«Kazakh TV» телеарнасы жаңа форматқа – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын көп арналық хабар тарату жүйесіне көшті. Енді, цифрлық телевидениенің абоненттері бағдарламаларды өздері қалаған үш тілдің кез келгенінде тамашалай алады.
Бөл жөнінде «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымы Алмагүл Ахметжанова: «Kazakh TV» телеарнасында сан алуан жобалар шығады. Олар Қазақстан туралы білгісі келетін шетелдіктер мен жаңа дүниелерді танығысы келетін өз азаматтарымыз үшін де қызықты. Біз барлық көрермендерімізге бағдарламаларды кез келген уақытта өзіне ыңғайлы тілде көру мүмкіндігін қуана ұсынамыз» деді.
Тілдерді ауыстыру үшін пульттің көмегімен мәзірден «аудио» бөлімендегі үш тілдің біреуін таңдау қажет. Мұндай мүмкіндік қазақстандық телевизияда алғаш рет жасалып отыр. Сондықтан бұл формат халықаралық теленарықта арнаның бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ кабельдік және жерсеріктік желі операторларының қызығушылығын арттыруға ықпал ететін жаңа кезең болмақ.
Айта кетейік, бұрын телеарна елімізде 50% мемлекеттік және 50% орыс тілдерінде, ал шетелде қазақ және ағылшын тілдерінде теңдей хабар таратты. Тілдік блоктар әр 3 сағат сайын ауысып отыратын. Ал, жаңа форматқа көшу көрермендер үшін тілдік кедергіні жояды. Тағы бір артықшылығы жүз пайыз ағылшын тілінде хабар тарату «Kazakh TV» арнасына шетелдік аудитория санын ұлғайтуға және біздің еліміздің мәдениеті мен тарихы, туристік және инвестициялық артықшылықтары туралы бүкіл әлемге тереңірек таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз жаңа форматтағы арнаны Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдерде де тәулік бойы қарауға болады деген сөз.
Трансформация үшін арнаның техникалық және өндірістік мүмкіндіктері мен қабылдау, сақтау және эфирлік хабар тарату жүйесі жаңғыртылды. «Отау ТВ» желісінде Қазақстан аумағында сигнал таратуға және оны 100-ден астам елді қамтитын жерсеріктерге жеткізуге арналған инфрақұрылым дайындалды.