Зайырлы мемлекет ұғымы Тәуелсіздік алғалы қоғам санасына түпкілікті еніп, әртүрлі ұлт пен ұлысты құшағына сыйғызған еліміз соншалықты дін мен діни конфессияларды да бір шаңырақ астына біріктірді. Дегенмен сенім мәселесіне келгенде мұқият назар аударатын дүниелер бар. Діни деструктивті ұйымдар осы бір ең нәзік сезімді пайдаланып, адам санасын улап, ойларына келгенін жасатып жүргенін жасыра алмаймыз. Мұндай ұйымдардың жұмысына, өзіне, басшыларына, ұйымдастырушыларына елімізде тыйым салынған. Соған қарамастан, астыртын жымысқы іс-әрекетін жалғастырып жүргендер бар. Енді қайтпек керек? Мұндай ұйымдардың қауіптілігі қандай? Сақтану жолдары бар ма? Еліміздегі діни тұрақтылыққа қатысты сұрақтарға дінтанушы Ернар Нұртайұлы жауап берді.
«Кей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқандай, «жастар діндар боп кетті, жастардың көбі діншіл болып кетті» деп айтуға келмейді. Егер мешіттің ішінен қарасақ, иә, жамағаттың көбі — жастар. Бұған себеп те бар. Қазір жастарға ақыл айтып отыратын қарияларымыз кезінде, яғни кеңес дәуірінде «дін — дұрыс емес» деген түсінікті санаға сіңіріп өсті. Сондықтан да олар мешітке көп аяқ баса бермейді. Керісінше, жастардың қызығушылығы жоғары. Ал олардың діни сауатына келсек, жалпылама білімі бар. Салалық негізге келгенде аса терең емес. Діни басқарма жастардың білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Олай дейтін себебіміз, Нұр-Мүбарак университеті бар, діни колледждеріміз ашылып жатыр. Оған мемлекет білім грантын бөліп отыр. Сондықтан сол жерде тәлім алған жастардың білімі өте жақсы деп айта аламын», — деді Ернар Нұртайұлы.
Бәленің басы білімсіздікте екені хақ. Оған қоса, сырттан келіп, жастардың санасын улап, өз ұстанымын сіңіртетіндер де жоқ емес. Дінтанушы дәстүрімізге жат ағымдардың қауіптілігіне қатысты алаңдаушылығын жасырмайды.
«Экстремистік ұйымдардан келетін қауіп зор. Мемлекет тұтастығына, қоғам қауіпсіздігіне, отбасы институтына, жалпы азаматтарымыздың бостандығына тікелей қаупі бар. Сенім деген нәрсе — адамдарды басқару үшін қолданылатын мықты қару. Бұрыннан қалыптасқан орнықты сенім болмаса, оны басқару, арам пиғылын жүзеге асыру оңайға соғады. Тәуелсіздік алып, енді ел болып келе жатқан тұста осы кеңістік бос болды. Сондықтан біз азаматтарымызды діни білім алу үшін шетелге жіберіп, олардың оқып келген білімді саралап, өзімізде діни оқытатын білім ордаларын ашқанға дейін сырттан келгендер қауіп төндірді», — дейді ол.
Ернар Нұртайұлының айтуынша, деструктивті діни ағымдардың арбауын екі тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншісі — сыртқы фактор. Ол — сырттан белгілі бір әлеуметтік желідегі мәлімет арқылы, шетелде оқуда жүргендердің санасын улау арқылы әсер ету. Ішкі арбау — жан күйзелісіне ұшыраған адам рухани жағынан олқылықты толтыру үшін іздене бастайды. Оның рухани ізденісіне қоғам толыққанды жауап бере алмаса, ол сырттан іздей бастайды. Әлеуметтік желіден ақпарат алып, тіпті ұстаз тауып алуы мүмкін. Өйткені қазіргі жаһандану заманында арбауға түсу оп-оңай.
«Мысалы, пансионаттарды алып қарайық. Пансионат төңірегінде оған қатысы жоқ адамдарға қармақтағы шылаушын секілді мәліметтер тасталды. «Жағдайымыз жақсы» деген секілді. Шетелден қамтамасыз етілген соң, әрине, олардың жағдайы жақсы болды ғой. Олар 2004-2005 жылғы студенттерді қызықтырды. Тамаққа шақырды, «шай ішеміз, сұхбат етеміз» деген секілді. Солай шақырғаннан кейін, «бізде бір рабыта дегендей белгілі деңгей бар, соған жеткен кезде біздің құпияларымызға иелік етесің» деген секілді адамдарды өздеріне қызықтырады ғой. Келіскеннен кейін, оған белгілі бір шарттар қойылады. «Басқа ұстаздарды тыңдамайсың, біздің айтқанымызды ғана мақұлдайсың, айтқанымызды орындайсың» дейді. Бұл — бір ғана мысал. Алдап-арбауға түсудің себебі, тоқ адам «шәй ішейік» десе, «қарным тоқ» деп айтады ғой, сол секілді рухани адам аш болған кезде рухани азық іздейді. Сөйтіп әр түрлі адамдардың қызықтыруымен жат ағымның жетегіне ілесуі әбден мүмкін. Олар жай ғана ұйымдар емес. Олар — психологиялық, экономикалық тұрғыдан ізденген, кімнің қандай олқылықтары бар екені, осал тұсын зерттеген, қолдарында үлкен мәліметтері бар ұйым. «Мынаның мынадай әлсіздігі бар, мынау қаржыдан қысылып жүр, мұқтаждығын өтеп берейік» деп алдауына түсіреді. Тағы бір мәселе — осыдан 20-30 жыл бұрын елде діни мамандардың тапшылығы болды. Жай ғана мешіт, медреседен білім алған имамдардың деңгейі әлемдік оқу орнынан тәлім алғандарға тойтарыс бере алмады. Сондай жағдайда кейбірі келіп, «міне, ұстаздарыңның, мешіт қызметкерлерінің айтып жатқаны дұрыс емес, біздің айтқанымыз шынайы» деп мәлімет беру арқылы адамдарды өздеріне тартып жатты», — дейді ол.
Бұл арада «ондай ұйымдардың мақсаты не» деген заңды сауал туындайды. Дінтанушы мұның астарында алпауыт күштердің әрекеті жатқанын айтады: «Негізгі мәселе — алпауыт елдер өздерінің белгілі бір мақсаттарын жүзеге асыруы үшін, белгілі бір жерді, белгілі бір адамдарды іздейді. Мысал ретінде, Қазақстан — қазба байлыққа бай ел. Оны шикізат ретінде пайдалану үшін айтқанын орындатып, ашса алақынында, жұмса жұдырығында ұстап отыратын қуыршақ керек болады. Сол жағдайда көбінесе осы арбау жүзеге асырылады. Іштен адам тартады».
Ернар Нұртайұлының айтуынша, қазір мұндай ұйымдардың қызметі тыйылып жатыр. Діни басқарма бар, құзыретті органдар барлығы жан-жақтан ескерту жасап, тұрғындарды теріс жолдан барынша сақтап қалуға тырысады. Ақпараттық тұрғыдан үлкен жұмыс жүріп жатқандықтан, теріс ағымдағы ұйымдар өз дегенін бұрынғыдай жасай алмайды. Олар тек бос кеңістік пайда болғанда ғана жұмысын күшейтеді. Түбегейлі құриды деу қиын.
«Сақтану жолы отбасы институтынан басталғаны дұрыс. Бала кезінен, имандылық, ибалық дәрістері берілуі керек. Екіншіден, қазір дінтану сабағы бар. Оны дінтанушы мамандардың жүргізгені дұрыс. Одан бөлек, діни деректер сұрыпталуы қажет», — маман.
Олжас Әбдіхалық
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді