jasqazaq.kz

Ұстаздан жазушы жасау міндет емес

03 желтоқсан 2021, 12:52

Орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің жалақысы артқаны олардың әлеуметтік тұрмыстық ахуалын жақсартуға септігін тигізгені анық. Дегенмен де «алмақтың да салмағы» ауыр. Жалақысы еселенген мұғалімнің тапсыратын тесті де, өтетін сынағы да бар.

Білім және ғылым министрі қараша айының орта тұсында 2016 жылы қабылданған бұйрыққа өзгеріс енгізді. Бұдан былай мұғалімдердің біліктілігін пайымдайтын аттестациялау жүйесі өзгеше болмақ. Министрдің мұндай өзгеріс енгізгеніне кейбір мұғалімдер қарсылық білдірді. Әлеуметтік желіде жан-жақтан иін қандыра талқылап та жатыр. Сонымен онсыз да алдындағы отыз оқушының ой-қиялын қайырамын деп көңілі қабаржып, жұмысынан дел-сал болып шығатын мұғалімнің көңіл пернесіне кері әсер еткен қандай өзгерту?

Ендігәрі мұғалімдер тест тапсырған соң жарты сағат уақыттың ішінде эссе жазу керек. Білім және ғылым министрлігіне қарайтын мектепке дейінгі және орта білім комитеті министрдің мұғалімдерге эссе жазу талабын былай түсіндірді: «Аттестациядан өту процесіне жаңа кезең – эссе жазу енгізілді. Эссені мұғалімдер ҰБТ (ұстаздар тапсыруға тиіс Ұлттық біліктілік тестілеуі) бітіргеннен кейін электронды форматта бірден жазады. Жалпы берілетін уақыт – 30 минут. Сөздердің саны – 250-300 сөз. Жазбаша эссе мұғалімнің жеке кабинетінде ngt.testcenter.kz сілтемесі бойынша көрсетіледі».

Былай қарасаң, 300 сөз дегенің әрқайсысын он сөзден жазғанда он-ақ сөйлем. Жарты сағат уақытта он сөйлеммен эссе жазып шығу аса күрделі де емес. Бірақ аттестациядан өту үшін тестіден басы қатып, қалжырап шыққан мұғалімге «ал енді эссеңді жазып бер» деу қаншалықты орынды? Мұғалімдер арасынан министрдің осынау өзгерісіне наразылықтыу тууы да заңдылық. Кейбір мұғалімдер «жазар едік, уақыт тығыз болып, үлгере алмаймыз» деген уәж айтқасын, эссе жазу уақытын 1 сағатқа созу ойластырылып жатқан көрінеді. Сонда мұғалімдердің тест тапсырып шыққан соң жазған эссесін кім тексереді? Бұған да министрліктің жауабы дайын: аттестаттау комиссиясының мүшелері тексеріп, баға қояды. Айтпақшы, эссені тек мұғалімдер ғана жазады. Білім ошағының басшысы, оның орынбасарлары, әдіскер секілді лауазымы жоғары саналатындар эссе жазбайды. Зейнеткерлікке 4 жыл қалған мұғалімдер де біліктіліктен өтуге міндетті емес еді. Ол мерзім де екі жылға қысқарыпты. Бұдан былай жасы 61-ге толмаған кез келген мұғалім де аттестациядан өтеді.

Министр мұғалімдерге неге эссе жаздыруды міндеттеп отыр? Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Бірақ бәрі де көркем сөйлеп, айтар ойын қағазға әсемдеп төгіп береді дей алмаймыз. Ватцап желісіндегі топқа «қызыңыз лауреат болды» деп жазған бастауыш сыныптың мұғалімін де білеміз. Техникалық қателік, мүмкін асығыс жазды деп те ақтап алуға болады. Эссе жаздыру арқылы мұғалімнің сауаттылығы мен екі сөздің басын құрай алатынын тексеру дұрыс тәсіл. Тек мерзім мезетін өзгерту керек. Мұғалім тест тапсырған күні эссе жаздыруға салмақ салмай, жазу өнерін басқа уақытта сынап көруді жүйелесе дейсің. Ұстаздан жазушы жасау міндет емес қой.

Қуан Көшек

04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы
28 қараша, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды