарат жариялады. Ертеңіне сол сөзінен тайқып шықты. Әлгі жазбаны таратқан министрлікте отырған бір жүгермек-мыс. Итім сене ме?

Жыл соңына дейін бір айға да жетпейтін уақыт қалды. «Үмітсіз – шайтан» деп мында біреулер жүгіріп жүр. Алып қалудың амалы да. Мына құрдасың «біз де өтініш беріп көрейік» деп қылқылдап қояр емес. Сөз түсінбейді. Өтініш берген күннің өзінде оны мақұлдай ма? Қыздың еңбек өтілі де, жалақысы да жарап тұрса бір сәрі.

Біреулер наразылық ретінде петицияға қол жинап жатыр екен. Одан не пайда? Байқаймын, бұлар айтқанынан қайтпайтын сияқты. Ең төменгі жалақының өскенін айтып, бәрі дұрыс, заңға сай дегеннен танар емес. Рахым Ошақбаев деген экономист министрліктің әдістемесінен қате тапқан көрінеді. Бірақ аналарда үн жоқ…

Сонда мен секілді пақырлар не істейді?

Қалай ойлайсың, райынан қайта ма аналар, қайта ма, қайта ма…».
Шынымды айтсам, білмеймін, білмеймін, білмеймін…

Гүлнар Ахметова

Бет қатталып жатқанда:
Мемлекет басшысы Үкіметке зейнетақыны пайдалану бойынша шекті межені 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көтермеуді тапсырды.

Тақырыпқа орай

 «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) 2021 жылғы 7 желтоқсанда таратылған баспасөз релизінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін (бұдан әрі – жеткіліктілік шегі) белгілеу мәселесінде Еңбекминінің құзыретіне қатысты бұрыс тұжырымға жол берілгенін хабарлайды. Осы баспасөз релизін Еңбекминінің ресми сайтында, аккаунттарында және әлеуметтік медиада орналастырған қызметкерге тиісті тәртіптік жазалау шаралары қолданылды.

Еңбекминінің ресми ұстанымы өзгеріссіз қалады. Министрлік зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін (бұдан әрі – әдістеме) әзірлеуші болып табылады.
2021 жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша әдістемеге өзгерістер енгізілген жоқ және жоспарланбаған, өйткені оның ағымдағы нұсқасы қазақстандықтарға болашақ зейнетақы төлемдерін қолайлы деңгейде қамтамасыз етудің қажетті өлшемдеріне толық сәйкес келеді.
Әдістемеге сәйкес жеткіліктілік шегін есептеудің негізгі параметрлерінің бірі күнтізбелік жылдың басындағы ең төменгі жалақы болып табылады. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның өзгеруі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеткіліктілік шегі автоматты түрде қайта есептеуге әкелді»

(Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігінің сайтында
жарияланған ақпарат)

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген