Қазіргі таңда көпшіліктің лотерея, ұтыс ойындары секілді түрлі құмар ойындарына әуес болып кеткені туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ондайлардың санасын аяқ астынан байып шығатын бос қиял жаулап алған. Олар ертегіде айтылатындай кенеттен байып кетуді армандайды. Мұндай үрдіс әдеттегідей әр нәрсеге еліткіш жастарымыздың арасында қатты өршіп тұр. Осыдан бес-алты айға дейін «мастер-кит», «байлық кілті» сынды түрлі дискілерді сатып алып, сан алуан компанияларға тіркелу арқылы түк бітірмей-ақ баюдың жолын іздеу қатты белең алып кеткен еді. Ол әлі де жалғасуда. Бірақ қазір бұқараның бұдан беті қайтып қалған.
Есесіне, кейбіреулер қазір бақытты ұтыс ойындарынан, лотерея билеттерінен іздеуде. Олар аспаннан ақша жауатын күнді күтіп, қиял көгінде самғап жүр. Өкінішке қарай, ұйқыдағы халықты оятып, сергітетін, оларға кітап сатып алғызып, рухани кештерге баруға итермелейтін жалғыз құрал – лотерея билеттері ғана болып тұр. Мәселен, өткенде бір құрбыммен сөзге келіп қалдық. Даудың басы — еліміздің белгілі қайраткерлері ұйымдастырған «рухани» форумға сатылған билет. Қолы босамаған соң сол билетті алуына мен көмектескенмін. Бірақ, мен әперген билет сол форум соңында ойнатылатын ұтыс ойынына қатыстырылмайтын болып шығыпты. Осыны естіген құрбымның бұлқан-талқан болмасы бар ма? Сөйтсем, оның көздегені – бір жағынан, руханиятқа сусындай отырып, екінші жағынан, пәтер, автокөлік немесе басқа да бағалы сыйлықтарға ие болу екен. Яғни «бір оқпен екі қоян ату».
Әлгі форум билеттерінің ең арзаны 10 мың теңгеден басталады. Жарнамасы бірнеше апта бұрын басталып, билет аса үлкен белсенділікпен сатылғанына өзім куә болдым. Құрбым бұған дейін де әртүрлі ұтыс ойындарына қатысқанын, бірақ осы күнге дейін бірде-бір ұтысқа ие болмағанын айтып қынжылды. Менің құрбым – оңай олжаға кенелуді көздеген бүгінгі қазақ қоғамы айнасының, бір ғана мысалы. Мұндайлар мыңдап, тіпті миллиондап жетіп артылады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, осыған дейін де замандастарымыздың бірі – психологиялық тренингке жүгініп, жеңіл ақша табудың жолын үйренсе, екіншісі – сондай тренинг өткізу арқылы жеңіл жолмен ақша табу үрдісі белең алып еді. Жалпы адамдар неге осындай оңай табыс көзіне үйір? Негізінен, бұған еліміздегі әлеуметтік жағдайдың себеп болып отырғаны белгілі. Алайда бұған дейін талай құқайды көрген қазақ, сонда да тәубесінен аттамай, барына қанағат қылып келді емес пе? Ендеше, біз осылай қанағатсыз, маңдаймызды терлетпей-ақ баюға неге үйір болып алдық? Ондайларды қазекем «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүретіндер деп, оңай олжаға құмарлықты онша ұнатпаған.
Олай болса, осы лотерея ойындарын қадағалап отырған қандай да бір ұйым немесе мемлекеттік орган бар ма деген сұрақ өздігінен туындайды. Ондайлардың тірліктері қаншалықты заңды? Негізінен, еліміздегі «Лотерея және лотереялық ойындар» туралы заң бойынша, жеке тұлғалар немесе компаниялар қандай да бір лотореялық ойын ұйымдастырамын десе, «Сәтті Жұлдыз» АҚ-на өтініш жасап, екіжақты келісімшартқа отыру керек екен. Өйтпеген жағдайда, бұлардың бәрі заңсыз болып есептеледі.
«Сәтті Жұлдыз» АҚ-ның баспасөз хатшысы Әсемгүл Сыздықова Jas qazaq-қа берген сұхбатында «Негізінде, ондай заңсыз әрекеттерді қадағалау мемлекеттік құзырлы органдардың міндеті болып табылады. Міне, қазір айналдырған бір аптаның төңірегінде біздің қоғамға дәл осы мәселемен қазақ тілді БАҚ өкілдері хабарласып жатыр. Яғни сондай лотерея ойындарына қатысушылардың басым көпшілігі қазақ тілді аудитория. Бұл жалпы әлемде бар үрдіс. Алайда біз қандай да бір жеке тұлғалар мен компаниялардың ойындарына көңілі толмаған азаматтар өз құқығын еш жерде қорғай алмаймыз. Себебі олардың өздері заңсыз әрекетке барған болып саналады. «Лотерея және лотереялық ойындар» туралы заңда «Сәтті Жұлдыз» АҚ-мен келісімшарт жасасқан лотерея ұйымдастырушыларының одан кейін нақты қандай іс-әрекет жасайтыны жазылмаған. Бұл – осы заңның осалдығы. Осы уақытқа дейін бізге өздерінің құқығын даулаған азаматтар көптеп хабарласты. Алайда олар қатысқан ұтыс ойыны мен өздерінің іс-әрекеті заңсыз болып табылғандықтан, біз оларға ешқандай көмек көрсете алмадық. Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе — коммерциялық компаниялар өнімін жарнамалап, өздерін дамыту мақсатында «бір шоколад алсаң, мынадай ұтысқа ие боласыз» деген секілді, жарнамалық ойын ұйымдастырса, бұл заңсыз болып табылмайды», – деп, ұтыс ойынының қыр-сырын түсіндірді.
Негізінен, «Сәтті Жұлдыз» АҚ 2017 жылдың 10 ақпанында үкімет қаулысымен Қазақстандағы ресми оператор болып таңдалған. Байқап отырғанымыздай, халықтың санасын жаулап, әлеуметтік желі арқылы ақша табушылардың бірде-бірі мемлекетке ешқандай салық төлемей отыр.
Соңғы уақытта өнер жұлдыздары мен танымал тұлғалар лотерея ойындарының сан алуан түрін ұйымдастырып жүр. «3000 теңгеге билет сатып алсаңыз, кемінде 30 миллион тұратын қымбат көлік ұтып аласыз» деген секілді сан алуан жарнамаға еліткен жастар сондай парақшалар мен оларды жүргізетін тұлғалардың табынушысына айналып болды. Көктен іздегені жерден табылған сондай жұрт белі талып еңбек істемей-ақ мал табуға шындап кіріскен сыңайлы. Мәселен, ұтыс ойындары онлайн режимде ойнатылатын күні жұмысынан сұранып, үйіне қайтып телефонға телмірген қаншама таныстарым бар. Сондайда, жұрттың бәрі жұмысты тастап, жаппай лотерея қорытындысын аңдуға кіріскендей әсер қалдырды маған. Ұтыс ойнатып жүргендердің де көздегені ақша екені даусыз. Олар ұтыс билетін сатудан түскен ақшамен өздері тіккен ақшалай немесе заттай жүлденің ақшасын екі-үш есе қып өндіріп алады. Осындай құмар ойынының жарнамасы жасалып, халықты құлақтандыратын жер – инстаграм, фейсбук сынды әлеуметтік желі.
Жұртты жарылқаушы әртістермен бірге, халыққа әжептәуір ақыл айтып, имандылық пен сауапты іске шақырып жүрген «Ислам насихат», «Имандылық нұры» сынды парақшалар да көлік пен пәтер тігілген ойынға шақырады. Тіпті Умра қажылығына дейін ойнатылып жүргеніне куәміз. Бұл мәселеге дініміз қалай қарайды?
Осы сауалымызды Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі Ерсін Әміреге қойдық. Jas qazaq-тың сұрағына берген жауабында, ол «Бұл мәселені бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншісі, қандай да бір адам ақша төлеп ұтысқа қатысатын, қатысуға құқық беретін билетті (лотерея) сатып алады. Яғни тек қана соған қатысу үшін ақша төлейді. Ақша төлеп, оның есесіне ешқандай тауар сатып алмайды. Тек қана сол ойынға қатысу құқығын алады. Бұл – шариғатымызда харам болып саналады. Бұған дінімізде рұқсат жоқ. Екіншіден, қандай да бір адам бір затты сатып алуға ақша төлейді. Бірақ дүкен немесе супермаркет тарапынан, яғни тауар иесі тарапынан ойын ойнатылады. Кімде-кім белгілі сондай сауда жасайтын болса, ол да ұтысқа қатысушылардың қатарына кіреді. Сөйтіп уақыты келгенде оның да билеті басқа ойыншылармен бірге ойнатылады. Мұндай жағдайда, ғұламаларымыз бұны да харам ойын қатарына жатқызады. Мәселен, сіз сатып алған тауар негізгі бағасынан қымбатқа сатылуы мүмкін. Демек, ол да харам деген сөз. Айталық, сіз алған тауардың құны базарда немесе басқа да сауда орындарында 2 мың теңге делік. Бірақ ұтыс ойынын ұйымдастырып жатқандар оны 3 мың теңгеден сатып жатыр. Сіз 3 мың теңге төлеп сатып аласыз. Яғни 2 мың теңгені тауарға төлейсіз, ал 1 мың теңгені әлгі ойынға қатысу үшін төледіңіз. Егер осылай бағасын қымбаттататын болса, ойынға қатыстыру үшін дүкендегі, базардағы бағасынан қымбат етіп ұйымдастыратын болса немесе соны ұйымдастырамыз деп тауардың сапасын төмендететін болса, онда бұл да ғұламаларымыз тарапынан харам болып табылады. Үшінші жағдай, тауардың бағасы қымбаттатылған жоқ, сапасы нашарламады. Алайда өзіне көбірек тұтынушы тарту үшін сондай ойындар ұйымдастырып жатыр. Бұл жағдайда ислам ғұламалары екі түрлі пікірге бөлінген. Бірі құптайды. Екінші бір ғұламалар тобы «бұған рұқсат жоқ» дейді. Себебі адам сол затты сатып аларда ұтысты көздейді, содан бірдеңе дәметеді. Соған дейін сол дүкеннен сауда жасауға көңіл бөлмей, кез келген дүкеннен алып жүрген болса, демек оның мақсаты – лотереяға қатысу. Яғни харам» – деп түсіндірді.
Қазақ пен ислам егіз ұғым. Ендеше, ислам аясына сыймайтын азғындыққа апаратын іске құмарту – Алланың әміріне қарсы шығумен тең. Алайда қусаң жеткізбейтін қу дүние мен байлыққа адамның көзі еш уақытта тойған емес. Ендеше, ақпарат көздері дамып, сауатты халықтың саны артып жатқан қазіргі заманда керісінше, харам мен халалды шатастыру – өзіңе-өзің ор қазумен бірдей.
Ғаламтордан оқыған мына хадистегі:
«Судың ішіндегі балықты сатып алмаңдар. Шынында, ол — ғарар (ықтималдық)». (Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд риуаят еткен). Себебі судың ішіндегі балықтың қармаққа ілінетіні, не ілінбейтіні белгісіз. Балық қармаққа ілінеді деген күннің өзінде, қандай балық шығатыны анық емес. Сол себепті пайғамбарымыз ауланбаған балықты сатып алуға тыйым салған. Ғарар дегеніміз – соңы бұлыңғыр, болары не болмаса білінбеген ықтималдық. Бұдан лотерея билетіне дінімізде қаншалықты деңгейге тыйым салынғанын бағамдай беруге болады.
Нұргүл Жамбылқызы